8

Неліктен Еуропа әлі де қолма-қол ақшаға мұқтаж?

ФРАНКФУРТ – Еуропадағы төлем жүйелері үлкен өзгерістер алдында тұр. Сандық революция арқасында төлем операцияларын іске асыру үшін бұрын соңды болмаған, жылдам және ыңғайлы құралдар шығарылып жатқандықтан, қолма-қол ақшаның болашағы жоқ сияқты көрінеді. Бірақ экономикадағы банкноттар мен монеталар рөлін елемеу де үлкен қате болар еді.

Қолма-қол ақшасыз төлем жасау опциялары соңғы жылдары тез өсті. Кредиттік карталар, онлайн аударымдар және тікелей дебеттік төлемдер қазірдің өзінде-ақ белгілі. Енді, смартфондар арқасында түрлі сандық төлем жолдары және мобильдік әмияндар да көп сұранысқа ие болуда. Таратылған реестр технологиялары сияқты пайдасы ықтимал технологиялар іргелі өзгерістердің пайда болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Осы жаңа және өскін технологиялардан бөлек қолма-қол ақшаны алып тастау керектігін дәлелдейтін тәуелсіз зерттеулер де бар. Қолма-қол ақшасыз қоғамды жақтағандарды үш түрлі топқа бөлуге болады.

Бірінші топтағы “алхимиктер” монетарлық саясаттағы пайыздық мөлшерлемелердің нөлдік шегі тудырған шектеулерді (ZLB) жеңгісі келеді. Екінші топ “заң және тәртіп лагері”, заңсыз қызметі үшін ақы төлеудің негізгі құралдарын жоюды қалайды. Ал үшінші топ, fintech (қаржы технологиясы) альянсы болып табылады, қаржы саласына қазіргі уақытта жүктелген қолма-қол ақшаның сақтау, шығару, және қолдануға жұмсалған жоғары шығыстарды жою арқасында туындайтын ірі бизнес мүмкіндіктерін көздейді.

Бірақ қолма-қол ақшадан бас тартуға арналған дәлелдер сыни тексерістен өте алмайды.  Мысалы, алхимиктер дәлелдерінен бастайық. Шынымен де, өте төмен пайыздық мөлшерлемелер жағдайында, ақша-кредит саясатын жүргізу қиын болады.

Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, төменгі тиімді пайыздық мөлшерлемелер шегінің нөлдіктен айырмашылығы бар. Сонымен қатар, теріс пайыздық мөлшерлемелер саясаты бойынша қолма-қол ақшаны қолданбай, тікелей актив сатып алу, ұзақ мерзімді кредиттік операциялармен (тұрақты мөлшерлеме бойынша банктерге қаржы беру және «мақсатты» несиелеуді қоса алғанда) ұштастыра отырып алға қойылған бағдарды мәлімдеп жұмыс істеді. Сондықтан, теріс пайыздық мөлшерлемелерді төмен пайыздық мөлшерлемелерден өзгеше, ерекше, стандартты емес монетарлық саясат құралы ретінде қарастырған жөн.

Сондай-ақ, “заң және тәртіп” лагерінің қолма-қол ақшаға тыйым салу керек деген аргументтері сыни бағалауда әлсіз көрінеді. Құн мөлшері және төлем құралы ретінде қолма-қол ақша көптеген заңға мойынсұнғыш азаматтар үшін маңызды әлеуметтік функцияны орындайды. Тек қана олар қылмыскерлерге ұнайды деп, қымбат машиналар немесе бағалы тастарды жеке меншікте иеленуге тыйым сала аламыз ба? Қылмыскер азшылықты жазалаймын деп тәртіпті көпшілікке зиян келтіру - жаңғақты зілбалғамен сындырамын деп, түгел бір үстелді сындырумен тең.

Соңында, fintech альянсы, оның инновациялық сандық төлем шешімдері қаржылық операцияларды жүргізуді жеңілдетеді деп уәде береді. Тұтынушыларға бұдан былай өте көп қолма-қол ақша алып жүру немесе банкоматтарды іздеу керек емес болады. Бірақ, бұл әлі өте толымсыз сандық төлем секторының төлем шешімдерін ұсынатын компаниялар немесе тұтынушуларға көбірек көмектесуі белгісіз.

Қолма-қол ақшасыз қоғамның керектігі үшін дәлелдерге қарсы тағы бір ірі мәселе бар: адамдардың көпшілігі, әсіресе Еуроаймақта, мұндай қоғамда тұрғысы келмейді. 65 мың Еуроаймақ тұрғындарын қамтитын әлі жарияланбаған Еуропалық орталық банк зерттеуіне сәйкес, олар барлық сату операцияларының шамамен 80 пайызын қолма-қол ақшамен жүргізеді; және, құндық мәнде, көп төлемдердің жартысынан астамы қолма-қол ақшамен жүзеге асырылады.

Еуропадағы жиі орын алатындай, мүше мемлекеттер арасындағы айырмашылықтар айтарлықтай үлкен: кассалық операциялар үлесі Финляндиядағы 42 пайыздан, Мальтадаға 92% дейін ауытқиды. Бірақ, жалпы, қоғамның қолма-қол ақшаға тәуелділігі күшті болып қалып, тіпті нығайып келе жатыр.

Шын мәнінде, қолма-қол ақшаға деген жалпы сұраныстың өсуі номиналды ЖІӨ өсуінен асып түседі. Соңғы бес жыл ішінде, еуро банкноттарының орташа жылдық өсу қарқыны құнының 4,9 пайызын және жалпы санының 6,2% -ын құрады. Бұл өрлеу жинақ үшін емес, негізінен төлемдер үшін қолданылатын төменгі номиналды банкноттарға да қатысты болды.

Бұл тұжырымдар қолма-қол ақша және қолма-қол ақшасыз төлемдер туралы ЕОБ-ның бейтарап позициясының орындылығын растайды. Бұл тәсіл төрт принциптерге негізделген: технологиялық қауіпсіздік, тиімділік, технологиялық бейтараптық және төлеу құралдарының пайдаланушылар үшін таңдау еркіндігі.

ЕОБ үшін басты мақсат баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін, ол банктер оның шоттарында сақтайтын қорлар арқылы және Еуроаймақта жалғыз заңды төлем жасау құралы мәртебесі бар банкноттар түрінде өтімділікті қамтамасыз етеді.

Еуропа қолма-қол ақшадан бас тартса, онда ол халықтың орталық банк ақшасымен жалғыз байланысын үзер еді. Демократияда, мұндай байланыс адамдардың тиімді монетарлық саясатты жүргізуді қолдауы мен олардың сенімін күшейту арқылы, қоғамның орталық банктің тәуелсіздігі туралы идеяны қабылдауына көмектеседі.

ЕОБ банкноттарды шығаруды жалғастырады. Біз сондай-ақ, Еуроаймақта, бөлшек төлемдер үшін кешенді, инновациялық және бәсекеге қабілетті нарықты одан әрі дамытуға көмектесеміз. Қолма-қол ақша электрондық төлемдермен ауыстырылатын күн тұса, бұл шешім лобби топтардың күш көрсетуімен емес, халықтың еркі ретінде болады.