7

Дүниежүзілік сауда ұйымы қайта бас көтере ме?

НЬЮ-ДЕЛИ – Т.Элиоттың сөзімен айтсақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы ұзақ уақыттан бері «Леманның суында» (Женева көлі) қалқып жүр. Бір кездері әлемдегі ең мықты көпжақты сауда форумы болған ДСҰ соңғы жылдары біртіндеп оқшауланып барады, және Ұлыбританиядағы Брекзит референдумы, АҚШ-та Дональд Трамптың президент болып сайлануы сияқты жаһандануға қарсы шабуылдар бұл трендтің жылдамдай түсетінін аңғартады. Бірақ ДСҰ-ның қайта бас көтеруіне мүмкіндік беретін басты үш өзгеріс және ұйымның көпжақты сипаты ақыр соңында мүлде басқа нәтижелерге алып келуі мүмкін.

Бірінші өзгеріс – балама сауда механизмдерінің азаюы. Ғаламдық сауда бойынша келіссөздердің Уругвай кезеңі аяқталғаннан бірер жыл өткен соң, Қытай сияқты көптеген елдер мүшелікке өте бастаған 2000-жылдардың басында ДСҰ өзінің шарықтау шегіне жеткен.

Бірақ АҚШ, Еуроодақ сияқты саудадағы басты ойыншылар кейіннен көпжақты сауда келісімдерінен бас тартып, екіжақты, аймақтық, мега-аймақтық жобаларға ойыса бастады. Әсіресе, Транс-тынықмұхиттық әріптестік (ТРР), Трансатлантикалық сауда және инвестиция әріптестігі (ТТІР) сияқты мега-аймақтық жобалар ДСҰ-ға үлкен қатер төндірді. Ал қазір Трамп әкімшілігі дәл осы келісімдерден бас тартып, не оларды кейінге қалдырып жатыр.

Еуропадағы интеграция құрлықтың өз ішіндегі сауданы реттеуде балама платформа ұсынғандықтан, ол да ДСҰ-ға дәл сондай кері әсерін тигізді. Алайда, Еуропадағы жобалар әсіресе Ұлыбритания Еуроодақтан шығып жатқан қазіргі таңда қиын жағдайда қалмақ. Брекзиттен кейін ДСҰ Британияның әлем елдерімен арадағы сауда қарым-қатынасының маңызды форумы болатын шығар. Еуроодақтың әрі қарай ыдырауы бұл трендті одан әрі жылдамдата түседі.