Migrants disembark the Italy's coastguard ship Diciotti at the port of Catania Fabrizio Villa/Getty Images

Еуропа солшылдары иммиграция бойынша оңшыл саясатқа көшті

БЕРЛИН – Еуропаның солшылдарына жойылу қаупі төніп тұр. Екі жылға жетпейтін уақыт ішінде құрлықтың социал-демократиялық партиялары Францияда, Нидерландыда, Германия мен Италияда тарихи жеңіліске ұшырады. Орташыл-оңшылдар мен орташыл-солшылдар арасындағы демократиялық бәсекемен әйгілі болған құрлықта солшылдардың күйреуі саяси партиялардың мүдделеріне ғана емес, жалпы аймаққа үлкен кесірін тигізуі мүмкін. 

Солшылдардың бәсеңдеуіне көп фактор, соның ішінде дәстүрлі жұмысшы табының ыдырауы әсер еткен. Бірақ ең маңызды себептердің бірі тым үрейлі де қарапайым: Еуропа сайлаушылары иммиграцияға наразы, сондықтан олар иммиграцияны шектей алмайды деп солшылдардан секем алады.

Көбіне Таяу Шығыс пен Африкадан ағылған босқындар мен мигранттар нөпірін көрген еуропалық сайлаушылар соңғы сайлауларды иммиграция бойынша референдумға айналдырып жіберді. Оңшыл популист қозғалыстар жұмысшы сайлаушыларды “дәстүрлі еңбек партиялары иммигранттарды еш тосқауылсыз қабылдай береді” деп сендіре алды. 

Сәуірде Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мұсылман иммигранттардан “Христиан құндылықтарына” төнген “қауіпке” негізделген науқан жүргізіп, сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетті. Италияның истеблишментке қарсы жаңа коалициялық үкіметі иммиграцияға үзілді-кесілді қарсы “Лига” партиясының беделінің арқасында ғана билікке келді. Партия басшысы Маттео Сальвини қазір Ішкі істер министрі әрі вице-премьер қызметтерін атқарады.

Словенияда бұрынғы премьер-министр Янез Яншаның оңшыл оппозициялық партиясы өткен айдағы парламент сайлауында 25 пайызға сәл жетпейтін дауыс жинады, бұл – елдің келесі үкіметін Янша жасақтайды деген сөз. АҚШ президенті Дональд Трампқа еліктеген Янша “Алдымен Словенияға” деген ұранмен науқан өткізген.

Оңшыл популистер алғаш саяси жеңіске жете бастағанда Еуропаның орташыл-солшыл партиялары “дәстүрлі артықшылықтарымыздың арқасында бұл сынға төтеп береміз” деп сенді. Оңшылдардың риторикасы тым күшейіп кетпеуі үшін оңшыл-орташылдар қоғамдық пікірталасты өздерінің идеологиялық “ыңғайлы тақырыбы” – жұмыссыздық, теңсіздік және әлеуметтік әділдік бағыттарына бұруға тырысты. Германияның Социал-демократиялық партиясы (SPD) 2017 жылғы сайлау науқанын “Әділдікті күшейтетін кез келді” деген ұран аясында өткізді.

Subscribe now

Exclusive explainers, thematic deep dives, interviews with world leaders, and our Year Ahead magazine. Choose an On Point experience that’s right for you.

Learn More

Дегенмен, ауыр жеңілістен кейінгі тағы бір жеңіліс орташыл-солшыл партияларды мынадай тұжырымға әкелді: тек иммиграция мәселесіне алаңдайтын сайлаушыларды орынды болса да теңдік тақырыбымен иландыру мүмкін емес. Соның нәтижесінде бүкіл Еуропадағы орташыл-солшыл партиялар басқа бағытқа бұрыла бастады, негізгі деген бірнеше елдегі социал-демократтар миграцияға қатысты бұрыннан бар ұстанымдарын өзгертті.

Германияда коалициялық үкімет (құрамына SPD, Христиан-демократиялық одақ және CDU-дың Бавариядағы еншілес партиясы Христандық әлеуметтік одақ кіреді) иммиграция бойынша ауыр тартысқа түсіп жатыр, осыдан коалицияның тағдыры қыл үстінде. SPD мәселені Еуропаның көмегімен шешуді, Германияның шекарасын жаппауды ұсынса, партия басшысы Андреа Налес жылдамдатып саяси баспана беру жүйесін ұсынды. Ол бойынша, қауіпсіз үшінші елдерден саяси баспанаға өтініш берушілерге бір аптаның ішінде жауап беру көзделген. Өткен аптада Налес SPD-дің өз ішінде пікірталас бастады, онда оңшылдардың риторикасын көшіріп алған ол “Германия жұрттың бәрін қабылдай алмайды” деп мәлімдеді.

SPD басшылығындағылар мен жастар қанатының кейбір өкілдері ұрысқа дайын тұр. Өткен жылғы сайлаудағы жеңілістен соң тәуелсіз бақылаушылар тобы әзірлеген сыни талдауды жария түрде қолдау арқылы Налес өз позициясын мықтап алды. Ол есепте миграция мәселесіне қатысты “бірізді социал-демократиялық ұстанымның болмауы” партияның құрылымдық кемшіліктерінің бірі ретінде көрсетілген.

Австрияның Социал-демократиялық партиясы иммиграцияға қатысты көзқарасын тіпті қатты өзгертті. Партия басшылылғы осы жылдың соңында ресми түрде қабылданатын жаңа платформасын жариялады, онда партияның ресми ұстанымы “миграцияны жақтаушыдан” “интеграцияны жақтаушыға” өзгерген. Платформада елдің “гуманитарлық жауапкершілігі” туралы айтылғанымен, Еуроодақтың сыртқы шекарасын “функционалды түрде қорғау” талап етіледі.

Данияның социал-демократтары австриялық әріптестерінен бір адым алда келеді. Келер жылғы сайлауға дайындалған олар иммиграцияға қатысты жаңа бағдарламалық құжат қабылдап, оны “Әділ әрі шынайы” деп атады. “Баспана сұраушыларға арнап Еуропадан тыс аймақтарда “қабылдау орталықтарын” ашса, Данияға ағылған мигрант саны азаяды” делінген құжатта. Онда, сондай-ақ, БҰҰ-мен тығыз қарым-қатынас орнатып, мигранттарды өз елдерінде қалуға көндіретін “Африкаға арналған Маршалл жоспарын” қолдау көзделген.

Әсіреоңшыл, иммиграцияға қарсы демократтарды халықтың жаппай қолдауымен күресіп жатқан шведтердің социал-демократтары да осы ұстанымды көшіріп алды. Қыркүйектегі сайлауда қайта сайланудан дәмелі премьер-министр Штефан Лефвен жақында “елдің бұрыннан келе жатқан ашық иммиграциялық саясатының “негізі жоқ” деп мәлімдеді. Оның “Жаңа заманның қауіпсіз миграциялық саясаты” деген бағдарламасында Швецияға кіргізілетін босқындар санын екі есе азайтып, саяси баспана берілмеген өтініш иелеріне әлеуметтік көмек көрсетпеу туралы айтылады. Миграцияны жақтайтын топтар бұл бағдарламаны өткір сынға алды.

Бұл сын бір басты мәселені көрсетіп отыр. Бір жағынан социал-демократтардың иммиграцияға қатысты ұстанымының өзгеруі – сайлаушылардың талабына бейімделу. Миграцияны шектеу я басқару әрекеті нәсілшілдік пен ксенофобияға негізделуі міндетті емес. Ең бастысы – саяси әрекеттер моральдық тұрғыда лайықты болуы керек.

Десе де, тым шектен шыққан өзгеріс орташыл-солшыл партияларды тіпті құрдымға кетіруі мүмкін. Олар радикал оңшылдардың өрескел нативист әдістерін көшіре алмайтыны анық, себебі бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі прогрессив құндылықтарға қайшы, сондықтан бұл космополит қолдаушыларды кері тебеді.

Оның орнына Еуропаның орташыл-солшыл партиялары ұлттық мүдде мен халықаралық ниеттестіктің арасында тепе-теңдік тауып, үш тармақты стратегия жасауы керек. Ол стратегиялар: иммиграцияны ұтымды түрде шектеу, интеграцияға назар салу және адамдарды жаппай жапа шегуден құтқаратын гуманитарлық шаралар. Бұл әдіс жалындаған риториканы бәсеңдетіп, оның орнына шынайы, болашаққа бағытталған, моральдық тұрғыда лайықты шешімдер ұсынады, және бұл популистік ұсыныс болмаса да, халықтың қолдауына сүйене алады.

Канада премьер-министі Джастин Трюдо мен Франция президенті Эммануэль Макрон осы ұстанымды жақтап отыр. Еуропаның шатқаяқтаған орташыл-солшыл партиялары саясатта аман қалу үшін бұлайша түлеудің қажет екенін түсініп, осы жолды үлгі етуі керек.

http://prosyn.org/JG2IR8i/kk;

Handpicked to read next

Cookies and Privacy

We use cookies to improve your experience on our website. To find out more, read our updated cookie policy and privacy policy.