103

Америка экономикасына Трамптан не қажет?

НЬЮ-ЙОРК – АҚШ-та Дональд Трамптың таң қалдырарлық жеңіске жетуі бір нәрсені айқын аңғартты: америкалықтардың көпшілігі, солардың ішінде әсіресе ақ нәсілді ер кісілер өздерін керексіз болып қалғандай сезінеді. Бұл жай ғана сезім емес, олар шынымен қажетсіз болып қалған. Бұл олардың ашуланғанынан ғана емес, ресми мәліметтерден де анық байқалады. Демек, бұрын да қайталап айтып жүренімдей, халықтың басым бөлігіне «қолы жетпейтін» экономикалық жүйені сәтсіз экономикалық жүйе деп санау керек. Сонымен, сайланған президент Дональд Трамп бұл шаруа бойынша не істей алады?

Ғасырдың соңғы үштен бір бөлігінде Американың экономикалық жүйесі жоғарыдағы үркердей топқа қызмет етіп, жалпы экономикаға, әсіресе төмендегі 80 пайыз бұқараға зиянын тигізетіндей етіп қайта жазылды. Трамптың жеңісінің ирониясы мынада: ол өкілдік етіп отырған Республикалық партияның өзі жылдам жаһандануды қолдап, одан болатын жарақатты жеңілдететін саяси шектеулерге қарсы шыққан. Бірақ тарих өз дегенін істейді: бұл күнде Қытай мен Үндістан ғаламдық экономикамен интеграцияланды. Оның үстіне, технологияның жылдам дамып келе жатқаны сондай, бүкіл әлемнің фабрикаларындағы жұмыс орындарының саны кеміп барады.

Мұның мәнісі мынада: Трамптың жақсы ақша төленетін өндірістегі жұмыс орындарын қайтадан АҚШ-қа алып келетін еш мүмкіндігі жоқ. Ол озық технология пайдаланатын өндірісті қайтара алады, бірақ онда жұмыс орындары аз болады. Ол жұмыс орындарын да қайтара алады, бірақ онда жалақы 1950-жылдардағыдай жоғары емес, өте төмен болады. 

Егер Трамп теңсіздікті шынымен жойғысы келсе, онда ол өзі сияқты адамдарға емес, бүкіл қоғамға қызмет ететін жаңа ереже жазып шығуы керек.