3

Трамп юаньды қалай тұқыртпақ?

ГОНКОНГ – Швейцарияның Давос қаласында жақында аяқталған Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы жиынында Қытай төрағасы Си Цзиньпин жаһандануды барынша қорғап, өз елінің «ашық есік» саясатын жүргізетінін тағы да қуаттады және сауда соғысын бастамайтынына, өз валютасын құнсыздандырудан пайда көрмейтініне сендірді. Арада көп өтпестен АҚШ президенті Дональд Трамп инаугурацияда сөйлеген сөзінде бұған қарама-қарсы уәде берді: «protect» («қорғау») сөзін жеті рет қолданған ол «Алдымен – Америка» деген доктринаның айналып келгенде протекционизм екенін растады.

Трамп «АҚШ-тың экономикасы құлдырап бара жатқандықтан, оның еңсесін тіктеу керек» деген тұрғыда сөйледі. Ал шын мәнісінде АҚШ экономикасы соңғы екі жылда жақсы қарқын алып келеді. Басқа дамыған елдермен салыстырғанда оның экономикасы жылдам дамыды, көп жұмыс орындары ашылды, доллар да өз биігінде тұрды.

Әсіресе соңғы екі айда Трамп үкімет шығындарын арттырып, бизнестің салықтарын азайтамын деп уәде бергелі инвесторлар сапаға деген ұмтылысты арттыра түсті. Есесіне, Қытай юані біршама әлсіреді: көбіне инвестиция мен экспорттың азаюының кесірінен 2014 жылдың соңында бір доллар CN¥6.2 болса, өткен жылдың соңында АҚШ долларының бағамы CN¥6.95-ға жетті.

Трамп Қытайды «экспорттағы бәсекелестігін арттыру үшін юанды әдейі құнсыздандырып отыр» деп айыптады. Бірақ шынайы жағдай басқаша болды: юаньға қысым күшті болғанына қарамастан, Қытай юань-доллар айырбас бағамын салыстырмалы түрде тұрақты ұстады, соның кесірінен елдің шетел валютасындағы резерві 1 триллион долларға азайды.

Трампқа қарағанда юаньның құнсызданбауына Қытай көбірек мүдделі. Бірақ валюта бағамын толық бақылауд�� ұстай алатын ел жоқ. Юаньның құнсыздануына технологиялық дамудан бастап геосаяси жаушылдық, басты сауда әріптестері арасындағы саясаттың өзгеруі сияқты әртүрлі әрі кешенді факторлар әсер етті.

Валюта бағамына әсер ететін және бір фактор – ғаламдық жеткізілім тізбегінің жедел өзгеруі. Тұтыну құрылымындағы өзгерістер, реттеу режимдері және сандық технологиялар соңғы кездері отандық өнімді өндіруге көбірек ықпал етті. АҚШ-та робот жасау, 3D баспа сияқты технологиялардың дамуы өнеркәсіпке серпін берді. Бұл Азиядан импортты көбейтпей-ақ экономиканың еңсесін тіктеуге жол ашты.

Ал Қытай болса қазір-ақ экспортқа негізделген даму моделінен ішкі тұтынуға бағытталған модельге ойысып келеді, сондықтан юаньның құнды болуы экономикаға көбірек пайдалы болар еді. Қытайдағы ағымдағы шоттың профициті 2016 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайызына дейін төмендеді, және Халықаралық валюта қоры экспорт азайып бара жатқандықтан оның көлемі тіпті кішірейеді деп болжайды.

Дегенмен, ағымдағы операциялар – жалғыз фактор емес. Валюта бағамындағы капитал ағынын ескерсек, BIS экономисі Клаудио Борионың қаржылық шоттарға да көз салу керек деген пікірімен келісеміз. Мұнда да юаньның құнсыздануы Қытайға тиімді емес.

Халықаралық валюта қорының болжамына қарағанда, 2021 жылға қарай АҚШ-тың жалпы инвестициялық позициясы төмендеп, міндеттемелер көлемі жалпы ішкі өнімнің 41 пайызынан 63 пайызына дейін ұлғаюы мүмкін. Ал Қытайдың инвестициялық позициясы бір қалыпта қалмақ. Демек, Германия, Жапония сияқты басқа да профицитті елдер ағымдағы және қаржылық шоттары арқылы АҚШ-тың ұлғайып бара жатқан дефицитін қаржыландырады. (АҚШ пен оның дамыған серіктестері арасындағы пайыздық үстеменің артуы бұл болжамның растығын дәлелдей түседі).

Дегенмен, Қытай үшін ең үлкен сын-қатер – капиталдық шот. 2015 жылы юань құлдырай бастағалы сыртқы қарызды азайтып, шетелдегі активтерді көбейту әрекеті күшейе түсті.

Қытайдың халықаралық стандарттармен қарағандағы онсыз да аз сыртқы қарызы (мемлекеттік және жекеменшік) 2014 жылғы ЖІӨ-нің 9,4 пайызынан (975,2 миллиард доллар) өткен жылдың соңында ЖІӨ-нің 6,4 пайызына (701,0 миллиард доллар) дейін азайды. Қытай азаматтары халықаралық өмір салтына жақындау үшін активтерінің портфолиосын әркелкілендіріп жатқандықтан, бұл тренд жалғаса түсетін шығар. Әлсіз юань бұл трендті жеделдете түседі.

Қытайға тариф енгіземіз деп қайта-қайта айтып жүрген Трамп, әрине, ондағы валюта бағамына да ықпал ете алады. Бірақ жосықсыздығының кесірінен оның ісі де орынсыз болып жатыр. Алдыңғы іс-әрекеттеріне қарап, ол енді Қытай толық конвертацияланатын еркін бағам, ауыспалы бағам немесе толық бақылаудағы бағамның қайсысын таңдаса да, оны валютаны манипуляциялаумен айналысты деп айыптайтын сияқты.

Қытай үшін ең оңтайлысы не? Еркін айырбас бағамын қазір-ақ енгізуге болады. Доллардың ықпалындағы қазіргі халықаралық валюта режимінде мұндай әдіс үлкен құбылмалылыққа әкелуі мүмкін.

Бірақ қазіргі режимнің өзін бақылау қиындап барады. Валюта бағамындағы тұрақтылықты ұстап тұрудың қаншалық қымбатқа түсетінін ескерсек, бағамның ауытқуын тұрақтандыру үшін қазіргі бар 3 триллион доллар көлеміндегі шетел валютасы резервіне пара-пар соманың өзі жеткіліксіз болуы мүмкін.

Шын мәнісінде, Қытай юань бағамын тұрақты ұстау үшін халықаралық инвестициялық ұстанымын кеңейтіп, тереңдете алады және мұны істеуге тиіс те. 2015 жылдың соңында Қытайдың жалпы сыртқы активтері салыстырмалы түрде төмен, ЖІӨ-нің 57,2 пайызы болды. Салыстыру үшін қарасақ, Жапония мен Еуропа елдерінің көбінде бұл көрсеткіш 180 пайыз болса, АҚШ-та 130 пайыз шамасында. Қытайдың шетелдегі таза активтері ЖІӨ-нің тек 14,7 пайызына тең болды. Жапонияда бұл – 67,5, Германияда - 48,3 пайызды құрайды (АҚШ-та ЖІӨ-нің минус 41 пайызы). Экономиканың нақты және қаржы секторларындағы реформалар бұл деңгейді жоғарылатуы мүмкін.

Дегенмен, бүгінде Қытай үшін ең дұрысы – юаньды долларға байлап қою болар еді, теңгеру дәлізін 5 пайыз етіп қойған орталық банк нарықты осы тепе-теңдік ұзақ уақыт сақталатынына сендіру үшін сол дәлізде аздап қана интервенция жасап отыруы керек. Ал инвесторлар көбіне юань-доллар айырбас бағамына ғана назар аударады.

Қай жолды таңдаса да, Қытай жаһандануды жақтап, валютасын тұрақтандырғысы келгені үшін өте көп шығынданатын болып тұр. Жаңа саясатты жариялап, нарықты толқыту үшін бір туит жазу жеткілікті болып қалған әлемде саясат рационалды экономикалық пікірталасты көзір картамен ұрып алатын сияқты.