Las Vegas Shooting David Becker/ Stringer

Қару үшін қырықпышақ болған Америка штаттары

ЛОНДОН – Лас-Вегастағы қантөгіс пен оның ізін ала болған оқиғалар - нағыз Америкаға тән көріністер. Есінен алжасқан адам қонақүйдің 32-қабатына заманауи қарудың жиырма шақтысын алып шығып, концерт көріп жатқан жұртты қан-жоса қылып, артынша өзін атып тастады. Сөйтіп, қаруға шектеу қоюды жақтайтындар мен оған қарсылардың арасындағы бітіспес дау-дамай қайта өрбіді. Бірақ бір ақиқатқа қатысты консенсус бар: бұдан бәрібір көп нәрсе өзгере қоймайды. Жүректі қан жылататын бір аптаға созылған жерлеу рәсімдерінен соң Америкадағы өмір келесі қантөгіске дейін қайтадан бұрынғы қалпына көшеді.

Жаппай зорлық-зомбылық Америка мәдениетінде терең тамыр жайған. Америкаға Еуропадан келген қоныс аударушылар екі ғасыр бойы жергілікті халыққа геноцид жасап келді, одан соң тамыры тереңге кеткен құлдық экономиканы орнатты. Бұған тек жойқын азамат соғысы ғана тосқауыл қойды. Басқа елдердің бәрінде, соның ішінде патшалық Ресейде, құлдық пен крепостниктік құқық төрт жыл бойы қан төкпей-ақ, жарлықтың не заңның күшімен тоқтатылды. Құлдық қоғам біткен соң Америка бір ғасырға созылған апартеид жүйесін орнатты.

Бүгінде Америкадағы кісі өлтіру және түрмеге қамалу көрсеткіші Еуропадағыдан бірнеше есе жоғары. Мұнда жыл сайын жаппай кісі өлтіру оқиғасы болып тұрады, ал АҚШ-тың өзі шетелдерде ешқашан бітпейтін соғыс жүргізіп келеді. Қысқаша айтсақ, Американың тарихы да, қазіргі өмірі де нәсілшілдік пен шовинизмге, жаппай атыс-шабысқа тұнып тұр.

https://prosyn.org/13Vx55fkk