36

Трамптың нарықтағы «бал айы» аяқталды

НЬЮ-ЙОРК – Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының президенті болып сайланғанда қаржы нарықтары ерекше жанданды. Әу баста Трамптың қаржы саласына серпін беремін, энергетиканы, денсаулық сақтау және қаржылық қызмет салаларын қайта реттеймін, корпоративтік және жекеменшік мүлікті шектеймін деген уәделеріне инвесторлар мастанып қалды. Алайда, «трампэкономика» акциялардың қымбаттап бара жатқан бағасына қарсы тұра ала ма?

Корпорациялар мен инвесторлардың қуанатынындай да бар. Республикалықтардың бұрынғы әдетінше тауарды өткізуге бағытталған экономикалық саясаты корпорациялар мен байлардың қолайына жағады, себебі олар бұл жағдайда жұмыс орындарын ашып, жұмысшылардың табыстарын молайтуда ештеңе істемейді. Бейтарап Tax Policy Center-дің пайымдауынша, Трамп ұсынып отырған салықтарды қысқарту идеясынан түскен кірістің жартысы ең көп табыс табатын 1 пайыз адамның қалтасына түседі екен.

Алайда, табиғи тұрғыда өрекпіген корпоративтік сектор енді алғашқы қауым кезіндегі үрейге бой алдырды: нарықтағы серпіліс басылып барады, ал Трамп пен инвесторлардың арасындағы «бал айының» да бітетін уақыты болды. Бұған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, «қаржылық серпіліс болуы мүмкін» деген болжам акциялардың бағасын көтеріп жібереді, бұл ұзақмерзімді пайыздық мөлшерлемені де арттырады, ал бұл капитал шығындарына әсер етіп, жылжымайтын мүлік сияқты мөлшерлемеге тәуелді нарыққа қатты әсер етеді. Ал, күшейген доллар Трамптың негізгі тірегі – көк жағалылар иемденіп отырған жұмыс орындарын жояды. Президе��т Carrier кондиционер шығарушы компаниясын күштеп, мазақтау арқылы Индианада 1 мың жұмыс орнын «сақтап» қалуы мүмкін. Бірақ, сайлаудан бергі доллардың нығаюы біраз уақыт ішінде зауыт-фабрикадағы 400 мың жұмыс орнын жоюы ықтимал. 

Оның үстіне Трамптың қаржылық стимул пакеті нарықтағы қазіргі бағадан да қымбат болып шығуы мүмкін. Президент Рональд Рейган мен Джордж У. Буш дәлелдегеніндей, республикалықтар жоғалған табыстың орнын толтыратын басқа жол болмаса да, шығындарды азайтуға ешқандай құлқы болмаса да корпоративтік, табыс және басқа да салық түрлерін қысқартудың мүмкіндігін ешқашан қалт жібермейді. Егер Трамптың тұсында бұл тағы да қайталанса, қаржылық дефицит пайыздық мөлшерлемелерді және доллардың бағамын тіпті өсіріп жібереді, ал бұл ұзақ мерзім тұрғысынан экономикаға кесірін тигізеді.

Инвесторлардың ентігін басатын тағы бір себеп – инфляция үрейі. АҚШ экономикасы ең жоғары қарқында жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, Трамптың қаржылық стимулы экономикалық өсімнен де жылдам инфляция тудырады. Содан соң Джанет Йеленнің беймарал жатқан Федералдық резервін пайыздық мөлшермелені күткендегіден тез әрі жылдамдатып көбейтуге мәжбүрлейді, ал бұл ұзақмерзімді пайыздық мөлшермелерді және доллардың құнын одан сайын арттырып жібереді.

Үшіншіден, тым босаң фискалдық саясат пен тым қатаң ақша-несие саясатының қажетсіз жұбы қаржылық жағдайды нашарлатып, көк жағалы жұмысшылардың табысын азайтып, олардың жұмысқа тұру мүмкіндігін қиындатып жібереді. Қазірдің өзінде протекционистік саясат ұстанып отырған Трамп әкімшілігі жұмысшыларды қолдау үшін одан сайын протекционист бола түседі, соның кесірінен экономикалық өсімге тосқауыл қойып, корпоративтік табыстарды азайтып жібереді.

Егер Трамптың протекционистік саясаты тым әріге кететін болса, оның сауда соғысына себепкер болатыны анық. АҚШ-тың сауда әріптестеріне қойған импорттық тосқауылдарына жауап ретінде олардың АҚШ экспортына тарифтер енгізуден басқа ешқандай амал қалмайды. «Қанға – қан, жанға –жан» саясаты ғаламдық экономикалық өсімді баяулатып, әлемнің барлық түкпіріндегі экономикалар мен нарықтарға кесірін тигізеді. Американың 1930-жылдардағы Смут-Хоули Тариф Актісінің ғаламдық сауда соғысына түрткі болып, мұның соңы Ұлы депрессияға алып келгенін де естен шығармаған жөн.

Төртіншіден, Трамптың әрекеттерінен байқағанымыз, оның экономикалық интервенционизмі дәстүрлі протекционизмнен де әрі асып кететін тәрізді. Трамп қазірдің өзінде фирмаларды «импорт үшін төлем жасатамыз», «бағаны орынсыз өсірді», «иммиграциялық шектеулер қоямыз» (бұл таланттыларды тартуға кедергі жасайды) деп қорқытып жатыр.

Экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Эдмунд Фелпс Трамптың корпоративтік секторға тікелей араласуын нацистік Германия мен фашистік Италияның корпоративтік саясатымен салыстырды. Шынымен, егер бұрынғы президент Барак Обама корпоративтік секторға Трамп сияқты килігетін болса, онда оны бәрі «коммунист» деп жазғырар еді. Белгісіз бір себептермен, Трамптың бұл әрекеттеріне корпоративтік Америка көз жұма қарап отыр.

Бесіншіден, Трамп АҚШ-тың альянстарын күмәнді жағдайға қалдырып, Ресей сияқты қарсыластарымен ойын ойнап, Қытай сияқты әлемдік державаларды қарсы қоя бастады. Оның ессіз сыртқы саясаты әлемдік лидерлерді, трансұлттық корпорацияларды және жалпы жаһандық нарықты қатты шошытып отыр.

Ақыр соңында Трамптың қатерлерден қорғану әдістері жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін. Мәселен, кеңесшілерімен бірге ол долларды әлсірететіні туралы ауызша мәлімдемелер жасады. Бірақ, құр сөздің құны жоқ, ауызбен жасаған операциялар валютаға тек уақытша ғана әсер ете алады.

Демек, Трамп бұдан да өрескел, шектен шыққан тәсілдерді қолдануы мүмкін деген сөз. Сайлау науқаны кезінде ол Федералдық резервті тым бейбітшіл, «жалған экономика» құрып отырған құрылым деп сынады. Енді ол жеке секторға берілетін несиені арттыру үшін Федералдық резерв кеңесіне Йеленнен де сабырлы, одан да көнбіс біреуді қойғысы келеді.

Егер мұнысы жүзеге аспаса, Трамп долларды әлсірету үшін біржақты әрекетке баруы немесе долларды күшейтетін капитал ағынын шектеу үшін капиталға бақылау орнатуы мүмкін. Нарықтар қазірдің өзінде үрей шақырып отыр. Егер протекционизм мен көзсіз әрі саясиланған ақша-несие саясаты сауда, валюта және капиталды бақылау соғыстарына түрткі болса, онда жаппай топалаң басталуы ғажап емес.

Шынтуайтына келсек, стимулды, салықтың төмендеуін және қайта реттеуді күтудің өзі қысқа мерзім ішінде экономиканы дамытып, нарыққа жан бітіруі мүмкін. Бірақ, Трамптың инаугурациясынан бергі қаржы нарықтарындағы сенімсіздік көрсеткеніндей, президенттің тұрлаусыз, бейберекет әрі деструктивті саясаты АҚШ-тағы және әлемдегі экономикалық өсімге ұзақ мерзім тұрғысынан көп кесірін тигізеді.