Employees of shoe manufacturing park at work in Addis Ababa SOPA Images/Getty Images

Өнеркәсіпті дамытпай-ақ өркендеуге бола ма?

КЕМБРИДЖ– Өздері тәуелді болып келетін шикізаттың әлемдік нарықтағы бағасы төмен болып тұрса да, әлемнің ең кедей елдері жақсы нәтижеге жетіп жатыр. Сахараның оңтүстігіндегі елдердің экономикалық өсімі 2015 жылдан бері құлдырап келеді, бірақ бұл аймақтағы ең ірі үш елдің (Нигерия, Ангола және ОАР) өз проблемаларының кесірінен болып жатыр. Ал, Эфиопия, Кот-д’Ивуар, Танзания, Сенегал, Буркина-Фасо және Руанда биыл 6 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізуді жоспарлаған. Азияда Үндістан, Мьянма, Бангладеш, Лаос, Камбоджа мен Вьетнам да алдына осындай меже қойған.

Мұның бәрі жақсы болғанымен, адамды біраз шатастырады. Бұл елдердің көпшілігі біраз жылдан бері тек табиғат ресурстарына тәуелді болып келген, ал бұл жолы олар табиғат ресурстарына сүйенбестен-ақ, экспортқа бағытталған индустрияландыру арқылы тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізді. Бірақ бұлардың тек бірнешеуі ғана айрықша индустрияландыруды жүзеге асырып жатыр. Сахараның оңтүстігінде орналасқан табысы төмен елдер экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі өзгерместен тұр, тіпті кейбірінде бұл үлес азайып барады десе болады. Премьер-министр Нарендра Моди сүйікті сөзі «Үндістанда жасайық» деген ұранды жиі қайталағанымен, Үндістан жылдам индустрияланып кете қойған жоқ.

Өнеркәсіп табысы төмен елдердегі экономикалық дамудың ең күшті эскалаторына айналды. Оған мынадай үш себеп бар. Біріншіден, шетелдік технологияларды өзіңе бейімдеп, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашу біршама жеңілдеді. Екіншіден, өнеркәсіптегі жұмыс орындары ерекше қабілетті қажет етпейді. Қайта оқытуға ешқандай шығын шығармастан, фермерлерді зауыттағы өндіріс жұмысшысына айналдыруға болады. Үшінішден, өнеркәсіп өнімдеріне сұраныс табысы төмен адамдар көп тұратын ішкі нарықпен шектеліп қалған жоқ, іс жүзінде өнім өндіруді ешқандай шектеусіз экспорттың көмегімен ұлғайтуға мүмкіндік болды.

https://prosyn.org/gdWG8M5kk