15

Жалақы өсуінен қорқыныш үшін төлем

ЛОНДОН – Қолдан келгеннің бәрі сәтсіз болса, бұрын мүмкін еместей болғанды жасап көріңіз. Ол ең керемет заманда да экономикалық саясат үшін жақсы бір ұстаным болып табылады. Қазір бұл ұстаным сөзсіз қажет, көптеген батыс елдерінде (әрине Америка Құрама Штаттары, Жапония, Германияда, және бәлкім Ұлыбританияда, сонымен қатар Еуроаймақта да көп ұзамай болар) үкіметтер жалақыны реттеуге, ең бастысы төменгі табысты жұмыс орындарына қатысты мәселелерге тікелей араласуы тиіс.

Соңғы он бес жыл бойы Жапония баяу өсу, әлсіз тұрмыстық сұраныс, әсіресе, кедей отбасылар арасында, және өскелең теңсіздік пен кедейлікпен күресіп келеді. Ұқсас жағдай қазір АҚШ-та да орын алуда. Шынында да, бұл жағдай  Дональд Трампқа президент болып сайлануға көмектесті, себебі ол «ұмытылған америкалықтар» деп атаған үлкен топтың пайды болуына әкелді. Трамп жеңіске жетпес бұрын, осындай жағдайлар Ұлыбританияда «артта қалғандардың» Брексит үшін дауыс берулеріне ықпал етті.

Жалақы мөлшерін тез көтермей, әсіресе ресми белгіленген ең төменгі жалақыны көтермей,  популизм ары қарай гүлдене беріп, батыс елдерінің экономикасы баяу өсуден зардап шеге береді. Табыстар мен байлыққа ғана қатысты емес, сонымен қатар саяси дауыс беру мен ықпал етуде де теңсіздік өсе береді. Ал шекара жабу және протекционизмді еңгізу тәрізді оңай көрінген тез шешімдерді қабылдауға құмарлық та артатын болады.

Дегенмен, үк��мет төменгі білікті еңбек жалақысын көтеруге тікелей әрекет жасауы керек деген менің ұсынысым негативті пікірлер мен менің ақылымнан ауысқаным туралы сұрақтарды тудыртар. Мен минималды жалақыны көтеру жұмыссыздықты тудыртатынын білемін бе? Мен жұмыс орындарын жойып жатқан робототехниканың дамуы және жалпы автоматтандырудың өсуі туралы естідім бе? Мен нарықтық шешімдерге сенемін бе?

Осы үш сұраққа берер жауабым-«Иә. Бірақ саясат ағымдығы жағдайларға бейімделіп, әр түрлі бәсекелес топтар мүдделері арасында таңдау болуы қажет. (Негізі, мұнда бүкіл саясаттың басты мәні де жатқан болар). Ал ағымдағы жағдайлар, «артта қалғандардың» мүдделерімен бірге, бұрын ақылға сыймайтындай көрінген қазір маңыздыға айналғанын көрсетеді.

Үкіметтердің жалақыны белгілеуге араласпауының басты себебі 1970 жылдары, жоғары инфляция кезеңінде сәтсіз жалақы мен баға реттеу саясаты болар. Бұл реттеу экономикада үлкен және аумалы-төкпелі бұрмалауларды туғызды. Бірақ одан да өзекті екінші себеп бар, ол корпоративтік бәсекеге қабілеттілік арзан еңбек ақысына тәуелді екенін  дәлелдейтін, өз мүдделерін алға бастырған бизнеске қатысты. Сонымен қатар, үкіметтің де өз мүддесі бар: мемлекеттік секторда ең төменгі жалақы алатын көп қызметкерлер жұмыс істейді.

Бірақ қазір батыл болатын уақыт келді. Бюджет саясаты мүмкіндіктері (салықтарды кесу немесе мемлекеттік шығыстарды арттыру) жоғары мемлекеттік борышпен шектеліп, сұранысты ынталандыруға көмектесе алмайды. Бұл саясатты байлардан кедейлерге қарай ресурстарды қайта бөлуге пайдалану әрекеттері де қиындықтарды шығаруда. Ақша-несие саясаты (оның ішінде, соңғы жылдары орталық банктерге ақша басып шығаруға мүмкіндік берген ауқымды «сандық жұмсарту» бағдарламалары) да бітті, инфляция өсе бастады, және орталық банк баланстары рекордтық мөлшеріне жетті. Жалақыны белгілеуге араласу, іс жүзінде, жалғыз қалған мүмкіндік болып табылады.

Сонымен қатар, ең төменгі жалақыны арттыруға байланысты тәуекелдер, қазір біз ойлағаннан үлкен емес. Осындай жалақыны арттыру жұмыспен қамтуға үлкен қатер тудыратын жағдайлар да болады. Бірақ бүгін ондай жағдай емес: АҚШ, Жапония, Германия, және Ұлыбритания секілді елдерде іс жүзінде толық жұмыспен қамту орын алған.

Бұл елдерде тәуекел ретінде жұмыссыздық қаупі емес, жалақы стагнациясын атап өтуге болады. Бұл стагнация тұрмыстық сұраныстың өте төмен деңгейде болуында немесе баяу өсуіне әкеледі, осылайша бизнестің инвестицияларға қызығушылығы төмендейді.  АҚШ-та, еңбек нарығының түбіндегі төмен жалақылар, еңбекке жарамды жастағы миллиондаған адамдарды жұмыс іздеуден тежейді. Бұл, әрине, ресми жұмыссыздық деңгейін азайтуға көмектеседі, бірақ оның экономика үшін пайдасы аз.

АҚШ федералдық жалақының ең төменгі мөлшері сағатына 7,25 долларға тең. Іс жүзінде, инфляцияны ескере отырсақ, ол 1968 жылғы ең жоғары деңгейдің үштен-біріне тең. Жапонияда орташа ең төменгі жалақы сағатына 823 иенге тең ($ 7,40). Өткен жылдан бастап Ұлыбритания ең төмеңгі табысты өсірумен айналысып жатыр, сондай-ақ АҚШ, Калифорния және Нью-Йорк штаттары 2020 жылға дейін сағатына $15-ға жалақыны өсіруге мақсат қойды, бірақ мұндай шаралар жеткілікті  тез немесе батыл жасалуда емес. Жапонияда ең төменгі жалақыны арттыру инфляцияға қарағанда сәл тезірек орын алуда.

Теңсіздік біздің заманымызда өзекті мәселе болып қалады, және автоматтандыру мен дамушы елдер жақтан бәсекелестіктен ең төменгі білікті жұмысшылардың ұжымдық күші әлсізденді. «Ұмытылып кеткен» топтар тұрақты артта қалып кетпеуі үшін үкіметтер батыл шаралар қабылдауы тиіс.

1960 жылы Жапонияның «табысты еселеу» жоспары тұтыну экономикасын дамытуға көмектесті. Мүмкін, «ең төменгі жалақыны еселеу» жоспарын енгізу уақыты келген де шығар, ол бизнес бейімделуіне мүмкіндік беретіндей бірнеше жыл ішінде жүзеге асырылуы керек.  Өте байлардан қаражаттай көмек алып, ал артта қалғандардан сайлауда қолдау алып жүрген басшылар үшін, осындай жоспар саяси тұрғыдан жеңімпаз болудың керемет бір жоспарындай болып көрінеді. Осылай емес пе, Президент Трамп?