Photo by Carlos Tischler/Getty Images

Мексика өз “Трампын” сайлады

МЕХИКО – АҚШ президенті Дональд Трамп 18 жылдан бері бүкіл әлемнің басын қатырып келеді, бірақ одан ең көп жапа шеккен ел – Мексика болар. Жақында өткен президент сайлауында додаға түскен басты үш кандидаттың ішінде Ақ үйдегі “бұзықпен” күреске мүлде дайын емес үміткер Андрес Мануэль Лопес Обрадор жеңіске жетті. Не болса да, Мексика халқы оны таңдады, енді ол биліктегі алты жылының көп бөлігінде (мүмкін толық алты жыл) Трамппен жұмыс істесуі тиіс.

Науқан барысында АҚШ-пен қарым-қатынас басты мәселе болған жоқ, бұл мәселе Лопес Обрадордың басымдықтар тізімінде де жоқ. Бірақ басқасынан гөрі дәл осы жайт мексикалықтарға көбірек әсер етпек.

Лопес Обрадор мен Трамптың ұқсас тұстары көп. Екеуі де экономикалық тұрғыда нағыз ұлтшылдар: Трамп АҚШ-ты өзін өзі алюминиймен және болатпен толық қамтамасыз ететін елге айналдырғысы келеді, ал Лопес Обрадор Мексиканы өзін жүгері, бидай, шошқа еті және ағаш өнімдерімен толық қамтитын мемлекет қылғысы келеді. Екеуі де сауда келісімдерін жаратпайды, бірақ олар бұл мәселеде прагматикалық таңдау жасайды: Трамп Транс-Тынық мұхит әріптестік келісімінен шыққанымен, Солтүстік Америка еркін сауда келісімінен (НАФТА) бас тартқан жоқ (әзірге), ал Лопес Обрадор қазіргі президент Энрике Пенья Ниетоның жолын жалғап, НАФТА келісімі бойынша АҚШ-пен және Канадамен қайта келіссөздер жүргізе беремін дейді.

Екеуі де бір-бірінің елдерін жек көреді және ұлтшыл қолдаушыларының қолтығына су бүркіп отырады, ал олар болса тым жиі шектен шығып жатады. Бірақ екеуі де шынайы жағдайға бейімделіп, келісу керек екенін біледі.

Осындай ұқсастықтарына қарамастан (бәлкім дәл солардың кесірінен) Трамп пен Лопес Обрадор АҚШ-Мексика қарым-қатынасында сенімсіздік пен кикілжіңді арттырып, дағдарысқа әкелуі мүмкін. Себебі, объективті факторлар мен субъективті құлшыныстар ескі кикілжіңдерді қоздырып, үстіне жаңасын жамай түседі. Екіжақты қарым-қатынаста сауда, иммиграция, есірткі, қауіпсіздік және аймақтық мәселелер басты орында болады, және осылардың барлығында Лопес Обрадор жүз жылға жуық уақыт ішіндегі Американың ең жаушыл президентімен істес болады.

Сауда мен тарифтер мәселесі бойынша Лопес Обрадордың нақты ұстанымы белгісіз, бірақ оның экономикалық ұсыныстарының көбі НАФТА-ның ережесі мен табиғатына қайшы келеді. Ауылшаруашылық өнімдерінің көбіне өте арзан баға белгілеп, Мексиканың өзі өндірген өнімді ғана тұтынуына қол жеткізу жоспары НАФТА талаптарының көбіне және Трамптың АҚШ-тың екіжақты сауда дефицитін азайту мақсатына қайшы келеді.

Subscribe now

Exclusive explainers, thematic deep dives, interviews with world leaders, and our Year Ahead magazine. Choose an On Point experience that’s right for you.

Learn More

Билік тізгінін тек желтоқсанның 1-інде қолға алатын Лопес Обрадор келісімді сақтап қалып, оны қайта қарау бойынша келіссөздерді жалғастыра беремін деп уәде етіп отыр. Тіпті бәрі жақсы болған жағдайда басшылардың ауысуы ақтық келісім уақытын созып, содан үш елдің құжатты ратификациялау мерзімі ұзаққа созылары анық. Ал әзірге Трамптың “НАФТА-дан шығамыз”, “Мексиканың АҚШ-қа сатылатын автокөліктеріне жаңа тарифтер енгіземіз” деп қайта-қайта қорқытуы Мексиканың жаңа басшыларын ашуландырары анық.

Иммиграция ең ауыр тақырып болатын тәрізді. Трамптың бүкіл шекара бойына дуал тұрғызамын деп өрекпуі, АҚШ-тың орталық бөлігінен депортацияланған мексикалықтар санының артуы, Мексика арқылы өтіп жатқан Орталық Америка мигранттары, иммигранттардың балаларын бөлек қамау және Трамптың осы мәселелердің барлығы бойынша дипломатиялық, риторикалық тұрғыда қысым жасауы жағдайды жеңілдетпейіні рас. АҚШ-та сайлау науқаны қызып тұрған шақта президенттіктен үміткер Трампты Мехикоға шақырғалы бері Пенья Нието осы жайттардың көбі бойынша АҚШ-қа бас шұлып келеді, сондықтан Лопес Обрадор мүмкіндігінше одан іргесін аулақ салып, тіпті символикалық тұрғыда болса да Трампқа қолынан келгенше жиі қарсы шығып отыратын болады.

Пенья Нието екіжақты мәселелерге біртұтас қарауға қол жеткізу үшін иммиграция мен қауіпсіздікті саяси сауда құралы ретінде пайдаланамын деп ескерткен. Бірақ мұнысын орындамады. Лопес Обрадор қарабайыр түсініктерден арылып, мәселелердің қаншалық күделі екенін сезінгенде Пенья Ниетоның батылы бармағандарды жасауы мүмкін. Мексика иммиграция бойынша Гватемаламен арадағы оңтүстік шекарасын босаңсыту, Мексика азаматтығын дәлелдемейінше АҚШ-тан депортацияланғандары қабылдамау сияқты әдістерді қолдана алады. Қарашада аралық сайлау болатынын, оның ар жағында 2020 жылғы президент сайлауы күтіп тұрғанын ескерсек, Трампқа өз қолдаушыларының нативистік өшпенділігіне одан сайын май құймай қарап отыру қиын болады.

Есірткімен соғыстың мәселесі де осыған ұқсас. АҚШ-тағы опиоид дағдарысының бәсеңдейтін түрі жоқ, Америкалықтар тұтынатын героин мен фентанилдың біраз бөлігі Мексикадан тікелей не транзит арқылы келеді. АҚШ-тың көп штаттары медициналық және/ немесе рекреациялық мақсаттағы марихуананы заңдастырып жатыр, Канада да солай істеді. Ал Лопес Обрадор бұл жөнінен тым консерватив бағыт ұстанады, ол есірткіні қандай түрде болсын заңдастыруға қарсы, демек есірткі саласындағы заңдылық бойынша оған АҚШ-пен арадағы ынтымақтастықты бұрынғы деңгейде сақтап қалу қиынға соқпақ. Халық Трампты жек көретіндіктен және алдыңғы екі президент Америкамен жасырын, жарамсақ, тіпті кейде заңсыз ынтымақтасып, елдің ызасына тигендіктен, оның бұған да мүмкіндігі болмасы анық.  

Лопес Обрадор аз уақыт әсер ететін марихуана мен көкнәр өсірушілерге бегілі бір деңгейде кешірім жасауға болады дегендей ишара білдірген. Бірақ есірткі сатушыларға емес. Дегенмен бұлардың арасындағы айырма үнемі анық емес. Гуерреродағы шаруалар аматоланы өз тұрмысы үшін емес, есірткі картельдеріне арнап өсіреді. Және АҚШ-тың Есірткімен күрес әкімшілігі Мексиканың бұрынғы президенттерінің есірткімен күрестегі шығыны көп, қанды әрі нәтижесіз саясатынан бас тартқандарға жақсы қарамасы белгілі.

АҚШ – Мексика қарым-қатынасының күн тәртібінде барлау мәліметтерімен бөлісу, террормен күрес, Венесуэла, Никарагуа, бәлкім Куба сияқты аймақтық дағдарыстар сияқты басқа да маңызды мәселелер бар, әрине. Лопес Обрадор аймақтық дипломатия бойынша Мексиканың дәстүрлі әрі архаикалық анти-интервенциялық ұстанымынан бас тартып, бірінші мәселелер бойынша ынтымақтастыққа ұмтылуға тырысып бағатын шығар. Бірақ Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуроның, не Никарагуа басшысы Даниель Ортеганың мәселесінен гөрі қауіпсіздік жайын көбірек ойлайтыны белгілі. Сондықтан, мұнда үлкен алшақтық болмайтын шығар. 

Мексикадағы өзгеріске деген ұмтылыс, биліктен кететін әкімшіліктің біліксіздігі және халықтың сенімінен шыға алмауы Лопес Обрадорды жеңіске жеткізген сияқты. 2016 жылы Америка халқы жасаған таңдаудың зардабын басқалардан бұрын Мексика тартып отырғаны өз алдына, енді олар өздері жасаған таңдаудың да салдарын сезінетін болады.

http://prosyn.org/tMMUmt4/kk;

Cookies and Privacy

We use cookies to improve your experience on our website. To find out more, read our updated cookie policy and privacy policy.