Aids ribbon at the White House Mark Wilson/Getty Images

ЖИТС-тың соңы

НЬЮ-ЙОРК – 1981-2016 жылдар аралығында ЖИТС (Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы - AIDS) пандемиясы 36 миллион адамның өмірін жалмаған. Осынша адам қазір АИВ (Адамның иммун тапшылығы вирусы - HIV) вирусымен өмір сүріп жатыр. Өткен жылы 1,2 миллион адам ЖИТС дертінен көз жұмса, 1,8 миллионы ауруды жұқтырды. Бұл статистика үрейлендіреді, бірақ бір қуаныштысы – «ЖИТС-тан ада ұрпақ» жобасының қойған мақсаты шынайы, оған қол жеткізуге болады. Қажетті саяси шешімдер АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп әкімшілігі қызметіне кіріскен соң бірден қабылданбақ. 

«Эпидемияны  тоқтатуға болады» деп сенімді түрде айтуымызға 2011 жылы ашылған ғылыми жаңалық себеп. Ол жаңалық бойынша, АИВ вирусы бар адамдар антиретровирустық (АРВ) ем қабылдаса, олардың қанындағы АИВ вирусы әлсірейтіні сондай, оны секс немесе ортақ инені пайдалану арқылы басқаларға жұқтыру мүмкін болмай қалады. Бұл жаңалық «аурудың алдын алу мақсатында емдеу» концепциясын бекітті. Егер АИВ вирусы бар адамдардың көбі АРВ емін қабылдаса, бұл олардың өмірін сақтауға ғана емес, вирустың әрі қарай таралмауына да септігін тигізеді, сөйтіп эпидемияның өзін тоқтатады.

Осы жаңалықты негізге алған ЖИТС бойынша мамандар «90-90-90» және «ЖИТС-тен емдеу каскады» деген екі түрлі идея ұсынып отыр. 90-90-90 бағдарламасы бойынша, 2020 жылға қарай АИВ-ға шалдыққандардың 90 пайызы бойында вирус бар екенін біледі (алғашқы 90); ауруынан хабардар жандардың 90 пайызы АРВ емін қабылдайды (екінші 90); АРВ емін қабылдайтындардың 90 пайызы қанындағы АИВ вирусын әлсіретеді. «Каскад» жобасының идеясы: осы үш 90-ның әрқайсысы діттеген межесіне жете алса, яғни 90% x 90% x 90% десек, АИВ жұқтырғандардың арасында ол вирусты әлсіреткендердің жалпы үлесі 72 пайыз болмақ.

https://prosyn.org/GLBhSkCkk