Vladimir Putin Mikhail Svetlov/Getty Images

Путин режимінің осал тұсы

ВАШИНГТОН – Ресей президенті Владимир Путиннің билігі біз ойлағаннан әлдеқайда әлсіз. Іс жүзінде, Путин билігінің түпқазығы – өзі ондаған жыл бойы бар ынтасымен қалыптастырған клиенттік негіздегі экономикалық келісімдер оның саяси ғұмырына қатер төндірер басты қауіпке айналды. Мұның себебі де қарапайым: Путиннің кландық капитализм жүйесінде мүлік құқығына ешқандай кепілдік болмағандықтан, Ресейдің жоғары лауазымды басшылары мен олигархтары қаражаттарын шетелде, көбіне Путин қарсы шығып жүрген Батыс үкіметтерінің юрисдикцияларында сақтауға тырысып келеді.

Мұқият таңдалған адал нөкерлердің арқасында Путин биліктің үш шеңберін қалыптастырды, олар – мемлекет, мемлекет иелігіндегі корпорациялар және билікке берілгендердің «жекеменшік» компаниялары. Бұл процесс Путин Федералдық қауіпсіздік қызметінің төрағасы болып, құпия полицияны басқарып тұрған 1998-1999 жылдары басталды.

Дегенмен, Путин президенттігінің алғашқы кезеңі – 2000-2004 жылдар аралығында енді күш алып келе жатқан авторитар басшы билікті шоғырландырудың ерекше үлгісін көрсетті. Одан соң ол мемлекеттік әкімшілік пен аймақтық басшылықтарға «билік вертикалін» қалыптастырып, сот жүйесіне «заң диктатурасын» орнатты. Сөйтіп, 2003 жылғы парламент сайлауында Путин Ресей заң шығару органының төменгі палатасы – Мемлекеттік дума мен жоғарғы палатасы – Федералдық кеңеске толықтай бақылау орнатты. Ол мемлекеттік биліктің ұшар басы – Қауіпсіздік кеңесіне КГБ-ның үш генералы Сергей Иванов, Николай Патрушев және Александр Бортниковты отырғызды.

https://prosyn.org/Y8gPbvukk