21

Трамптың жөнсіз индустриялық саясаты

КЭМБРИДЖ – АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп әлі қызметіне кіріскен жоқ, бірақ қарашада күтпеген жерден жеңіске жеткелі бері оның индустриялық саясатының олқылықтары айқын көріне бастады.

Сайлаудан бір-екі апта өтер-өтпестен Трамп өзін жеңімпаз деп жариялады. Қолдау мен қорқытуды қатар пайдаланған ол жылыту және салқындату құралдарын шығаратын Carrier фирмасына ықпал етіп, оны Индианада жұмысын жалғастыруға, сол арқылы АҚШ-та 1 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап қалуға көндірді. Кейіннен  Carrier зауытын аралаған ол зауыттарын шетелге көшіріп, өнімдерін елге жөнелтетін фирмаларға тарифті көбейтемін деп ескертті.

Оның «Туиттердегі» аккаунты да осы мазмұндағы пікірлерді бұрқырата таратып жатты. Ол Кентуккидегі Линкольн зауытын Мексикаға көшірмей, орнында қалдырғаны үшін Ford-қа алғыс айтты. Есесіне Chevrolet Cruzе көлігін АҚШ-та емес, Мексикада шығарып, сатып жатқан General Motors-қа импорт тарифін енгіземіз деп қорқытты. 

Трамп, сондай-ақ, қорғаныс саласындағы мердігерлерді тым көп шығынданғаны үшін сөксе, әуе алыптары Boeing пен Lockheed Martin-ді тым қымбат ұшақ шығарады деп айыптады.