18

Әдеттен тыс жаңа қаржы-несие саясаты

НЬЮ-ЙОРК – Экономикасы дамыған көп елдің дәстүрлі емес ақша-несие саясаттарын тоқтатуы кесірінен қаржы нарықтары қожырай бастады. Жақын арада Жапония банкі мен Швейцария ұлттық банкі ұзақмерзімдік ақша-несие саясатын ұстанатын соңғы орталық банктер болып қалуы мүмкін.

АҚШ Федералдық резерві 2014 жылы активтерді сатып алу бағдарламасын (сандық жеңілдету немесе QE) біртіндеп тоқтатып, 2015 жылдың соңына қарай пайыздық мөлшерлемелерді қалыпқа келтіре бастады. Қазір Еуропа орталық банкі өзінің QE саясатын 2018 жылы жеделдетіп қысқартуды және кері пайыздық үстемелерді біртіндеп алып тастауды қарастырып жатыр.

Сол сияқты Англия банкі де былтыр маусым айында Брекзит референдумынан соң басталған соңғы QE-ін тәмәмдап, пайыздық үстемелерді көтеруді ойластырып жатыр. Канада банкі де, Австралияның резерв банкі де жуықты пайыздық үстемелерді өсіретінін тұспалдап айтты.

Дегенмен, тағы бір рецессия немесе қаржы дағдарысы болған жағдайда бұл орталық банктердің бәрі дәстүрлі емес қаржы-несие саясатын қайта енгізуге мәжбүр болады. Жағдайы басқа орталық банктердің барлығынікінен әлдеқайда жақсы Федералдық резервтің дәстүрлі емес қаржы-несие саясатынан бас тартуын елестетіп көріңіз. Оның бір қалыпқа келтіру саясаты пайыздық мөлшерлемені лайықты деңгейге келтіре алған күннің өзінде оның көлемі 3 пайыздан аспау�� мүмкін.

Федералдық резервтің бұдан бұрынғы екі үнемдеу циклында лайықты деңгей мөлшері 6,5 және 5,25 пайыз болған. Қаржы дағдарысынан соң рецессия басталған 2007-2009 жылдары Федералдық резерв үстеме мөлшерін 5,25 тен 0 пайызға дейін түсірген. Бұл да экономикаға жан бітіре алмаған соң Федералдық резерв дәстүрлі емес ақша-несие саясатына жүгініп, алғаш рет QE-ді қолға алған.

Мұның алдындағы қаржы-несие саясатының бірнеше циклы көрсеткеніндей, Федералдық резерв келесі рецессия басталғанға дейін тепе-теңдікті 3 пайызға жеткізе алған күнің өзінде оның тиімді маневр жасауына мүмкіндік аз болады. Пайыздық үстеме экономикаға лайықты түрде ықпал ете бастағанға дейін 0 шамасына дейін құлдырайды. Ал бұған жеткен кезде орталық банктің төрт жолы ғана қалады, ал бұлардың әрқайсының жақсы және жаман жақтары бар.

Біріншіден, өтімділікті арттырып, несиелеуді ынталандыру үшін орталық банктер ұзақмерзімді үкіметтік облигациялар мен жеке активтерді сатып алып, сандық немесе кредиттік жеңілдету саясатын қолға алуы мүмкін. Бірақ, орталық банктердің баланстары біршама кеңейетіндіктен, QE шығынсыз не тәуекелсіз болмасы анық.

Екіншіден, Еуропа орталық банкі, Жапония банкінің өткен жылдардағы әрекеттерін қайталап, орталық банктер сандық және кредиттік жеңілдетумен қоса кері ставкаларға қайта оралуы мүмкін. Бірақ кері ставкалар ақша сақтаушылар мен банктерге шығын әкеледі, ал бұл әрі қарай клиенттерге әсер етеді.

Үшіншіден, орталық банктер инфляцияның мақсатты мөлшерін 2 пайыздан, айталық 4 пайызға  өсіруі мүмкін. Федералдық резерв пен басқа да орталық банктер қазір-ақ бұл әдісті бейресми түрде тексеріп көріп жатыр, себебі бұл теңгермелі пайыздық ставканы 5-6 пайызға жеткізіп, тағы бір рецессия бола қалған жағдайда оны нөлге түсірмеуге мүмкіндік береді. 

Дегенмен, бұл әдістің бірнеше даулы тұсы бар. Орталық банктер инфляцияны 2 пайызға жеткізе алмай жатыр. Инфляцияны 4 пайызға жеткізу үшін олар дәстүрлі емес қаржы-несие саясатына бұрыннан көбірек жүгініп, мұны бұрынғыдан ұзағырақ жүзеге асыруы тиіс. Оның үстіне, орталық банктер инфляциялық болжалдың 2 пайыздан 4 пайызға өсуі оп-оңай жүзеге аспайтынын түсінуі керек. 1970-жылдары инфляцияның 2-4 пайыз арасында құбылып тұруына мүмкіндік берілген кезде инфляциялық болжал аспандап, 4 пайыздан анағұрлым асып кетті.

Орталық банктер үшін соңғы вариант – Халықаралық есеп банкі айтқандай, инфляция мөлшерін 2 пайыздан, айталық 0 пайызға дейін төмендету. Инфляция мөлшерінің төмендеуі дәстүрлі емес саясатқа жүгіну қажеттігін азайтады, себебі бұл уақытта ставкалар 0 пайыз шамасында, ал инфляция 2 пайыздан төмен болады.

Бірақ орталық банктердің көбінің бұл стратегияны қолдамайтын себептері бар. Біріншіден, инфляция 0 шамасында болып, ұзақ уақыт дефляция сақталатын болса, нысана 0% болғанымен, инфляция одан да төмен түсіп кететін болса, бұл қарыздың дефляциясына алып келеді. Егер номиналды қарыздың нақты (инфляциямен реттелген) құны артса, онда борышкерлердің біразы банкротқа ұшырауы мүмкін. Оның үстіне, шағын әрі ашық экономикаларда 0%-дық нысана валютаны нығайтып, өнім өндірісін арттырады, ішкі эспортерлар мен импортпен бәсекелес компаниялардағы жалақы өседі.

Ақыр соңында, егер тағы бір рецессия басталса, экономикасы дамыған елдердің орталық банктерінің төрт ыңғайсыз варианттың ішінен нөлге қарай құлдилау вариантын таңдаудан басқа амалы қалмайды. Олардың таңдауы өз баланстарын тым ұлғайту, шығындарды банктер мен тұтынушылардың мойнына арту, орындай алмас инфляциялық нысаналарды көздеу, ішкі борышкерлер мен өнім өндірушілерге салмақ салу тәуекелдерін қалай бағалайтынына байланысты болмақ.

Қорыта айтсақ, орталық банктер жаһандық қаржы дағдарысы кезіндегі дилеммалармен, соның ішінде дәстүрлі емес қаржы-несие саясатын қолдану я қолданбауда таңдау жасау мәселесімен бетпе-бет келмек. Қаржы саласындағы импульс экономиканы қайта көтеретін болса, онда дәстүрлі емес қаржы-несие саясаты әлі де қала беретін сияқты.