oneill85_Maria Stavreva_getty images_economic recovery Maria Stavreva/Getty Images

Экономиканың V сипатындағы қалпына келуі жүріп жатыр

ЛОНДОН – Биыл көктемде пандемияның әсерінен басталған құлдыраудан кейін әлемдік экономиканың көп бөлігінде V сипатындағы қалпына келудің дәстүрлі белгілері байқала бастады. Көп мемлекеттің айлық көрсеткіштері маусым және шілде айларында үшінші тоқсанға болжанған шынайы (инфляция ескерілген) жалпы ішкі өнімнің 10-15 пайыздық өсімін қосқанда, жақсы нәтиже көрсетті.

Аталған өсім қалыпты жағдайға техникалық түрде ғана оралуды білдіріп, негізгі коллапстың тереңдігінен туған иллюзия болуы мүмкін деп күдіктенуге негіз бар. Көп мемлекет COVID-19 инфекциясының екінші толқынынан зардап шегіп, екпеге ерте қол жеткіземіз деген үміт ақталмаса, жағдай шынымен осылай болуы мүмкін. Нақты не боларын ешкім білмейді. Мемлекеттер вирусқа қарсы күрес пен экономикасын қалпына келтірудің арасында тепе-теңдік сақтауға тырысып жатқандықтан, бізге шыдамдылық танытып, дәлелдерді күтуден басқа амал жоқ.

АҚШ басқа мемлекеттермен салыстырғанда, вируспен күреске көп уақыт жұмсағанымен, қазір елде коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастар саны біршама азайды. Бұл жаз уақытында экономикалық өсімге қол жеткізу ықтималдылығын арттырады. Ал Қытайдағы соңғы көрсеткіштер инфекциялық бақылау мен жылдам сауығудың жоғары деңгейін көрсетті. АҚШ пен Қытайдың әлемдік экономикада басым рөлге ие екенін ескерсек, қос мемлекеттің арасында сауда және технология мәселелеріне байланысты кикілжің барына қарамастан, мұндай позитивті оқиғалар әлемдік сауданың қайта қалпына келетіндігінен хабар береді.

Еуропаға келсек, көп елде COVID-19 пандемиясының екінші толқынының белгілері байқалып жатыр. Аурудың өршуі Испанияның аяққа тұруына ерекше қауіп төндіреді. Бірақ барлық жердегі жағдай бір емес. Басқа мемлекеттер бақылау шараларын күшейтті, бұл қадам нәтижелі болса, олар экономикасын қалпына келтіру процесін  жалғастыра алады.

Қыркүйектің ортасындағы дерек бойынша, бар білетініміз - осы. 2020 жылдың соңында және 2021 жылы тұрақты экономикалық өсім болатынына сену үшін бізге емдеу саласындағы оң өзгерістер мен қауіпсіз, тиімді екпе сияқты прогрестен хабар беретін көбірек дәлел керек. Екпе барлығына бірдей қолжетімді болған кезде, экономикалық белсенділік те артады. Әлеуметтік қашықтық сақтау тәртібінен көп зардап шеккен халықаралық жолаушы тасымалы,  ойын-сауық және қонақ күту  салалары қайта жанданады.

Қазір сынақтың үшінші кезеңіне жеткен ықтимал болашақ екпелер сәтсіздікке ұшырамаса, алдағы айларда пандемияның әсерінен туған дағдарыстан қатты зардап шеккен салалар қалпына келеді деп күтуге болады. Сонда экономика циклдық сипатта қалыпқа келеді деген үміт ақталады.

Subscribe to Project Syndicate
Bundle2020_web

Subscribe to Project Syndicate

Enjoy unlimited access to the ideas and opinions of the world's leading thinkers, including weekly long reads, book reviews, and interviews; The Year Ahead annual print magazine; the complete PS archive; and more – All for less than $9 a month.

Subscribe Now

Бірақ бұл жерде талқылауды қажет ететін бірнеше құрылымдық мәселе бар. Әуелі, «Қазір Сауд Арабиясы басқарып отырған G20 ұйымы 2008 жылғы ғаламдық дағдарыстан кейін байқалған шынайы халықаралық әріптестікті жандандыра ала ма?» деген биылғы күздің ең маңызды сұрағын қарастырып көрейік.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен өзге де халықаралық денсаулық сақтау органдарының дерегінше, әлемдегі 7,8 миллиард адамға екпені әділ бөлу үшін 35 миллиард доллар қаржы керек. Бұл G20 елдерінің қазірге дейін ұлттық экономикасын қолдауға жұмсап үлгерген қаржысымен салыстырғанда, көп ақша емес. Сондықтан екпеге қол жеткізу мүмкіндігін шектемеу және ғаламдық саулықты қамтамасыз ету мақсатында екпені жаппай тарату жұмыстарын қаржыландыру өте маңызды.

Аз талқыланғанымен, өзектілігі жоғары тағы бір мәселе - ішкі және сыртқы өсім арасындағы күштер тепе-теңдігі. Пандемия кезінде туған алаңдаушылықтан көп ел үкіметі, әсіресе Еуропа одағындағы мемлекеттер бұрын-соңды болмаған салықтық-бюджеттік ынталандыру шараларын қолға алды. Бұл шығындарды жабуға ерекше жомарт ақша-несие саясаты қолдау көрсетті.

Экспансияға негізделген макроэкономикалық саясаттың болжамына сәйкес, бюджет шығындарының кенеттен және үлкен көлемде қысқарғанын есептемегенде, 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі жағдаймен салыстырғанда экономиканың қалпына келуіне бұл жолы ішкі сұраныс көбірек ықпал етеді. Бұл әлемдік сауданың қазір айтылып жатқан пікірлердегі болжамнан әлдеқайда тезірек қалпына келуіне әсер етуі мүмкін.

Бірақ бұл бізді үшінші құрылымдық мәселеге әкеледі. Қазіргі шығындарды кім және қашан төлейді? Экономикасы дамыған елдер салық-бюджет саясатын ерте қатаңдатуға жол бермеу туралы келісімге келгенге ұқсайды. Мәселен, мен бұл саясатты дағдарыс аяқталғаннан кейін қатаңдатуды қолдаймын. Бірақ әрине, көп нәрсе экономиканы қалпына келтіру жылдамдығы мен ауқымына ғана емес, бюджет тапшылығының көлеміне де байланысты болады. Осы тұста АҚШ-та жұмыспен қамту деңгейінің күтілгеннен жоғары нәтиже көрсетуіне байланысты салықтық-бюджеттік ынталандыру шаралары қысқартылғанын атап өткен жөн.

Ақша-несие саясатына келсек, АҚШ Федералды резерв жүйесінің тамыздың соңында «орта инфляция таргетингі» режиміне көшкенін хабарлауы қосымша қолдау ретінде қабылданды. Бірақ мәселенің бір қызық тұсы бар. Саяси өзгерістер туралы шешімдер инфляциялық қысымның дамуына тәуелді ме? Қаржы нарығында күтпеген инфляция өсімі тіркеліп, алаңдаушылық басталса, саясаткерлер тағы да өз қадамын өзгертуге мәжбүр болуы мүмкін.

Осыған дейін биыл жарияланған пікірлерімде көтерген «Саясаткерлер COVID-19 дағдарысы әкелген өзгерістерге қалай жауап береді?» деген сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Олар көп корпорацияны декарбонизация жүргізіп, микробтарға қарсы препараттардың тұрақтылығы мен болашақ пандемиялар қаупі сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуге көндіру арқылы «мақсатпен табыс табуға» бағытталған жаңа кәсіпкерлерлік мәдениетін дамыта ма? Көптен күткен дамуға айналатын бұл қадам біздің үкіметтеріміз үшін тым үлкен шаруа болғалы тұр.

https://prosyn.org/tDb7fTIkk