18

Тони Блэрдің демократиялық бүлігі

ЛОНДОН – Британ парламенті Еуроодақтан шығу процесін ресми түрде бастардың қарсаңындағы пікірталасқа аз қалғанда бұрынғы премьер-министр Тони Блэрдің сайлаушыларға «одақтан шығу мәселесін тағы бір рет ойланыңдар» деп үн қатуы «Жалаңаш король» ертегісіндегі көріністі еске түсіреді. Блэр қазір халық қолдайтын тұлға болмаса да, дауысы Ганс Христиан Андерсеннің ертегісіндегі баланікі сияқты қатты шығатыны сондай, ол премьер Тереза Мэйге «айналаңдағы жарамсақтар Британияның болашағын ойынға айналдырып жатыр» деген ойды жеткізе алады.

Оның Брекзитке қатысты пікірталасты қайта бастау туралы ұсынысына тіпті объективті саналатын ақпарат құралдарының өршелене қарсылық білдіруі Блэрдің сөзінің қаншалық маңызды болғанын аңғартады. ВВС-дің сипаттауы бойынша, «біреулер Тони Блэрдің Брекзит бүлігін қолға қаруға шақыру деп ұғынуы мүмкін».

Референдумнан кейінгі Британиядағы көпшіліктің тираниясы Еуроодақта қалуды жақтайтындардың жаңа дебат бастау туралы ұсынысын бүлік деп қарастырады. Үкіметтің Брекзитке қатысты саясатына күмәнмен қараған кез келген адам «халық жауы» саналып, «оның сатқындығы қантөгіске әкеледі» деген ұғым қалыптасқан.

Бұл кенеттен болған паранойяның төркіні неде? Қалыпты демократия үшін саяси оппозиция өте қажет, 2014 жылғы референдумда он пунктқа артта қалып қойса да шотланд ұлтшылдарының тәуелсіздік жолындағы күресті жалғастырғаны сияқты, тіпті референдумда жеңілген күннің өзінде еуроскептиктер Еуропаға қарсы әрекеттерін тоқтатпас еді. Дональд Трамптың Америкадағы қарсыластары күш біріктіруді, наразылық білдіруді доғарады дегенге де ешкім илана қоймайды.