31

Мэйдың жеңіліске парапар жеңісі

ЛОНДОН – Премьер-министр Тереза Мэйдың ұсынысымен 8 маусымға белгіленген сайлау Британия саясаты мен оның Еуропамен қарым-қатынасына өзгерістер әкелуі тиіс, бірақ ол  Т.Мэйдың Консервативтік  партиясының айналасына топтасып жатқан көпшілік ойлағандағыдай жүзеге аса қоймауы мүмкін. Интернационалистер мен прогрессивті күштерді тас-талқан етіп жеңуді көздейтін консервативті еуроскептиктердің ниеті Daily Mail газетіндегі Т.Мэйдың сайлауды тағайындағаны туралы мақаланың тақырыбынан-ақ байқалады. Мақалаға «Диверсанттарды талқандаймыз» деген тақырып қойылған. Алайда, маусым айындағы таң қалдырарлық жеңіс ақыр соңында Батыс Еуропадағы қарсыластарын түгел жайпап, Мәскеуге маңғаздана кірген Наполеонның маршы сияқты үлкен бетбұрысқа алып келуі мүмкін.   

Британияның еуропашыл прогрессивті күштері әлі де қарсыластарының аузынан жеңісті жұлып алуға қауқарлы. Бұған үш себеп бар.

Біріншіден, сайлау тағайындау арқылы Т.Мэй Британияның Еуроодақтан шығатын күнін 2019 жылдан 2022 жылға ысырды. Мерзімінен бұрын сайлаудың нәтижесінде Британия 2019 жылдың наурызында Еуроодақ құрамынан ресми түрде шығатыны анық, себебі парламенттік оппозиция Т.Мэйге тіпті теория жүзінде қарсы келе алмайды. Бірақ бұл сонымен бірге Британияға 2019 жылғы дедлайннан кейін сол кезде қабылданатын шарттар бойынша «бизнес пен әкімшілік жүйелерді жаңа жағдайға бейімдеу керек» деген желеумен өтпелі кезеңді ұзақ уақытқа созуға мүмкіндік береді. 

Британиядағы бизнес лоббиі, бұл шаруаны іске асыруы тиіс үкімет өкілдері бұл өтпелі кезеңді мейлінше ұзаққа созуға күш салып отыр. Ал Еуроодақ болса, өтпелі кезеңде бюджеттік төлемдер, еңбеккерлердің еркін қозғалысы, Еуроодақтың заңдық шешімдерінің орындалуы сияқты Еуроодаққа мүше елдің барлық міндеттемелерінің сақталуын талап етіп отыр.

Сайлау тағайындалғанға дейін ұзақ өтпелі кезеңді қажет еткен бизнес қауымдастығы мен Еуроодақтан бір мезетте әрі толық ат құйрығын үзісу туралы талап қойған консерватор еуроскептиктерді бітістіру мүмкін е��естей көрінген. Еуроодаққа қарсы радикал топтың қарсылығына қарамастан, сайлаудағы айрықша жеңістің арқасында Т.Мэй ұзақ өтпелі кезең жөнінде келіссөздер бастауға мүмкіндік алады. Соның арқасында ол біршама сабырлы еуроскептиктерді «Британияның одақтан шығатынына кепілдік берілгендіктен,  Еуроодақтағы міндеттемелерді тоқтатудың нақты уақыты онша маңызды емес» дегенге иландыра алады.

Соның нәтижесінде, Британия 2019 жылдың наурыз айында ресми түрде Еуроодақ құрамынан шыққанымен, 2022 жылғы келесі сайлауға дейін Британияның экономикасы мен өмір салтында көп өзгеріс бола қоймайды. Осы тұрғыдан алғанда Мэйдың мерзімінен бұрын сайлау өткізу шешімі – экстремал еуроскептиктер үшін жеңіліс болды, әйтпегенде олар 2019 жылдың наурызында Еуропа одағынан бір мезгілде шығып кетуге мәжбүр қылар еді.

Британиядағы еуроскептиктердің алда болатын жеңісі өтірік жеңіс екенін дәлелдейтін тағы бір себеп бар. Ерте сайлау экономикалық өзгерістерді кейінге ысырғанымен, ол Британияның саясатына жан бітіреді.

Британияның басты оппозициялық партиясы – Лейбористік партия 2015 жылдан бері шалажансар күй кешіп келеді, бірақ ол келесі сайлау жарияланғанға дейін қазіргі зомби күйінде, жан сақтап қала алады. Келесі сайлау 2015 жылы өтеді деп жоспарланып келгендіктен, қандай да бір күтпеген оқиғалар лейбористердің қайта бас көтеруіне түрткі болады деген үміт болған. Сайлауды алға жылжыту арқылы Мэй Лейбористік партияны одан әрі қожыратып, олардың қайта бас біріктіруіне мүлде мүмкіндік қалдырмады.

Лейбористер партиясының маусым айындағы жеңілісінен соң Британияның прогрессивті саясаткерлері қайта одақтасатыны анық. Көңілі қалған лейборист саясаткерлер мен сайлаушыларды либер-демократтармен, жасылдармен, бәлкім тіпті шотланд және Уэльс ұлтшылдарымен біріктіретін бұл одақ парламентте саны аз болса да, қазір Мэйге қарсы шығып отырған күштерден де мықты жаңа оппозицияның тууына себеп болады.

Британияның интернационалист, прогрессивті саяси күштерінің келесі жалпыұлттық сайлау өтетін 2022 жылға дейін Мэйдің консерватизмі мен ағылшын ұлтшылдығына қарсы тұратын күш жинауға бес жылдай уақыты болады. Ол кезге дейін консерваторлар үш бірдей парламенттік кезеңде, 12 жыл билікте болады. Британияның саяси маятнигінің тілі әдетте осы мерзімнен кейін оңнан солға ауысып жатады.

Оның үстіне, ерте сайлаудың арқасында Брекзиттің өтпелі мерзімі ұзартылатындықтан, 2022 жылға қарай Еуроодақтан шығудың барлық салдары да, Брекзит коалициясындағы еркін сауданы қолдайтын либертариандар мен ұлтшыл протекционистер арасындағы қайшылықтар да айқын көріне бастайды. АҚШ-пен және Қытаймен еркін сауда келіссөздерін талқылау барысында Британияның саудаласу ұстанымы қаншалық осал екені айқындалады. Соның нәтижесінде, 2022 жылға қарай Брекзиттің қаншалық дұрыстығына қатысты халықтың пікірі көп өзгереді. Қалай болғанда да, жеңілістен соң Британияның либерал және интернационалист күштері Еуропамен қарым-қатынасты өзгерту мәселесінің төңірегіне топтасуы тиіс.

Осы аралықта Еуроодақ экономикасы еңсесін тіктей бастайды деп болжайық. Мұнымен қоса, Франция мен Германияда биыл өтетін сайлаулардан соң франко-герман әріптестігі еуроаймақты ортақ валюта аймағын өрге сүйреу үшін ең қажет нәрсе – саяси интеграцияға бастайды делік. Ал Дания, Швеция және Польша еуро аймағына кіруге мүлде ықылас танытпайды.  2022 жылға қарай Британия сайлаушылары алып Қытайды айтпаған күннің өзінде АҚШ-пен іні рөлінде әріптес болғанша екі соқпақпен жүріп жатқан Еуроодаққа қосылу әлдеқайда оңтайлы екенін түсіне бастайды. «Британияның консерватор еуроскептиктері бұл сайлауда жеңіске жеткендеріне не себепті өкінетін болады?» дегенде үшінші себеп – осы болмақ.

Не болса да, Британияның алыс болашағына байланысты соғыс Мэйдың биылғы сайлаудағы жеңісі сияқты оңай болмайды. Бүгіннен бастап ұлтшыл консерватизм мен сыртқа бет түзеген прогрессивті оппозицияның арасында бес жылдық текетірес басталды.