4

Иліккіш Қытайды не арбап тұр?

НЬЮ-ХЕЙВЕН – Қытай экономикасына тағы бір өсім қаупі төніп, ол қайта бәсеңдеді. Бұл, әрине, Қытай қатты құлайды деп күткен Батыстың даналығына мүлде сәйкес келмейді. Батыс перспективасы тағы да тұрақтылыққа ерекше мән беретін Қытай контекстін ескермей қалды.

Премьер Ли Кэцян жақында «Қытайдың даму форумын» қорытындылаған сөзінде осының барлығын айтып берді. Бұл жиынға соңғы 17 жыл бойы қатысып келемін, сондықтан премьерлердің сөзінің астарын түсінуге дағдыланып қалғанмын. Қытайдың жоғары басшылары көбіне содан екі апта бұрын Халық өкілдерінің жалпықытайлық жиналысына жіберілген экономика туралы есепте көрсетілген жетістіктер, мақсаттар мен реформалар туралы іш пыстырарлық сөз сөйлейтін.

Бұл жолы басқаша болды. Басында Л.Кэцян әлемдік деңгейдегі білімділердің сауда кикілжіңдері, жаһандану, сандық жүйе және автоматтандыру туралы сауалдарына қинала жауап беріп, көнбістік танытып тұрғандай көрінген. Бірақ сөзін аяқтай келе ол Қытай экономикасының күш-қуатын паш ететін тосын пікір айтып, «Біз қатты құламаймыз» деп дауыстап жіберді.

Кэцянның баршаға түсінікті бұл ишарасы 2017 жылдың алғашқы екі айына қатысты ресми мәліметтермен сай келеді: бөлшек саудада, өнеркәсіп өндірісінде, электр энергиясын тұтынуда, болат өндіруде, инвестиция тартуда және қызмет саласын жандандыруда едәуір ілгерілеу бар (соңғысы Қытайдың Статистика жөніндегі ұлттық бюросы жариялаған ай сайынғы жаңа индикатордан белгілі болды). Оның үстіне, соңғы сегіз айда алғаш рет ақпанда шетелдік валюта қоры қайта өсті, бұл капиталдың сыртқа кетуі саябырсығанын аңғартады.