5

Санкциялар мен доллар үшін тәуекел

КЕМБРИДЖ – АҚШ өзіне шетелдік державалардың немесе олардың сенiмді өкілдерінің кибер шабуылдарына қалай жауап бере алады? Бұл Президент Барак Обама АҚШ-тың соңғы сайлау циклі кезінде ресейлік хакерлердің бұзу істері туралы есептемеге тап болғаны жайындағы мәселе. Бірақ ол Ресей немесе Обама туралы ғана емес. Сайланған Президент Дональд Трамп та дәл сондай мәселеге тап болады. Және оның да керемет таңдауы болмайды.

«Атау мен ұялту» нәтижесіз шешім, себебі көп жағдайда хакерлер шын мәнінде ұялмайды. Сол сияқты, қылмыстық іс айыптау - бұрын қытай хакерлеріне қарсы қолданылған шара - соттың талқылауына ешкімді келтіре алмайды. АҚШ вице-президенті Джозеф Байден Ресей компьютерлік желілеріне қарсы шабуылды ұсынды, бірақ бұл моральдық негізден қарағанда жоғарырақ позициядан айрылып,  шиеленістің артуына да түрткі болуы мүмкін.

Экономикалық санкциялар шетелдік бұзуларды айыптаудың ең қарапайым және арзан тәсілі сияқты көрінуі мүмкін; Ресейге байланысты жағдайда, оның ірі банктері мен Ресей президенті Владимир Путиннің серіктестеріне қарсы қолданыстағы санкцияларды күшейтуге болар еді. Бірақ тым жиі санкцияларға жүгінудің, сайып келгенде, дүниежүзілік экономикадағы АҚШ рөлін төмендететін алыс-жетіп салдары болуы мүмкін.

Әлемдік қорлардың үштен екісі долларлық, және әлемдік барлық валюталық операциялардың 88%-ы долларды қамтиды. Сондықтан, Американың ең қуатты санкциялық құралы қылмыстық немесе алаяқтықпен айналысушы банкке АҚШ долларлық трансакцияларды жүргізуге блок қою болып табылады. Бірақ АҚШ әр кез біржақты тәртіпте басқа елге қарсы санкцияларды қатайтқан сайын, ол сондай-ақ болашақ санкциялардың әсерін азайтып, әлемдегі негізгі резервтік валюта ретінде доллардың мәребесіне де нұқсан келтіретін тәуекелдерді тудырады.