39

АҚШ-тағы сауда дефицитінің ащы шындығы

КЕМБРИДЖ – АҚШ-тың сауда баланысының дефициті - 450 миллиард доллар, яғни ЖІӨ-нің 2,5 пайызы. Демек, америкалықтар әлемге экспортына қарағанда сырттан қызметтер мен тауарды 450 миллиард долларға көп импорттайды. АҚШ-тағы бұл дефициттің жыл өткен сайын артуының себебі неде? Америкалықтардың өмір стандарттары төмендей бастаса не болуы мүмкін?

«АҚШ өнімдерін өз нарықтарында сатуға кедергі келтіріп, сол арқылы Америка бизнесіне зиянын тигізіп, жұмысшыларының өмір стандарттарын төмендетіп отыр» деп шетел үкіметтеріне кінә арту оңай. АҚШ-қа тауар экспорттауға қолдау білдіріп отырған үкіметтерді де кінәлау оңай. Солардың кесірінен америкалықтардың бизнесі шетелдіктерге орын босатып отыр (дегенмен, америкалық тұтынушылар сатып алатын заттарға шетел үкіметтері субсидия берсе, онда бұдан АҚШ-тағы отбасылар ұтатыны анық).

Бірақ АҚШ-тағы сауда дефицитіне басқа елдердің импортқа тосқауыл қоюы мен экспортқа субсидия беруі себеп болған жоқ. Басты себеп – америкалықтар өздері өндіргенінен көп қаражат жұмсайды. Саудадағы жалпы дефицитке басты себепкер – АҚШ-тағы бизнес пен жекелеген отбасылардың қор жинау мен инвестиция салуға қатысты шешімдері. Шетелдік үкіметтердің саясаты тек Американың саудадағы әріптестерінің арасында сол дефицитті өзара бөлісуге қатысты ғана болуы мүмкін.

Америкалықтардың қор жинау мен инвестициядағы шешімдерінің сауда дефицитіне әсері мынадай: егер мемлекет бизнес құрал-жабдықтары мен құрылымдарына инвестиция салғаннан гөрі көбірек үнемдесе, онда оның сырт әлемге сататын өнімі де көбірек болады. Басқаша айтсақ, инвестицияны алып тастағандағы қор экспорт минус импортқа тең, бұл – кез келген елдің кез келген уақыттағы ерекшелігі.