A Saudi woman drives her car REEM BAESHEN/AFP/Getty Images

Сауд Арабиясының қауіпті сәті

ИЕРУСАЛИМ – Француздың 19 ғасырдағы мемлекет қайраткері әрі тарихшысы Алексис де Токвильдің “нашар үкімет өзін-өзі реформалай бастаса, әдетте ең қауіпті сәт – сол” деген сөзі бар. Реформаның басталуы дәстүрлі нормалар мен институттарға сенімнің жоғалғанын, ал оған балама құрылымдардың әлі толық қалыптаспағанын аңғартады.

Токвиль Луис XVI режимін классикалық мысал ретінде келтіреді. Ол жүргізген реформа көп ұзамай Француз революциясына алып келіп, ақыры 1793 жылы корольдің өзі өлім жазасына кесілді. Михаил Горбачевтың 1980 жылдары Совет одағын реформалау әрекеті де жарқын мысал бола алады. 1991 жылдың соңында Совет одағы тарап, Горбачевтың өзі биліксіз қалды. Сауд Арабиясының крон-принці Мұхаммед бин Салманның (көбіне MBS деп атайды) елді модернизациялау әрекеті дәл осындай жағдайға ұшырауы мүмкін.

Сауд Арабиясы аста-төк мұнай байлығын ел азаматтарына үлестіріп, қоғамға Исламның уаххабизм дәстүріне негізделген фундаменталистік қағидаларын сіңіру арқылы (салыстырмалы түрде) ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етіп келді. 1932 жылы Корольдік құрылған соң саудиялықтардың көбі бұрын-соңды болмаған байлыққа кенеліп, король әулеті шөл даланың шейхтары деңгейінен халықаралық қауымдастықтың ең ауқатты элитасының қатарына көтерілді. Араб дәстүріне сәйкес корольдіктің негізін қалаған Абдулазиз ибн Саудтың есімімен аталған мемлекетті оның ұлдары кезекпен басқарып келеді (Иордания Хашемит Корольдігі – осындай тағы бір ел). Ал Мұхаммед бин Салман бұл “месседжді” қабылдап, 2017 жылдың маусымында крон-принц болып жарияланғалы Сауд жүйесіне үлкен өзгерістер енгізе бастады.

https://prosyn.org/Kvo1QUKkk