Man walks down the people mover in an airport Getty Images

Италиялықтар елден кете бере ме?

МИЛАН – Италиядағы популизмге қарай ойысқан, айқын жеңімпазы жоқ жалпыұлттық сайлау ұзақ саяси тығырыққа бастап, қажет болған құрылымдық реформаларды тоқтатып тастайтын сыңайлы. Дегенмен бұл тығырықтың және «бұл ел бәрібір өзгермейді» деген сезімнің тағы қауіпті әсері болуы мүмкін. Соның кесірінен оншақты жыл бойы жалғасып келе жатқан тенденция одан әрі жалғасып, Италияның ең талантты азаматтарының шетелге кетуі үдей түсуі мүмкін.

2007 жылдан бері 1,5 миллионнан астам Италия азаматы елден кетіп қалған, бұған бұрыннан экспат болып жұмыс істеп жатқан 4 миллион италиялықты қосыңыз. Кең ауқымда алып қарасақ, қазір Италия халқының шамамен 8 пайызы шетелде тұрады. Бірақ шынайы цифр бұдан да көп болуы мүмкін. Италиялық экспаттар тегін денсаулық сақтау сияқты қызмет түрлерін пайдалану үшін барған елдерінің үкіметтеріне шынайы тұрғын мәртебелерін айтпайды.

Бұл эмигранттардың шамамен үштен бірінің университеттен алған дипломдары бар. Олардың көбі - қаржы, консалтинг, ғылым, архитектура және құқық салаларында жұмыс істейтін жоғары білікті мамандар. Әлемнің Силикон алқаптарында өте табысты компанияларды құрған италиялықтар туралы аңыздар да жетерлік.

Оларды негізінен Франция, Германия, Ұлыбритания және АҚШ магниттей тартады. Лондон қаласы Рим, Милан, Неаполь және Туриннен кейінгі Италияның «ең ірі қаласы» саналады, себебі онда 250 мың италиялық тұрады. Батыс Еуропадағы трендке ұқсамайтын бір тенденция - Брекзиттің өзі Италиядан Британияға көшті азайта алмады.  Бұл - елдегі жағдайдың қанағаттанарлық емес екендігінен хабар беретін белгі. Италиядағы қатып қалған еңбек нарығы, академиялық зерттеуге және стартаптарға лайықты қаржының бөлінбеуі, әлеуметтік-экономикалық жүйенің қарттарға көбірек бүйрек бұруы азаматтардың өз әлеуетін толық ашуына мүмкіндік бермейді.

Бірақ Италия тек білікті, амбициялы және болашақты болжай алатын қызметкерлерін ғана жоғалтып жатқан жоқ. Оның интеллектуалдық элитасы да елден үдере көшіп жатыр. Экономикалық ынтымақтастық және әріптестік ұйымының (OECD) 1996-2011 жылдардағы мәліметтеріне қарасақ, Италия - әлемнің барлық бөлігіне ғалымдарын таратып жатқан донор ел саналады.  Ол ол ма, Италия ортаңқол ғалымдарын алып қалып, ең ықпалды жарияланымдары бар ғалымдарын сыртқа жіберіп жатыр.

Экономика саласы бойынша қарасақ, Италияның 40 жасқа толмаған мықты экономистеріне екі жылда бір рет берілетін Карло Альберто медалін алған сегіз адамның жетеуі шетелдің элиталық университеттерінде жұмыс істейді. Ең жоғары дәрежелі таланттарды «тарату» бойынша да жағдай көңіл көншітпейді. Кейбіреулері ғана болмаса, Нобель сыйлығының, математика бойынша Филдс медалінің, архитектура саласындағы Притцкер сыйлығының, тіршілік ғылымдары саласындағы жетістік сыйлығының иегерлері карьераларын шетелде жасайды.

What do you think?

Help us improve On Point by taking this short survey.

Take survey

Бұдан Италия екі есе шығын көреді. Біріншіден, кетіп жатқандардың көбі әдетте елде мемлекет есебінен жоғары білім алады. Университеттің әр түлегіне шамамен 600 мың доллар жұмсалады. Демек, Италия 2007 жылдан бері жыл сайын ЖІӨ-нің 4-5 пайыздық пунктін жоғалтып келеді деген сөз. Екіншіден, қазіргі жағдаймен мүлде келіспейтіндер - экспаттар болғандықтан, Италия тоқыраудағы экономиканы алға сүйреп, технологияны дамытатын, яғни өзгеріске бастайтын ең басты адамдарды жоғалтып жатыр.

Егер Италия президенті Серджо Маттарелла біртұтас ұлттық үкімет құра алса, онда ол ең алдымен еңбек нарығы, қаржы секторы және зейнетақы реформасымен қоса білімділердің сыртқа кетуі мәселесін саяси күн тәртібіне қоюы керек. Бүкіл ұлтты толғандыратын мәселе болғандықтан, бұған ешқандай саяси күш қарсыласпайды. Үкіметтің бұл мәселеге ерекше назар аударып отырғанын дәлелдеу үшін келесі премьер-министр кабинет құрамын кеңейтіп, оған диаспора жөніндегі министр қыметін де енгізуі керек.

Ең идеалды жағдайда Италия өз таланттарының шетелге кетуіне тосқауыл қою үшін тиісті реформалар жасауы керек. Дегенмен, қазіргі парламент реформаға көп көңіл бөлсе де, бұл шаралардың нәтижесі ұзақ мерзімде ғана көріне бастауы мүмкін. Ал диаспора министрлігі таланттарды елге тарту, эммигранттардың отанға деген эмоциялық жақындығын күшейту сияқты қысқамерзімдік мәселелерге көңіл бөлуі керек. Тіпті шалғайда жүріп-ақ олар елге білім, ақша және инновация әкеліп, ұлт мүддесін халықаралық деңгейде насихаттап, шетелдегі зерттеу орталықтары мен жекеменшік компаниялармен әріптестік орнату арқылы Италияның өсіп-өркендеуіне үлес қосар еді. Шынайы өзгерістер болып жатса, олардың кейін елге оралуы да мүмкін.

Жаңа министрлік диаспораның картасын жасап, Италияның сырттағы білімдар адамдарының профайлдары мен білім-білігін жан-жақты зерттеуі керек. Соның арқасында білімдарлардың қаншалық көп кетіп жатқанын саралап, елдегі жұмыс береді-ау деген компаниялармен арада көпір болып, ең озық эмигранттарды филантроптық және менторлық жобаларға тартуға болар еді.  Бұған қоса, үкімет эмигранттармен ресми кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, инновацияны, кәсіпкерлікті және негізгі өнеркәсіп түрлерін дамытуға олардың идеялары мен тәжірибесін пайдаланып отыруы керек.

Бұл бағытта Ирландия керемет үлгі бола алады. 2009 жылы Ирландия «Әлем ирланды» деген бағдарламаны іске қосып, тиісті министрлік құрып, Ирландтардың ғаламдық экономикалық форумы сияқты нақты шараларды қолға алудың арқасында шетте жүрген үлкен диаспорамен байланысты нығайтып келеді. Диаспораның қолдауы, ұсыныстары және араластығы болмағанда Ирландия осыдан он жыл бұрынғы қаржы дағдарысынан шыға алмас па еді.

Италия ұзақ жылдан бері білімділердің кетуіне назар салмай келеді. Бір қызығы, қазіргі саяси итжығыс осы мәселені қолға алуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

http://prosyn.org/UNOoRvm/kk;

Handpicked to read next