5

Ресейдегі неофедалдық капитализм

ВАШИНГТОН – Владимир Путин басқарған Ресей күннен күнге Брежнев тұсындағы склероздық тоқырау жайлаған Совет одағына ұқсап барады. Тек бір ғана жемқорлық саласында Путин режимі инновацияшылдық танытып отыр. Путин билігінің 18-ші жылында кландық капитализмнің жаңа формасы орнығып келеді.

Соңғы он жыл ішінде Путин Ресей экономикасын мемлекетке қайтарды. Мемлекеттік сектор 2005 жылғы 35 пайыздан 2015 жылы 70 пайызға дейін ұлғайды. Лениннің сөзімен айтсақ, мемлекет экономикалық «бақылау нүктелерін» қолына алды.

Бір жағынан, «Газпром», «Роснефть» сияқты энергетика алпауыттары заманауи бизнес мекемелері сияқты жұмыс істейтіндей көрінеді. Олардың корпоративтік басқару заңдары, бақылау және басқару кеңестері бар, тіпті акционерлердің жыл сайынғы мәжілісі де өтіп тұрады. Олар шетелдік тәуелсіз аудиттен өтіп, жыл сайынғы есебін жариялап отырады, тәуелсіз директорлар кеңесі де бар.

Бірақ, бұл – алдамшы көрініс. Үлкен мемлекеттік компаниялардың ережелері мен саясаттары – тек қағаздағы нәрсе. Шынайы өмірде оларды мемлекет те басқармайды. Мұның орнына оларды кландардың шағын тобы – КГБ-ның бұрынғы офицерлері, министрлер және Путиннің жеке өкілі рөлін атқаратын президент әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалар басқарады.