A woman uses an escalator in a shopping mall in Shanghai JOHANNES EISELE/AFP/Getty Images

Екпіндеген Қытай экономикасы

ЛОНДОН – Қытайдың жақында жариялаған 2017 жылғы ЖІӨ жөніндегі есебі бір жайтты айқын дәлелдеді: бұл елдің даму қарқыны және әлем экономикасына ықпалы бәсеңдер емес.

Exclusive insights. Every week. For less than $1.

Learn More

Әрине, ақпарат құралдарында Қытай таратқан мәліметтердің күмәнділігі туралы әңгімелер де болған, себебі елдің кей аймақтары соңғы жылдары экономикалық көрсеткіштерін асыра көрсетуге бейіл. Дегенмен, басқа аймақтар керісінше де істеп жүруі ықтимал. Мәліметтерін асыра көрсеткенін мойындаған аймақтардың саны онша көп емес, сондықтан бұл жалпыұлттық нәтижеге соншалық ықпал ете қоймас.

Оның үстіне, Қытайдың 1990-жылдардың соңынан тарата бастаған ресми статистикалық мәліметтері туралы сөз еткенде екі мәселе назардан тыс қала береді. Біріншіден, Қытай көрсеткіштерді тым ұлғайтып жіберсе ғана мұндай пікірталасты бастаудың жөні бар. Екіншіден, Қытай жариялаған мәліметті оның басты сауда әріптестерінің және Қытайда жұмыс  істейтін басты халықаралық компаниялардың өздерінде бар деректермен салыстыра қарау керек. Бұрын да жазғанымдай, объективті деректер бойынша Қытай Франция мен АҚШ-ты басып озып, Германияның басты сауда әріптесіне айналды.

Ал 2017 жылдың қорытындысына келер болсақ, ақпарат құралдары көбіне Қытайдың инфляцияны қоса есептегендегі шынайы ЖІӨ өсіміне мән берді. ЖІӨ-нің 6,9 пайызды көрсетуі – екі жылдағы қарқынды ілгерілеу, әрі бұл үкіметтің орташа болжамы – 6,5 пайыздан да жоғары болып шықты. Бірақ ең бас нәтиже – Қытайдың АҚШ долларына шаққандағы номиналды ЖІӨ өсімі. Бір жағынан юанның нығаюының арқасында Қытайдың жалпы экономикалық өнімділігі 2017 жылы 12,7 триллион долларға ұлғайды, яғни бар-жоғы 12 айдың ішінде 13 пайызға (1,5 триллион доллар) өсті.

«Қытай Жапонияның ізімен ұзақ дефляция кезеңіне кіріп барады» дегендердің болжамы расталмады. Меніңше, бұлай тым қарабайыр салыстырудың қисыны жоқ. Қытай дефляция қаупінің ғана емес, ұлттық валюта нығаюының да алдын алды.

Goldman Sachs-тағы әріптестеріммен бірге 2000-жылдардың басында БРИК (Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай) елдері экономикаларының өсуін бақылай бастағанымызда «Қытай Жапонияны тек 2015 жылы ғана қуып жетеді» деп жобалаған едік. 2018 жыл енді ғана басталды, ал Қытайдың экономикасы қазір Жапонияныкінен 2,5 есе, Үндістандікінен 5 есе, Бразилиянікінен 6 есе, ал Ресейдікінен 8 есе үлкен. Оның экономикасы бүкіл еуроаймақ экономикасынан үлкен. 

Қытайдың бір жылда 1,5 триллион доллардың өнімін артық өндіруі – номиналдық есеппен алғанда бір жылда Оңтүстік Кореяның біреуіндей, Швейцарияның екеуіндей, Швецияның үшеуіндей жаңа экономика қалыптастырып отыр деген сөз. Соңғы деректерге қарасақ, Қытай 2027 жылға қарай (бәлкім одан да бұрын) номиналдық есептеу бойынша АҚШ-ты қуып жетпек. Одан он жыл өткен соң БРИК елдері тұтас алғанда G7 елдерінің экономикасын қуып жетеді.

Әрине, мұндай жетістіктің басында Қытай тұрады. Десе де, БРИК-тің қалған мүшелерінің тұтас алғандағы экономикасы Жапониянікінен үлкен. Қазір Бразилия мен Ресей рецессиядан шықты, 2018 жылы БРИК елдері әлемдегі ЖІӨ өсіміне ерекше үлес қосатын сыңайлы.

Әлемдегі экономикалық өсімге қатысты тағы бір тақырып – Қытайдағы тұтынушы. Сарапшылардың көбі әлі күнге Қытайды тек өнеркәсіп державасы деп қарастырады. Ал Қытайдағы тұтыну көлемі ЖІӨ-нің 40 пайызына дейін ұлғайды. 2010 жылдан бері Қытай тұтынушылары әлем экономикасына 2,9 триллион доллар қосты. Бұл – бүкіл Ұлыбританияның экономикасынан көп шама. Британияның сауда бойынша келіссөзшілері мына жайтты естерінде сақтасын: Брекзиттен соң Ұлыбритания экономикасына Қытай нарығы бұрынғыдан да маңызды бола түседі.

Дегенмен, жылдың қорытындыларымен қоса Қытай желтоқсандағы бөлшек сауданың жайын да жария етті, оның көлемі онша көңіл көншітпейді және жылдық есептеу бойынша, 9,4 пайызды құрайды. Бұл – Қытайда тұтыну көлемі төмендеуінің емес, басшылардың жылдың екінші жартысында қаржылық ахуалды қиындатып жібергенінің салдары деп үміттенеміз.

Қытайдың жаһан экономикасындағы рөлі артып келе жатқандықтан, ондағы өрлеу және құлдырау ықтималдығы бүкіл әлемге әсерін тигізеді. Оның үстіне, тұтынудың бәсеңдеуі тек Қытайдың өзі үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қиын болмақ, себебі қазір әлем Қытайдың өнеркәсіп өндірісінен ішкі тұтынуға қарай ойысуына мұқтаж болып отыр.

http://prosyn.org/A30j5qx/kk;

Handpicked to read next