Empty seats are seen in the stands during the 2018 FIFA World Cup Russia Matthias Hangst/Getty Images

Әлем чемпионатын өткізудің қажеті не?

НОРТГЕМПТОН, МАССАЧУСЕТС – Кімге көбірек сенесіз, Ресей президенті Владимир Путинге ме, әлде Чикаго мэрі Рам Эммануэльге ме? Ресей 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізіп, Путин соның буына мастанып жатқанда, Эммануэль доп додасы 2026 жылы Солтүстік Америкаға келгенде Чикагоның оны өткізуге ешқандай қызығушылығы жоқ деп мәлімдеді. Канада мен Мексиканың әрқайысы он матчтан өткізеді, ал АҚШ қалған 60 ойынды ұйымдастыруы керек. АҚШ-тың үшінші ірі қаласы бұдан неге бас тартып отыр?

Әлемдік деңгейдегі спорт жарысын өткізудің қандай екенін елестету үшін мына фактілерге назар аударыңыз. Путин үкіметі  2014 жылғы Сочидегі Қысқы олимпиада ойындарын ұйымдастыру үшін 51-70 миллиард доллар жұмсаған. Ал 15 шілдеге дейін жалғасатын футболдан әлем чемпионатына 14 миллиард доллар кетеді деп болжанып отыр. Жеті жаңа стадионды (соның бірі – құны 1,7 миллиард долларға шыққан Санкт-Петербургтегі стадион) салып, бесеуін қайта жөндеуден өткізуге Ресей бюджетінен ақша бөлінді. Бұған жаттығу орындары, тұрғынжайлар, ауқымды инфрақұрылым мен қауіпсіздік сияқты салалардың шығындарын қосыңыз.

1994 жылғы әлем чемпионатының ашылу салтанаты мен алғашқы матчын өткізген Чикаго енді басқаша көзқарас ұстанып отыр. Эммануэльдің баспасөз хатшысы Мэтт Макгрэт жақында “ФИФА біздің қаламыз бен салық төлеушілеріміз түсінбей отырған негізгі жайттарды нақтылайтындай ештеңе істемеді” деп түсіндірді. Макгрэттың айтуынша, ФИФА “келісім-шартты кез келген уақытта өз қалауына қарай өзгертетіндей етіп” ашық қалдыруды талап еткен.

https://prosyn.org/oKVd1frkk