15

Трамптың тегеурініне төтеп беру

ЛОНДОН – Америкадағы президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі әлемнің басым бөлігін таңқалдырды. Бірақ сайланған президент халықты таңқалдыруын тоқтатар емес. Көп сарапшылардың болжамы орындалмай, ол жеңіске жете салысымен қор нарығы күшейіп,  АҚШ-тың негізгі үш индексі рекордты деңгейге қымбаттап, доллардың бағасы өсті. Бұл күтпеген нәтижелердің себебін түсіндіре алсақ, алдағы бірнеше айда нарықта қандай өзгерістер болатынын шамалаймыз.

Сайлаудың алдында сарапшылардың көбі Трамп жеңген жағдайда құнды қағаздар жаппай сатылып, жұрттың бәрі тәуекелі аз мемлекеттік облигацияларға көшеді деп болжаған. Сайлау нәтижелері шыға бастағанда солай болды да, әсіресе Трамптың Флоридадағы ерекше жеңісінен соң оның Сайлаушылар алқасында алға шыққаны айқындалып, нарық құлдырай түсті. Оның жеңілмейтіні анық болғанда Dow Jones индексі 800 пунктқа, S&P 500 бірден тәуліктегі ең төменгі шекке дейін құлдырады. Оның үстіне доллар да төмен сырғып, АҚШ Қазынашылығы нарығындағы сапаға деген сенім азайып, облигациялар табысын жоғалта бастады.

Бірақ нарықтағы пессимизм ұзаққа созылған жоқ. Жаңа сайланған президент билікті қабылдайтынын айтып Нью-Йоркте сөз сөйлей салысымен, Шығыс стандарт уақытымен түскі 3-тер шамасында акциялар күрт қымбаттай бастады, баға содан бері өсіп жатыр, ал бұл әлемдегі қауіпті активтерді көбейтін жіберді. Капитал АҚШ-қа ағыла бастағандықтан, доллар 13 жылдан бері болмаған деңгейде нығая түсті.

Бұған қоса, көп инвесторлар мемлекеттік облигациялардың «қауіпсіз шекпенінен» шығып, пайыздық үстемелер күрт қымбаттай бастады, ал бұл өнімділікті қолдауды доғаратындарын айтқан Федералдық резерв басшысы Бен Бернанкенің мәлімдемесінен кейін басталған 2013 жылғы «ханталапайдан» да асып түсті. Дәл қазір нарық Федералдық резерв келесі айда да пайыздық үстемелерді өсіре түседі деген сенімде отыр.