11

Ұлттық қарыз және әлемдік тәртіп

ПРИНСТОН – Жаңа жыл басталғалы әлемдік тәртіптің өзгеретіні белгілі болды. Дональд Трамп АҚШ-тың президенті қызметіне кірісті, Қытай төрағасы Си Цзиньпин Давоста жаһандануды жақтап сөз сөйледі, Марин Ле Пен, Гирт Уилдерс сияқты әсіреоңшыл саясаткерлер Германияның Кобленц қаласында «Еуропаның балама саммитін» өткізді.

Трамп пен оның Еуропадағы жақтастары жаһандануды жамандаса, Си Цзиньпин оны қызғыштай қорғауға кірісті. Алайда, әсіресе Трамптың бұл пікірі қайшылыққа толы: ұлттық экономикалық мүдделерді көздеу халықаралық ынтымақтастықты онша қажет етпегенімен, қауіпсіздікті қорғау саласында ынтымақтастық өте-мөте керек.

Трамптың инаугурацияда сөйлеген сөзі АҚШ-ты Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыспауға шақырған «Американың бірінші комитетінің» баспасөз хатшысы болған расист ұшқыш Чарльз Линдбергтің изоляционистік риторикасын еске түсірді. Енді Трамп америкалықтардың басындағы экономикалық қиындық үшін бұдан бұрынғы басшыларды кінәлап, АҚШ-тың соғыстан кейінгі тәртіпті қалыптастырып, ұстап тұрудағы тарихи рөлінен бас тартты. «Ғаламдық Америкаға» қарсылар бұрын да болғанымен, бұл пікірді АҚШ президентінің айтуы – ерекше жаңалық.

Трамптың бұл көзқарасы қарыз саясатына негізделген. Қарыз арқылы қаржыландырылатын ірі бизнесті бақылап үйренген ол қарызды қайтару шарттарын өзгерту арқылы «басқа елдер» Америкадан алып кеткен нәрселерді қайтаруға  болады деген ой түйген. Ол Қытай мен Германияға шүйлігіп отыр, себебі олар 2015 жылы АҚШ-пен екіжақты саудада тиісінше 366 миллиард және 74 миллиард доллар оң сальдоға қол жеткізген. Инаугурацияның алдында ол неміс көліктерінің импортына жоғары тариф енгізетінін айтты, соның ішінде BMW-ға ерекше тоқталды.