46

Макрон шын жеңіске жете ала ма?

КЕМБРИДЖ – Нативистік, ксенофобиялық қоғамнан гөрі ашық, либерал-демократиялық қоғамды қолай көретін жұрт үшін Эммануэль Макронның Марин Ле Пенді жеңуі – өте жағымды жаңалық болды. Бірақ оңшыл популизммен күрес аяқталды деуге әлі тым ерте.

Сайлаудың екінші кезеңінде Ле Пенді өз партиясы – «Ұлттық майданнан» өзге тек Николя Дюпон-Эньянның Debout la France атты шағын партиясы ғана қолдағанына қарамастан, ол сайлаушылардың үштен бірінің дауысын алды. Оның үстіне, бұл жолы дауыс бергендер саны алдыңғыдан анағұрлым аз болды, мұның өзі наразы халықтың тым көп екендігін білдіреді. Егер Макрон бес жылда жақсы жұмыс істей алмаса, онда ерекше күшейеді, сөйтіп Еуропада және басқа аймақтарда нативист-популистер қайратына мінеді.  

Истеблишментке наразылық белең алған заманда президенттіктен үміткер Макронға оның дәстүрлі саяси партиялардан оқшау тұруы үлкен көмек болды. Ал президент Макрон үшін бұл үлкен олқылық болатыны анық. Оның  En Marche! қозғалысының құрылғанына бар-жоғы бір жыл болды. Келесі айда болатын Ұлттық мәжіліс сайлауынан соң ол парламенттегі көпшілік орынды иемдену үшін бәрін нөлден бастауға мәжбүр болады. 

Макронның экономикалық идеяларын түсіндіру оңай емес. Президент сайлауы кезінде оны «сөзінде нақтылық жоқ» деп сынағандар көп болды. Солшылдар мен әсіреоңшылдар үшін ол – Еуропаны қазіргі саяси тығырыққа әкеп тіреген жаппай үнемдеу саясатын қолдайтын көпшіліктен еш айырмашылығы жоқ неолиберал ғана. Социалистердің кандидаты Бенуа Хамонды қолдаған француз экономисі Томас Пикетти Э.Макронды «кешегінің адамы» деп сипаттаған.