5

Ресейдегі неофедалдық капитализм

ВАШИНГТОН – Владимир Путин басқарған Ресей күннен күнге Брежнев тұсындағы склероздық тоқырау жайлаған Совет одағына ұқсап барады. Тек бір ғана жемқорлық саласында Путин режимі инновацияшылдық танытып отыр. Путин билігінің 18-ші жылында кландық капитализмнің жаңа формасы орнығып келеді.

Соңғы он жыл ішінде Путин Ресей экономикасын мемлекетке қайтарды. Мемлекеттік сектор 2005 жылғы 35 пайыздан 2015 жылы 70 пайызға дейін ұлғайды. Лениннің сөзімен айтсақ, мемлекет экономикалық «бақылау нүктелерін» қолына алды.

Бір жағынан, «Газпром», «Роснефть» сияқты энергетика алпауыттары заманауи бизнес мекемелері сияқты жұмыс істейтіндей көрінеді. Олардың корпоративтік басқару заңдары, бақылау және басқару кеңестері бар, тіпті акционерлердің жыл сайынғы мәжілісі де өтіп тұрады. Олар шетелдік тәуелсіз аудиттен өтіп, жыл сайынғы есебін жариялап отырады, тәуелсіз директорлар кеңесі де бар.

Бірақ, бұл – алдамшы көрініс. Үлкен мемлекеттік компаниялардың ережелері мен саясаттары – тек қағаздағы нәрсе. Шынайы өмірде оларды мемлекет те басқармайды. Мұның орнына оларды кландардың шағын тобы – КГБ-ның бұрынғы офицерлері, министрлер және Путиннің жеке өкілі рөлін атқаратын президент әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалар басқарады.

Бұл жүйе Гарвард университетінің профессоры Ричард Пайпс «Ескі режим астындағы Ресей» деген классикалық кітабында атап өткен ежелгі феодалдық модельдің үлгілерін алған. Мұнда билеушіге шексіз еркіндік берілген, ал ол феодалдарға тапсырма беріп қойып отырады. Іс жүзінде Ресейдің мемлекеттік компаниялары мемлекеттік меншікті патша меншігінің жаңа моделіне айналдырды. 

Жағдайды халықаралық инвесторлар жақсы түсінді. Олар Ресейдегі акцияларды акционерлерге ықпал ету үшін ��мес, аздаған дивиденд алу үшін ғана сатып алады. Сондықтан, «Газпромның» нарықтағы капитализациясы 2008 жылғы мамырдағы ең жоғарғы көрсеткіш – 369 миллиард доллардан 55 миллиард долларға дейін төмендеді. 

«Мемлекеттік корпорация» деп аталатындардың жұмысы да проблемаға толы. Заң бойынша құрамына «Внешэкономбанк» (ВЕБ) пен «Ресей технологиялары» (Ростех) компаниялары кіретін бұл мекемелер үкіметтік емес ұйым қатарына жатады. Бірақ олар мемлекеттік қаражаттың не солардың мүлкінің арқасында құрылған. 2007 жылы осындай алты корпорация құрылғанда, мемлекеттің 80 миллиард долларлық активі мен 36 миллиард доллардың қаражаты соларға берілген. Сондықтан, олар Путиннің тікелей бақылауында. 

Әдетте, мемлекеттік капитализм – инвестициялық және технологиялық дамуды қоғамның бақылауымен жүзеге асыру деген сөз. Ресейдің мемлекеттік корпорациялары да қоғамның мүддесін қорғап, ел игілігіне жұмыс істеу үшін құрылған сияқты. Шындығында менеджерлер ойларына келгенін істейді, олар делдалдар арқылы өз достарына майлы шелпекті алып береді, немесе активтерді нарықтық емес бағалармен сатады.

Тиімділік, табыстылық, инновация сияқты қарапайым талаптарға онша сай келмесе де, Ресейдің үлкен мемлекеттік компанияларының үкіметке адал басшылары қызметте ұзақ отырады. Компаниясын «Газпром» басшысы Алексей Миллер сияқты шығынға ұшыратқан адам жоқ шығар, бірақ ол сонда да 16 жылдан бері мызғымай отыр. 2013 жылы Миллердің бір жылдағы ресми жалақысы 25 миллион доллар болған. Бүгінде оның қанша табыс табатынын ешкім білмейді, себебі мемлекеттік қызметкерлердің айлықтары жарияланбайды.

Путиннің феодалдары шектен тыс жалақы мен сән-салтанатты феодалдық байлыққа жауап ретінде оның мүдделерін орындауы керек. Әсіресе режимнің өміріне қауіп төндіретін геосаяси мәселелер туындағанда. Мәселен, «Газпром» ақша алмаса да, бүкіл Ресейге газ жөнелтіп отырады да, өзіне көп шығын келтіретін болса да, Кремль жазалағысы келген «асау» көршілеріне газ жіберуді тоқтата қояды. «Роснефть» Венесуэланың иелігіндегі АҚШ-тың Citgo мұнай өңдеу зауытын кепіл ретінде қабылдай отырып, елдегі ауыр экономикалық жағдайды пайдаланып, Венесуэладағы мұнай кеніштеріне жол ашу мақсатында осы елдің мемлекеттік мұнай компаниясына миллиардтаған доллар қарыз берді. 

Әрине, Ресейдің экономикасы да оңып тұрған жоқ. Бірақ Путин режимі мұнай ұңғылары жоғалса да аман қалатындай етіп жабдықталған. Путин өз әкімшілігіндегі «жүйелік либералдардың» тіпті ең ірі мемлекеттік компанияларда қатаң бюджеттік шектеулер қоюына рұқсат берді. Мәселен, «Роснефтті» шығыны көп инвестиция – мұнай химиясынан бас тартуға мәжбүр етті. Соның нәтижесінде қаржылық тұрақтылықты сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қалай болғанда да, мұнай бағасы барреліне 50 доллардың айналасында тұрақтаса, Ресейдің мұнайдан табар табысы қомақты болып қала бермек. 

Алайда, бұл жүйеге қауіп төндіретін жаңа жайттар бар. Солардың бірі – непотизм. Ресейдегі кландық капитализм ерекше ауқатты байларды өсіріп шығарды. Олардың 30-ға толмаған балалары жоғары мемлекеттік қызметтерге ие болды. Ал бұл қайратты да амбициялы жастардың ашуын туғызатыны – заңдылық.

Мәселен, бұрынғы премьер-министр Михаил Фрадковтың ұлы Петр Фрадков 29 жасында ВЕБ төрағасының орынбасары қызметіне ие болды. Путиннің іс басқармасының бұрынғы басшысы Сергей Ивановтың осы аттас ұлы 25 жасында «Газпромбанктің» вице-президенті болса, 36 жасында Ресейдің мемлекеттік «Алроса» алмас компаниясының президенті атанды. «Роснефттің» басшысы Игорь Сечиннің ұлы Иван 25 жасында «Роснефть» департаментінің директоры қызметіне тағайындалды.

Ресейдегі капитализмнің жаңа моделі елдің бұрынғы феодалдық жүйесіне еліктеп, соның сәттіліктерінен үлгі алатын сияқты. Ал бұл жүйенің ғасырлар бойы жұмыс істегені және белгілі. Бірақ, қазір уақыт басқа, жұрттың табысы да, білім деңгейі де, сырттағы идеялардың ықпалы да мүлде өзгеше. Бүгінгі заманда мұндай жүйе Ресейдің әлеуметтік және саяси тұрақтылығына шынымен қатер төндіреді.

Оппозиция серкесі Алексей Навальный премьер-министр Дмитрий Медведевтің ықтимал жемқорлығы туралы деректі фильм түсіргенде, мұны 20 миллион адам тамашалады. Өткен айда Ресейдің 90 қаласында ондаған мың адам көшеге шығып, жемқорлыққа қарсылық білдірді. Сарайдың өзі былқ етпегенімен, Путиннің неофеодалдық режимінің іргетасы шытынап жатқан тәрізді.