7

АҚШ шекара салығынан басқа жаксырақ жол бар ма?

МЮНХЕН – АҚШ президенті Дональд Трамптың ең маңызды реформаларлық ұсыныстарының бірі американдық салық жүйесіне бағытталған. Оның әкімшілігі жалпы салық ауыртпалығын төмендетіп қана қоймай, сондай-ақ отандық өндіріс және экспортты ынталандыру үшін салық жүйесін «қайта теңдестіруді» қалайды. Бұл жоспар жеткізу жеріне байланысты салынатын ақша қаражатының қозғалысы салығы арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, оны «табыс салығын шекаралық реттеу» (BAT) деп те атауға болады. Өкінішке орай, мұндай түбегейлі реформалаудың тәуекелдері одан түскен пайдадан асып кетуі мүмкін.

Америка Құрама Штаттарында корпоративтік пайда салығы қазіргі уақытта 35% деңгейінде. Көптеген шегерулер және іліктер болғанымен, бұл халықаралық стандарттар бойынша жоғары деңгей болып табылады; сондықтан Конгресстегі республикашылдар және Трамптың кейбір кеңесшілері енді корпорациялық табыс салығын BAT-қа ұқсайтын ақша қаражатының қозғалысы салығына ауыстырғылары келеді.

Осы жоспар бойынша, импортталатын тауарлар мен қызметтерге 20% мөлшерде салық салынып, ал экспорт салық базасынан шегеріліп, осылайша, оған мүлдем табыс салығы салынбайтын болады. Доллар бағамы тұрақты болып қала берсе, АҚШ импорт шығындары 20% -ға артар еді, және американдық экспорттаушылар басқа отандық өндірушілерде жоқ салық субсидиясына ие болады.

Ұсынылған салықтың бастамашылары ол тек бәсекелестік тұрғысынан шарттарды теңестіреді деп санайды, себебі Американың сауда серіктестерінің басым бөлігі экспортталған тауарлар мен қызметтерге салынған қосылған құн салығын қайтарады. Бірақ бұл жалған салыстыру болып табылады. Бұл қайтару жасырын субсидиял��у емес, салық жүйесінің логикалық бөлігі болып табылады, себебі салықтар тауар тұтынылған елде жиналады.

Мысалы, Еуропадан АҚШ-қа келген экспортқа екі рет салық салынады: бірінші шыққан елінде салынатын корпоративтік табыс салығы - айталық, Германияда, корпоративтік салық ставкасы шамамен 29% құрайды- және сосын тағы АҚШ-тағы сатылымдарына салынатын түрлі салықтар бар. Сонымен қатар, АҚШ экспортына корпоративтік табыс салығы салынады және қайтадан импорттаушы елде қолданылатын, кез келген басқа да тұтынылатын өнімдерге сияқты, ҚҚС ставкалары бойынша да салынатын салықтар бар.

АҚШ және басқа елдер арасындағы айырмашылық шекаралық салықтың болмауында емес, оның тікелей салық салуға арқа сүйегенінде. Егер АҚШ шекаралық түзетуі бар ақша қаражатының қозғалысына салық салу жүйесін енгізетін болса, онда ол өз экспортын барлық ішкі салықтардан босатады. Бұл АҚШ экспортына бәсекеге қабілетті салық артықшылығын берер еді, әрине басқа елдер оны қайталап, экспорттық өндіріске өз корпоративтік табыс салығын салмаса. Бірақ, BAT сауда кедергісі сияқты болып,

Американың сауда серіктестері әділ түрде оны протекционистік шара ретінде көруі мүмкін.

АҚШ үшін бұл салықтың болашақта құқықтық және экономикалық салдары болуы мүмкін. Заң бойынша,  бұл пайдаға салынатын салықтарды емес, қосылған құн салықтарына шекаралық түзетулер жасауға рұқсат ететін Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаларына қайшы болуы мүмкін. АҚШ сауда-саттық әріптестері оның ДСҰ-мен ұзақ дауларының бітуін күткілері келмесе, олар кек алу саясатын көздеуі мүмкін. Жазалаушы тарифтер немесе АҚШ сауда серіктестерінің қабылдаған басқа да қатал экономикалық шаралары түбінде сауда соғысына әкелуі мүмкін, ал бұл әлемдік экономикаға дәл қазір қажет емес.

Бұл салық беретін экономикалық пайданың осындай тәуекелді ақтауға тұратыны күмәнді. Көптеген нәрсе жаңа BAT енгізуі долларға қандай әсер ететініне байланысты болады. Доллар тұрақты болып қала берсе, онда салық тек импорт бағасының өсуіне апарады. Сондай-ақ осы өскен шығындарды импортқа сүйенетін АҚШ үй шаруашылықтары мен түрлі салалар көтереді. Сайып келгенде, импортқа деген сұраныс тұтынушылардың әл-ауқаты мен үкіметтің салық түсімдерімен бірге түсетін болады.

Доллар құны BAT-қа пропорционалды түрде өсетін болса, онда долларлық өрнекте импорттық бағалар өзгермейді. Бұл сценарийде, шетелдік өндірушілер шығыстарды көтеретін еді, себебі олар АҚШ-та сатылған тауарлары үшін аз доллар алатын болады. Сонымен қатар, доллардың күшеюі АҚШ компаниялары үшін экспорттауды қиындатып, экспорттық сату салығының алынып тастау әкелген пайданы жоққа шығарады. АҚШ ағымдағы операциялар шотының тапшылығы, бұл ретте, негізінен өзгеріссіз қалады: салық мемлекеттік қазынадағы ақша санын көбейтер, бірақ АҚШ-тың шетелдік қарыздарының өсуі жалғасар еді.

Сонымен, BAT америкалық компанияларды қолдау және мемлекеттік табысты арттыру үшін ең жақсы жолы емес. АҚШ-та ешқандай ҚҚС жоқ және тек шектеулі сатылым салықтары бар, сондықтан ел негізінен жеке және корпоративтік табыс салықтарына сүйенеді. Бірақ, оның үлкен сыртқы тапшылығы салдарынан, бұл жүйе салық табыстарын жинай алмай жатыр. Егер АҚШ ішкі тұтыну салықтарын көтерген болса, онда ол импорттық тауарларына көбірек салық сала алатын еді. Бұл үкіметке АҚШ фирмалары үшін отандық және шетелдік сатылымдардан туындайтын табыс салығын қысқартуға мүмкіндік беретін еді.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, салық жүйесін «қайта теңдестірудің» ең жақсы жолы корпоративтік табыс салығының ставкасын төмендетіп, импорттық және отандық өндірістің тауарлары мен қызметтерінің сатылуына салынатын салықты енгізу немесе ұлғайту болар еді. Осы тәсілдің қосымша артықшылығы - ол бизнесті белсенді инвестициялар жасап және инновациялармен айналысуға ынталандыруды нығайтар еді.

Бүкіл салық жүйесін түбегейлі өзгерткенше, Трамп әкімшілігі оны тек жетілдіре алатын еді. Бұл ақылға қонымды көзқарас BAT енгізгенде орын алатын деструктивті сауда соғыстары мен айырбастау бағамының белгісіздік тәуекелдердін азайтар еді.