10

Трамптың виртуалды «дуалы»

КЕМБРИДЖ – Көп жағынан алып қарағанда Республикалық партияның АҚШ-та «шекараны реттеу салығын» енгізу жоспары – президент Дональд Трамптың АҚШ пен Мексика шекарасына физикалық дуал тұрғызу идеясының виртуалды қосымшасы іспетті. Трамптың дуал тұрғызу идеясы сияқты «шекараны реттеу салығы» туралы бастаманы да қоғамдық сана қабылдай алмады, бірақ ақыр соңында бұл идея қарапайым америкалықтың өміріне көп кері әсерін тигізбек.

Бір қарағанда, мұндағы басты идея – импортқа салынатын салықты, айталық 20 пайызға өсіріп, дәл сондай соманы экспорт салығынан алып тастау. Популистердің көбінің басты реакциясы – бұл АҚШ-та жұмыс орындарын ашу үшін айрықша жағдай жасайды, себебі ол импортқа қырын қарап, экспортты қолдайды. Өкінішке қарай, көпшілік айтып жүргендей, мұнда қисындық тұрғыда бір үлкен олқылық бар: АҚШ-та тербелмелі айырбас курсы қалыптасқан.

Шекараны реттеу салығының бір «нәтижесі» - доллар күшейеді, бұл америкалықтардың импорттық заттарды сатып алуына жағдай жасайды (себебі доллармен шетел валютасын көбірек алуға мүмкіндік туады); бір жағынан күшті доллардың кесірінен АҚШ-тың экспорттық тауарлары шетелдіктер үшін қымбатқа түседі. Іс жүзінде айырбас бағамының әсерін салық арқылы жабуға болады, демек сауда балансы өзгеріссіз қалады. Егер сіз республикалықтардың ұсынып отырғаны «фокус-мокус» деп есептесеңіз, мұныңыз да жөн шығар, бірақ мұны әзірге есімізде сақтай тұрайық.

Аса беделді экономист-ғалымдардың бірнешеуі шекара салығын мүлде басқа бір себеппен қолдап отыр. Олар шекараны реттеу салығының саудаға әсерін азайту үшін айырбас бағамы өседі дегенге имандай сенеді. Бірақ, олар мұны бәрібір қолдайды.