15

Тұрғын үй дағдарысы: дежавю

КЕМБРИДЖ – 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы әлемдік қаржы жүйесі архитектурасының осалдығын дәлелдеді: ипотекаға негізделген құнды қағаздардың бір түндік нарығы тұрғын үй көпіршігінің жарылғанын көтере алмады. Арада тоғыз жыл өтсе де бұл олқылықтың орны толған жоқ.

Дағдарыс басталған тұста АҚШ-тағы компаниялар мен инвесторлар артық ақшаларын түн ішінде банктер мен басқа да қаржылық мекемелерге қарызға беріп, олар ертесінде таңертең несиелерін пайыздық үстемемен қосып қайтарып жүрген. Депозиттерді сақтандыру жүйесі тек 100 мың долларға дейінгі сомаларды сақтандыратындықтан, миллиондаған доллары барлар АҚШ Қазынашылығының өте сенімді ұзақмерзімді облигацияларын кепіл ретінде пайдаланып, қаражатын бір түндік нарыққа салуға құлықты болды.

Бірақ, бір түнде ақша тапқыштар қаупі жоғарылау ипотекалық несие пулын таңдаса, пайыздық үстемені көбірек алады. Көпшілігі осы жолды таңдады да. Сөйтіп, Американың қатты қызып кеткен жылжымайтын мүлік нарығы триллиондаған доллар ақша нарығына айналып шыға келді.

Кейіннен осы транзакциялардың артында тұрған активтер пулының тұрақсыздығы белгілі бола бастады, себебі олардың құрамындағы сапасы төмен несие көлемі арта бастады. 2009 жылы компаниялар абдырап қалды. Олар ипотекалық несиелерді кепіл ретінде беріп, ақшаларын бір түнге қалдыру идеясынан бас тарта бастады. Сол қолма-қол ақшаға тәуелді болып қалған қаржы жүйесі тоқтады. Несиелеу азайды, үрей күшейді, ал экономика рецессияға қарай сырғыды.