9

Келесі Қытайды қайта ой елегінен өткізсек

НЬЮ-ХЕЙВЕН – Жеті жылдан бері Йель университетінде «Келесі Қытай» деп аталатын танымал курсты жүргізіп келемін. Біз әу бастан-ақ қазіргі Қытай экономикасының транзиттік императивтеріне, атап айтқанда, ұзақтан бері сәтті болған өндірушілік модельден ішкі тұтыну арқылы дамып отырғанына мән бердік. Осы қайта теңгерудің тәуекелдері мен мүмкіндіктеріне, Қытайдың тұрақты дамуы мен ғаламдық экономикаға тигізер кері әсеріне көп көңіл бөлінеді.

Қытайдың транзиттік өзгерістеріне тірек болған негізгі жайттар – қызмет көрсету саласының қарқындауы және жылдам урбандалу екені айқын болғанымен, жаңа да маңызды бетбұрыстың бар екенін түсінуіміз керек: Қытай қазір жаһанданудың адаптерінен қозғаушы күшіне айналды.  Шындығында, «Жаңа Қытай» күн сайын интеграцияланып бара жатқан әлемге үміт артады және сол жолда түрлі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер болатынын түсінеді.

Бұл – бірнеше жылдан бері келе жатқан жайт еді. Бұл стратегиялық өзгеріс – төраға Си Цзниьпиннің басқарушылық қолтаңбасының, әсіресе оның «Қытай арманына» мән бергенінің белгісі. Әу баста бұл арман – әлемдегі екінші ірі экономика мәртебесіне сай келетін бұрынғы ұстанымын қайтарып, жасаруды көздейтін ұлтшылдық мантрасы іспетті көрінетін.

Ал қазір бұл Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасына (OBOR) негізделген нақты жоспарға айналып келеді. Бір аймақтың шеңберінен шығатын алып инфрақұрылым бастамасы – экономикалық көмекті геосаяси ықпалмен ұштастыра алатын амбициялық жоба, оны Қытайға арқа сүйейтін қаржылық институттардың жаңа толқыны – Азия инфрақұрылым инвестициялық банкі (AIIB), Жаңа Даму банкі (BRICS) және «Жібек жолы» қоры қолдап отыр.

Қытайдың экономикалық трансформациясын зерттеп жүргендер үшін бұл – үлкен жаңалық. Бұл өзгеріс әлі де жүріп жатқанына қарамастан, мен үш алдын ала қорытынды жасасам деймін.

Біріншіден, Қытай ешкімді алдаған жоқ. Экономист ретінде мен модельдерге көбірек мән беремін әрі саясаткерлердің бір модельден екіншісіне көшіп отырады деген тұжырымды да білемін. Бірақ, Қытай үшін де, басқа ел үшін де бұл жай ақ пен қара емес.

Қытайдың басшылары, практикалық мақсаттарға байланысты тұтынушыға негізделген даму стратегиясын жүзеге асыру бұрын ойлағаннан қиын екенін мойындады. ЖІӨ-дегі тұтыну үлесі 2010 жылдан бері тек 2,5 пайызға ғана өсті, ал бұл жеке адамдардың табысымен салыстырғанда өте аз, осы аралықта жеке табыстар 7,5 пайызға өссе, қаладағы ауқаттылардың табысы 7,3 пайызға артқан. 

Бұл сәйкессіздік әлеуметтік қорғаудың әлсіздігін білдіреді, соның кесірінен жұрт ертеңгі күннен үрейленіп, ақша жинайды, ал бұл өз қалауымен тұтыну көлемінің өсуін тежейді. Урбандалуды әлі де жетілдіріп, қызмет көрсету саласын арттыруды көздеп отырған Қытай ішкі нарықтағы аз сұраныстың орнын жабу үшін сырттан даму көздерін іздеуге күш салып жатыр.

Екіншіден, бұл ғаламдық серпілістің ескі өндірушілік модельге ұқсас тұстары көп. Бұл жинақталып қалған ішкі күштерді OBOR-дың инфрақұрылымдық қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік береді. Және ол бұл инвестицияны жандандыруда мемлекеттік мекемелерге сүйенеді, сөйтіп Қытай өнеркәсібінің қожырап кеткен сегментіндегі бұрыннан қажет болған реформалар жүзеге аса бастайды.

Өндіруші моделін қолдаудың тағы бір себебі тұтынушыға негізделген дамудың қайта маңызға ие болуынан. Премьер-министр Ли Кэцянның «Жұмыс есебі» деп аталатын экономикалық саясат туралы ресми мәлімдемелерінде екі жыл қатарынан тұтынушыға негізделген құрылымдық трансформацияның рөлі төмендетілген (2016 және 2017 жылдары олар үшінші басымдық ретінде көрсетіліп, ұсынысты арттыру бастамасы негізгі міндет ретінде көрсетілген).

Үшіншіден, Қытайдың жаңа ғаламдық ұстанымдары басқарудың да өзгеретінін аңғартады. Си Цзиньпиннің ішкі билікті қолына шоғырландыруы – әңгіменің бір бөлігі ғана. Экономикалық шешімдерді қабылдау тізгінін Мемлекеттік кеңестің Ұлттық даму және реформа комиссиясының қолынан алып, партияның қарамағындағы Жетекші шағын топтарға беруі – жемқорлықпен күрес науқаны, Интернетке цензураның күшеюі, үкіметтік емес ұйымдарға бақылаудың артуы сияқты маңызды шаралардың бірі.

Биліктің бұлай орталықтандырылуының Қытайды тәлкекке салары анық. Си Цзиньпин биліктің орнығып қалған блоктарын бұзуға уәде берді, ал 2013 жылғы қарашадағы үшінші пленум реформаларының аясында нарықтарға шешуші рөл алып беруді көздейді.

Бірақ, Қытайдың жаңа ғаламдық серпілісін де көп сынақ күтіп тұр. Бұл – дамушы елдердің көбінде болып жатқан жаһандануға қарсы популизмге қарсы құбылыс. Өндірушіге бағытталған экономика ретінде Қытай экспортқа лайықталған өсімнің арқасында және жұмыс күшін сіңіріп, кедейлікті азайту арқылы ұзақ уақыттан бері жаһанданудан табыс тауып келді. Қытайдағы ішкі теңсіздіктің, дағдарыстан кейінгі әлемдік саудадағы шабандаудың және Қытайға қарсы бағытталған протекционизмнің кесірінен енді бұл үрдіс баяулады. Сондықтан, Қытайдың ғаламдық жаһандануға ықпал ету әрекеттеріне өзінің ішкі мәселелері кедергі келтіріп отыр.

Жаһанданған Қытай елдің сыртқы саясатына да біраз зиянын тигізуі мүмкін. Оңтүстік Қытай теңізіндегі жер дауы тым күрделі, оның үстіне Қытайдың Африка мен Латын Америкасындағы мұрасында да түйткілді жайттар көп. Бұл жаңа стратегия бәрінен де маңызды үлкен мәселенің шетін шығарады: АҚШ президенті Дональд Трамптың «Алдымен Америкаға» деген протекционистік саясатынан туындаған гегемония вакуумының орнын Қытай толтыра ала ма?

Қысқаша айтсақ, «Жаңа Қытай» - мен бұл курсты оқытуды бастаған 2010 жылғымен салыстырғанда сыртқа бағытталған, табанды әрі билікті шоғырландыруға тырысатын бағдарлама. Оның үстіне, мұнда нарыққа негізделген реформаларды жүргізуге, жеке тұтынушыларға және мемлекеттік мекемелерді қайта құрылымдауға көп басымдық берілмеген. Бұл Қытайдың қайта теңгеру жоспарының бағытын өзгерте ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Өзгермейді деп үміттенемін. Бір жағынан негізгі нысаны үнемі өзгеріп отыратын курсты оқыту әлдеқайда қызықты әрі өнімді болады.