Female soldier push up training at military air force base Sean Murphy/Getty Images

Әскерге әйел не үшін керек?

ИСЛАМАБАД – Сауд Арабиясының “Vision-2030” экономикалық реформалар бағдарламасы аясында әйелдердің әскерде қызмет етуіне рұқсат беруі теңсіздік жайлаған корольдіктің гендерлік теңдікке қарай жасаған қадамы деп бағаланып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Бірақ, теңдік үшін нағыз күрес әйелдерді әскерге алған күннен басталатын сияқты.

Түрлі шектеулердің болатыны өз алдына, әйелдердің заңды қамқоршылары саналатын ерлерден рұқсат алу керек шығар, оның үстіне олар жауынгерлік емес қызметтерге алынуы мүмкін. Әскердегі қатып қалған патриархалдық жүйені бұзу оңай емес. Бұл – үкіметтің бірізділігін, тиімді ұйымдастыру мен жоспарлауды және әскерге алынған әйелдердің табандылығын талап ететін үлкен ерлік.

Білуге тиіспіз. 2001 жылы мен – Пәкістанның Әуе күштеріне кірген алғашқы әйелдердің бірі болдым. Бірақ менің жолым оңай болмады.

Менің әкем феминист болды, ол маған “өзіңе ұнайтын кез келген іспен айналыс” деп кеңес берді, мен Пәкістан Әуе күштерінің офицері боламын деп шештім. Менің бала кезімде бұл тек қиял болып көрінетін, ол заманда әйелдер әскерге тек дәрігер болып кіре алатын, жауынгерлік міндет атқаруға рұқсат жоқ еді. Тек 1999 жылы бәрі өзгерді. Президент Мұхаммед Рафиқ Тарар Пәкістан Әуе күштерінен әйелдерге квота бөлді. Мен – емтиханнан өтіп, әскери офицерлер қатарына қосылған сегіз әйелдің бірі болдым.

Әйелдерді әскер қатарына алу эксперимент ретінде қарастырылды, сондықтан әуе күштері мұны құлықсыз қабылдады. Пәкістан Әуе күштерінің жаттығу академиясында бізге өзіміз бірге қызмет етіп жатқан ер адамдардан алыс жүру жөнінде қатаң ескертілді.

“Бұл жерде ешқандай дау-дамай болмауы керек. Мына жас жігіттер академиядан ешқашан әйел затын көрмеген, сондықтан олар тым көп қылымсуы мүмкін”, – деді курстың командирі. Оның айтуынша, біздің консервативті қоғамда “дау-дамайдың шеті шықса” болды, эксперимент жүзеге аспай қалады. Сөйтіп әскерге барғысы келіп жүрген қыздардың жолы кесіледі деген сөз. “Бұл жұмысты атқарудың жауапкершілігі сіздердің мойындарыңызда”, – деді ол.

What do you think?

Help us improve On Point by taking this short survey.

Take survey

Біз жауапкершілігімізге өте салмақты қарадық және тек “дау-дамайды” болдырмау қамымен жүрген жоқпыз. Біз өте қиын жаттығуды орындайтынымызды дәлелдей алуымыз керек екенін түсіндік. Басында ер курсанттар бізді бір аптаға да шыдамайды деп болжапты. Бірақ біз бір жарым жыл шыдас беріп, сол ерлермен бірге оқуды біріп, офицер атағын алып шықтық.

Содан бері Пәкістан Әуе күштері ұзақ жолдан өтті, 2001 жылы әскерде он әйел ғана болса, қазір олардың саны 300-ге жетті, олар құрлықтағы әскерде, инженерлік бөлімде және ұшқыштар бөлімінде қызмет етеді. Пәкістан армиясы мен әскери-теңіз күштері де әйелдерге есігін ашты. Қазір Пәкістан әйелі әскери форма кисе, оған адамдар таңырқап қарамайды.

Бөлек ғимараттар, демалыс алудың мүмкіндіктері, жұмыс кестесінің өзгеруі Пәкістан армиясындағы әйелдердің өмірін жеңілдетіп, олардың санын арттырды. Мәдениет те өзгеріп жатыр, қазір ерлер әйел әріптестерінің әлеуетін төмен бағалау әдетінен арылып келеді.

Бірақ кемсітуден әлі құтыла алмай келеміз. Мәселен, шетелде жаттығуға барар кезде әйелдер көбіне ерлерге жол береді, әрі олар әлі де командирлік қызмет атқара алмайды. Және бұл тек Пәкістанның басындағы жағдай емес: әйелдердің майдан шебіндегі ұрысқа қатысуына тыйым салмайтын елдердің көбі Еуропада және Англосферада жатыр (тек Эритрея, Израиль және Солтүстік Корея бұл тізімге кірмейді).

Шындығында, әлем елдерінің армиялары біртіндеп әйелдерге есік ашып келеді. Бірақ, әскердегі әйел саны бәрібір аз. АҚШ-та әскери қызметкерлердің 15 пайызы – әйелдер. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш тек 10 пайыз болса, Үндістанда әскери қызметкерлердің тек 5 пайызы, ал Ауғанстанда тек 4 пайызы – әйелдер.

Көп аймақта әскери міндеттердің табиғаты өзгеріп жатқандықтан, әйелдердің әскерге қатысуы тіпті маңызды бола түседі. Мемлекеттер террорлық топтарға қарсы ассиметриялық соғысты үдетіп жатыр. Бұл ашық соғысты азайтып, стратегиялық шешім қабылдау, барлау мәліметтерін жинау және азаматтық қатысу арқылы бейбітшілік сақтау әрекетін күшейтуді көздейді. Конфликт аймағындағы ең әлсіз адамдар – әйелдер мен балалар.

Осындай жағдайда әйелдердің қатысуы бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Әйелдер ерлері басым ұйымдарда кездесе бермейтін ерекше мүмкіндіктерге ие. БҰҰ дала операцияларын басқарған алғашқы әйел командир, генерал-майор Кристин Лундтың тәжірибесі көрсеткеніндей, әйелдер бейбітшілік сақтауға үлес қосу барысында жергілікті халыққа 100 пайыз жете алады, ал ерлердің тек 50 пайыз халықпен кездесу мүмкіндігі бар. Бұл – айталық, барлау мәліметтерін жинауда баға жетпес артықшылық.

Әйелдер әскерде барлық әлеуетін көрсете алуы үшін кемсіту және сексуалды әлімжеттік, денсаулық сақтау, жұмыс пен жеке өмір теңгерімі сияқты мәселелерді шешіп алу керек. Сексуалды әлімжеттік әйелдің беделіне ғана емес, кейде жеке өміріне де кесірін тигізуі мүмкін. Жалпы алғанда, гендерлік сегрегация әскери қызметтегі маңызды нәрсе – әскери рухқа кері әсер етеді.

Әйелдерді оқшаулау негізінде құрылған шектен тыс патриархалды әрі консервативті Сауд Арабиясы қоғамында бұл мәселелерді шешу тіптен қиын болатыны рас. Бірақ қажетті өзгерістерді бастауға септігін тигізетін қадамдарды жасай беру керек.

Біріншіден, үкімет Пәкістан Әуе күштері әупіріммен енгізе алған үлкен өзгерістерді қолға алуы тиіс. Бұған жаңа сарбаздарды дайындауға шетел әскерінен әйелдерді тарту, ерлер мен әйелдердің қатар қызмет етуіне мүмкіндік беру, сексуалды әлімжеттік туралы хабар беруге ынталандыру үшін олардың құқықтарын жақсырақ қорғау, қатаң патриархалдық құрылымнан бас тартып, жұмыс кестесін өзгертуге мүмкіндік беру және әсіресе бейбітшілік сақтау миссияларына әйелдерді жіберу сияқты шаралар кіреді.

Сауд армиясына әйелдерді алуға рұқсат беру – үлкен қадам, әрі бұл шешімді қабылдатуға әйелдердің қосқан үлесі зор. Дегенмен, бұдан жиырма жылдай бұрын Пәкістанда осы соқпаққа түскен адам ретінде мен бұл жолдың қаншалық ұзақ екенін білемін.

http://prosyn.org/vJ5nOwG/kk;

Handpicked to read next

Cookies and Privacy

We use cookies to improve your experience on our website. To find out more, read our updated cookie policy and privacy policy.