7

Дүниежүзілік сауда ұйымы қайта бас көтере ме?

НЬЮ-ДЕЛИ – Т.Элиоттың сөзімен айтсақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы ұзақ уақыттан бері «Леманның суында» (Женева көлі) қалқып жүр. Бір кездері әлемдегі ең мықты көпжақты сауда форумы болған ДСҰ соңғы жылдары біртіндеп оқшауланып барады, және Ұлыбританиядағы Брекзит референдумы, АҚШ-та Дональд Трамптың президент болып сайлануы сияқты жаһандануға қарсы шабуылдар бұл трендтің жылдамдай түсетінін аңғартады. Бірақ ДСҰ-ның қайта бас көтеруіне мүмкіндік беретін басты үш өзгеріс және ұйымның көпжақты сипаты ақыр соңында мүлде басқа нәтижелерге алып келуі мүмкін.

Бірінші өзгеріс – балама сауда механизмдерінің азаюы. Ғаламдық сауда бойынша келіссөздердің Уругвай кезеңі аяқталғаннан бірер жыл өткен соң, Қытай сияқты көптеген елдер мүшелікке өте бастаған 2000-жылдардың басында ДСҰ өзінің шарықтау шегіне жеткен.

Бірақ АҚШ, Еуроодақ сияқты саудадағы басты ойыншылар кейіннен көпжақты сауда келісімдерінен бас тартып, екіжақты, аймақтық, мега-аймақтық жобаларға ойыса бастады. Әсіресе, Транс-тынықмұхиттық әріптестік (ТРР), Трансатлантикалық сауда және инвестиция әріптестігі (ТТІР) сияқты мега-аймақтық жобалар ДСҰ-ға үлкен қатер төндірді. Ал қазір Трамп әкімшілігі дәл осы келісімдерден бас тартып, не оларды кейінге қалдырып жатыр.

Еуропадағы интеграция құрлықтың өз ішіндегі сауданы реттеуде балама платформа ұсынғандықтан, ол да ДСҰ-ға дәл сондай кері әсерін тигізді. Алайда, Еуропадағы жобалар әсіресе Ұлыбритания Еуроодақтан шығып жатқан қазіргі таңда қиын жағдайда қалмақ. Брекзиттен кейін ДСҰ Британияның әлем елдерімен арадағы сауда қарым-қатынасының маңызды форумы болатын шығар. Еуроодақтың әрі қарай ыдырауы бұл трендті одан әрі жылдамдата түседі.

Әрине, Азиядағы және басқа құрлықтардағы аймақтық сауда келісімдері арта түсетіні анық. Бірақ тізгінді біреу қолға алуы керек. Бірақ, жүйелік тұрғыда маңызды деген елдердің бірде-бірі ішкі саяси тұрақтылық, экономикалық динамизм, тәуекелдің аздығы, ашық нарықты қолдау сияқты көшбасшыға қойылатын қатаң талаптарға жауап бере алмайды.

Бірақ, қанша қисынға келмейді десе де, сайлаушылардың тым қатты жаһандануға деген қарсылығының өзі ДСҰ-ның қайта бас көтеруіне жол ашады. Тым қатты жаһандану дегеннің өзі – «терең» интеграция. Ол тауар мен қызметке нарықтың есігін айқару ашудан да жоғары тұратын, иммиграцияны арттыру (АҚШ және Еуропа), ережелерді бір ізге түсіру (ТРР мен ТТІР-ның амбициялық жоспарлары), ішкі саясатты мейлінше жақындастыру (NAFTA мен TPP-ның инвесторлардың мәселелерін шешу процедуралары) мәселелерін қамтиды. Еуроодақ жағдайында бұл тіпті ортақ валютаға ұласуы мүмкін. Мұндай интеграция үшін аймақтық бірігу ДСҰ-дан әлдеқайда тиімді.

Бұл «терең» интеграция жоғалған соң ДСҰ қайтадан өзара сауда-саттық жасасатын елдер үшін бизнес жасауға ең оңтайлы форумға айнала алады. Қателеспеу керек: ДСҰ әсіресе технология қарыштап дамыған қазіргі заманда әлі де жаһандануды реттеп, басқаруға тиіс болады. Тауар өндіру мен өткізуді мақсат тұтып, өзара матасқан елдердің әлемдегі тор іспетті байланысы (мұны Дүниежүзілік банк өкілі Аадития Матту «матасқан жаһандану» (criss-crossing globalization) деп атаған) кері кетуге жол бермейді.

ДСҰ-ға жан бітіретін үшінші өзгеріс – Трамп әкімшілігінің протекционистік саясаты. Егер АҚШ тарифтерді өсіріп, экспортты қолдап, импортты жазалайтын салық түрлерін енгізе берсе, оның сауда әріптестері дауларды шешуде мүмкіндігі зор ДСҰ-ға жүгінетіні анық.

Сөйтіп, ДСҰ АҚШ-тың сауда саясатын тексеріп, бақылайтын орынға айналуы мүмкін. Бұрындары жаңа ережелер енгізіп, келісімдер жасасу арқылы алға жылжуды қалайтын елдер үшін тұсау сияқты көрінген ДСҰ-ның әмбебаптығы енді оның ең күшті жағына айнала алады. Себебі оның легитимділігі жоғары, ал бұл саудадағы кикілжіңдерді азайтып, конфликтілердің алдын алады.

«Тұтылу» (Eclipse) деп аталатын кітабымда «көпжақтылық - жаңа державалардың бейбіт жағдайда өсіп жетілуін қамтамасыз ететін алғышарт» деген ой айтқан едім. Дегенмен, әлсіреп бара жатқан державалар туралы да осылай деуге болады екен.

Бірақ ДСҰ-ның қай түлеуі автоматты түрде жүзеге аспайды. Бұған ынтызар тараптар белсенді түрде әрекет етуі керек. Бұл шаруаны атқаруға ең ыңғайлы кандидаттар – жаһанданудың ең көп шапағатын көріп жүрген орта деңгейлі экономикасы бар елдер. АҚШ-пен және Еуропадағы кей елдермен салыстырғанда олар жаһандануға теріс қарайтын халықтан көп қысым көріп жатқан жоқ.

Австралия, Бразилия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Ұлыбритания, бәлкім Қытай мен Жапония көпжақтылықтың басты серкелері бола алады. Ешқайсысы өте үлкен емес болғандықтан (Қытайды қоспағанда), ашық нарықты қолдау үшін олар бірлесе жұмыс істеуі керек.

Оның үстіне, олар тек ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты дәстүрлі салалар ғана емес, қызмет көрсету, инвестиция және стандарттар сияқты жаңа салаларға да өз нарықтарын ашуы керек. Осылай істеу арқылы олар ашықтықты қамтамасыз етудің жедел дамып келе жатқан, ірі саудагерлер талап етіп отырған транзакциялық әдісін меңгереді. 

Жер шары жылдам жаһанданудың бәсеңсуіне лайықты жауап беруі керек. Ашықтықты сақтауға өте мүдделі, көлемі орта экономикалар бастаған көпжақтылық саясаты ғана мұны жүзеге асыра алады. Олар қазір Леман көлінің жағасына қарай бет алуы керек.