11

Қытайдың сандық дәуірдегі секірісі

ГОНКОНГ – Қытай қырық жылдың ішінде арзан тауар тасымалдаушыдан ғаламдық өндіріс тізбегіндегі АҚШ пен Германиядан кейінгі үшінші маңызды өндірушіге айналды. Елдің жалпы ішкі өнімінің 170 пайызына жетіп қалған корпоративтік қарыз мәселесіне және орташа табыс «тұтқынынан» шығу мүмкіндігінің аздығына қарамастан, сандық жүйеге жылдам көшу Қытай эконмикасын өндіріс тізбегінің жоғарғы сатысына көтере беретін болады.

40 жыл бұрын сыртқы әлемге есігін ашқан Қытай содан соң арзан жер мен жұмыс күшінің көзіне айналды, осының арқасында ол тұтыну өнеркәсібінде үлкен ауқымды қамтуға мүмкіндік алды. Кейін Қытай орташа табысты ел қатарына кірген соң өзі де негізгі тұтынушы нарыққа айналды. 2012 жылы Қытайдың қазіргі басшылары «демографиялық дивидендтің» нәтиже бере бастағанын, Қытай экономикасы шешуші кезеңге жетіп, шектен тыс жұмыс күшінің қалыпқа түскенін және жалақының өсе бастағанын хабарлады. Сонымен бірге, «ашықтық дивиденді» де шарықтау шегіне жетіп, бүкіл әлемдегі протекционистік кедергілермен күресіп жатқаны мәлім болды.

Қытай «Белдеу және жол бастамасы» сияқты жобалардың көмегімен әлі де жаңа нарықтарды пайдалана алады, бірақ оған біршама қаржы шығындайды. Өсімді тездету үшін ғаламдық өндіріс тізбегінің жоғарғы басына ұмтылып, экономикалық реформаларды тереңдетіп, жаңа технологияларға көбірек мән беру қажет болады. 

Қытай үкіметінің 13-ші бесжылдық жоспарында (2016-2020 жылдар) ресурстарды нарықтық жолмен үлестіруге және кәсіпкерлік шығындарын азайтуға көбірек  көңіл бөлінген. Ал 2015 жылы ұсынған «Қытайда жасалған 2025» және «Интернет плюс» бастамалары басшылықтың өндірістік базаны Интернетке қарай бейімдеуге деген ерекше ықыласын байқатты. Бұл екі жоспар жасанды интеллектіні, роботтарды және әлеуметтік желілерді өнім өндіру процесімен біріктіріп, Қытайдың экономикасы мен қоғамын сандық технологияға бейімдеуді мақсат тұтады.

2015 жылы Қытай әлемдік электронды саудада көш бастады. Бұл елдегі онлайн сатылым көлемі әлемдегі жалпы электронды сауданың 18 пайызына жетсе, АҚШ бар болғаны 8 пайыз үлеске ие. Қытайдың Baidu, Alibaba, Tencent сияқты үш негізгі технологиялық платформасының өркен жайғаны сондай, олар Amazon, Apple, Facebook, Google және Netflix сияқты америкалық технология алыптарымен бәсекеге түсе бастады.

Ол аз болса, iResearch ұйымының зерттеулеріне қарағанда, Қытайда мобильдік сауда көлемі 5,5 триллион долларға жеткен, ал бұл – АҚШ-тағыдан 50 есе көп. Қытайдың көп қалаларында төлем түрі жөнінен қолма-қол ақшаның орнын ұялы телефондағы электронды әмиян бағдарламалары басып жатыр.

Физикалық және сандық технологиялардың жаңа бизнес модельдерімен араласуының арқасында Қытайдың сандық технология дәуіріне өтуі жылдамдай түсті. Bruegel-дың соңғы сараптамасына сенсек, Қытай Еуропа одағымен салыстырғанда зерттеу мен дамуға ЖІӨ-нің көбірек бөлігін жұмсап отыр. Оның үстіне Қытай АҚШ-тыкімен бірдей көлемде ғылыми мақалалар жариялап, жаратылыстану ғылымдары мен техника саласында олардан көбірек PhD докторлар шығара бастады. 2017 жылдың бірінші тоқсанында 938 миллион қолданушысы тіркелген Қытайдың WeChat әлеуметтік желісі ақпарат алмасуды жеңілдетіп, күрделі жұмыстарды жақсырақ үйлестіру арқылы өнімділікті бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін арттырды.

Boston Consulting Group-тің айтуы бойынша Қытайдың электронды коммерция платформалары Батыстағыларға қарағанда өзгеше дамыды, себебі олар тұтынушылардың жылдам өсіп бара жатқан сатып алу мүмкіндіктеріне, құлшынысына және инновациялық жаңалықтарға тез бейімделді. Үкіметтің Интернетке негізделген бизнес-модель экспериментінен қуат алған Қытай фирмалары дәстүрлі салада да көп жетістікке жетті. Мұның жылдам жүріп жатқаны сондай, қазір үкіметтің өзі  blockchain және «жасанды интеллект» сияқты жаңа технологияларды тездетіп енгізіп, заман ағымына ілесіп отыруға мәжбүр.

Қытайда бизнес пен транзакция шығындарын азайтуда электронды төлемдердің маңызы зор, себебі бұл Қытайда жасалған тауарлардың өзіне жұмсалатын шығын АҚШ-тағыдан жоғары болып отырған бөлшек сауда саласының жұмысын тиімді ете түседі. Бірақ, алаяқтықтың пайда болуы және кей бір сатылы (P2P) платформалардың іске аспай қалуы жүйедегі тұрақтылықты сақтау үшін қатаң реттеудің қажеттігін аңғартады.

Әлі де көп сала сандық түрге көшіп жатқандықтан, Қытай әлемдік өндіріс тізбегіндегі сандық кеңістікке біртіндеп ене беремек. Қытай өндірушілері ғаламдық нарыққа дендеп еніп, шетелдердегі идеяларды көшіре отырып, 3D принтерді, роботтарды, Big Data-ны және жасанды интеллектіні жергілікті деңгейде де қолдана алады. Қазір өнім өндіру мен тұтынуды бөлек кезеңдерге бөлудің сансыз көп мүмкіндіктері бар. Дегенмен, жаңа сандық экономиканың көп жетістіктерімен қоса көп кемшіліктері де болады.

Шынымен, Қытай саясаткерлері алдағы жылдары түрлі «сандық дилеммалармен» бетпе-бет келетін сияқты. Қытайдың әуе компаниялары, теміржолдар, порттар мен телекоммуникация мекемелері тәрізді коммуналдық кәсіпорындардың көбі - мемлекет қарамағындағы ұйымдар басқаратын, бір өнім түрін сататын мекемелер. Ал технологияның жаңа пайда болған алыптары - көп өнім шығаратын, көп арналы платформалар, олар өнім өндіру, тарату, төлем жасау және байлықты бөлісу сияқты түрлі салаларды қамтиды.

Қытай басшылары Go деген ойындағыдай елдің барлық бөлшектерін, яғни мемлекет қарамағындағы мекемелердің бизнес-модельдерін тиісті орында, тиісті уақытта және өзара әрекеттесе отырып өзгертуі керек. Мемлекет қарамағындағы мекемелерде реформалардың баяу жүріп жатқанын сынайтындар сандық кеңістікте мемлекеттік ұйымдар мен ашық тізімделген технология алыптарының арасында өнімді бәсеке турдыру қажеттігін ескермейді. 

Мемлекет қарамағындағы мекемелердің басшылары қатты шектеудің кесірінен бәсекеде жеңіліп жатқандарын, сондықтан технология алыптары мемлекеттің қарамағындағы телекоммуникация, транспорт және қаржы арналарында еркін әрекет ету арқылы олардың нанын тартып жеп жатқанын айтып, орынды түрде шағымданады. Ал технология алыптары болса, егер тиімділігі төмен өндіру және тарату сияқты мобильді төлемдерден басқа да салаларға жылдамырақ енуге мүмкіндік берілсе, өнімділік тез артқан болар еді дейді.

Және бір дилемма – сандық жүйеге көшу тұтынушы үшін жақсы болғанымен, жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік тұрақтылық үшін онша жақсы емес. «Сандық Қытай» жобасында жеңгендер мен жеңілгендер болады. Бірақ қоныс аударған жұмысшылар жаңа жағдайға неғұрлым жылдам бейімделсе, жүйе де соғұрлым жақсы болады.

Білімге негізделген экономикаға ойысу арқылы Қытай ғаламдық өндіріс тізбегінде негізгі орынды иеленіп, «реформаның дивидендін» көре бастады. Бірақ бұл трансформация бір жағынан қызықты, ал екінші жағынан қауіпті. Бұрын-соңды ешқашан экономика мұндай түбегейлі өзгерістерді бұлайша тез бастан кешіріп көрген емес.