21

Трамп сауда соғысына дайындалып жатыр

НЬЮ-ХЕЙВЕН – АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп сыртқы сауданы Американың қамыт киген орта табын қорғаудағы қалқан ретінде пайдаланған. Бұл – саяси спектрдың кез келген бөлігіндегі кандидаттардың жиі қолданатын әдісі. Алайда, Трамптың жеңгеннен кейін де саудаға қарсы пікірін өзгертпеуі – тосын құбылыс болып тұр. Ол керісінше, талаптың шегін көтеріп, ерте дабыл қақтырар бірер оқ атып үлгерді, ал бұл ертең АҚШ пен бүкіл әлем үшін зардабы орасан зор болатын кең көлемді ғаламдық сауда соғысына ұласып кетуі ықтимал. 

Трамптың негізгі кадрлық шешімдеріне тоқталып көрейік. Сауда министрі лауазымына ұсынылған индустриалист Уилбур Росс - оның «Америка «ақылға сыйымсыз» сауда келісім-шарттарынан бас тартуы керек» деген пікірін қос қолдап қолдаған адам.  Ирвиндегі Калифорния университетінің экономика профессоры Питер Наварро Ұлттық қауіпсіздік кеңесімен және Ұлттық экономика кеңесімен тең дәрежеде жұмыс істейтін,  Ақ үйдің саясатын айқындайтын жаңа мекеме – Ұлттық сауда кеңесін басқарады. Наварро – Американың Қытай жөніндегі сұр кардиналы. Оның соңғы жазған екі кітабы – «Қытайдың ажал құштыруы» (2011) және «Жиырылған жолбарыс: Қытай милитаризмінің әлем үшін мәні не?» (2015), тақырыптарының өзі оның таблоид деңгейіндегі біржақтылығын паш етіп тұр. Cонымен қатар, Росс пен Наварро  - Трамптың сайлауалды вебсайтында жарияланып, объективтілік атаулыдан жұрдай болған экономикалық саясатқа қатысты сарапталық материалдың авторлары. Енді олардың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндіктері болады. Іс жүзінде бұл процесс басталып кетті десе де болады.

Американың сауда келісім-шарттарын сынаған Росты қолдаған Трамп АҚШ-ты Транс-Тынық мұхиттық әріптестік шартынан жедел түрде шығаратынын айтты. Қытайға қарсы «туиттерін» айтпаған күннің өзінде, оның 40 жылға созылған «Бір Қытай» саясатына шәк келтіріп, Тайвань президенті Цай Инвэнмен тікелей сөйлесуі Трамп әкімшілігінің Наварроның айтқанымен жүріп, Американың ең ірі әрі ең күшті әріптесіне қатысты көзсіз саясат ұстанатынын айғақтайды.

Әрине, бәлкім өзі айтып жүргендей әккі келіссөзші ретінде Трамп қатқыл сөйлеп, Қытайды және бүкіл әлемді «АҚШ бұдан былай сыртқы сауда саласында күш тұрғысынан әрекет етуге дайын» деген ұстанымға иландырғысы келген болуы мүмкін. Батыл басталған гамбит ақыр соңында қарсыласты жұмсартып, өзіне мейлінше ыңғайлы эндшпильге әкеле алады.