46

Макрон шын жеңіске жете ала ма?

КЕМБРИДЖ – Нативистік, ксенофобиялық қоғамнан гөрі ашық, либерал-демократиялық қоғамды қолай көретін жұрт үшін Эммануэль Макронның Марин Ле Пенді жеңуі – өте жағымды жаңалық болды. Бірақ оңшыл популизммен күрес аяқталды деуге әлі тым ерте.

Сайлаудың екінші кезеңінде Ле Пенді өз партиясы – «Ұлттық майданнан» өзге тек Николя Дюпон-Эньянның Debout la France атты шағын партиясы ғана қолдағанына қарамастан, ол сайлаушылардың үштен бірінің дауысын алды. Оның үстіне, бұл жолы дауыс бергендер саны алдыңғыдан анағұрлым аз болды, мұның өзі наразы халықтың тым көп екендігін білдіреді. Егер Макрон бес жылда жақсы жұмыс істей алмаса, онда ерекше күшейеді, сөйтіп Еуропада және басқа аймақтарда нативист-популистер қайратына мінеді.  

Истеблишментке наразылық белең алған заманда президенттіктен үміткер Макронға оның дәстүрлі саяси партиялардан оқшау тұруы үлкен көмек болды. Ал президент Макрон үшін бұл үлкен олқылық ��олатыны анық. Оның  En Marche! қозғалысының құрылғанына бар-жоғы бір жыл болды. Келесі айда болатын Ұлттық мәжіліс сайлауынан соң ол парламенттегі көпшілік орынды иемдену үшін бәрін нөлден бастауға мәжбүр болады. 

Макронның экономикалық идеяларын түсіндіру оңай емес. Президент сайлауы кезінде оны «сөзінде нақтылық жоқ» деп сынағандар көп болды. Солшылдар мен әсіреоңшылдар үшін ол – Еуропаны қазіргі саяси тығырыққа әкеп тіреген жаппай үнемдеу саясатын қолдайтын көпшіліктен еш айырмашылығы жоқ неолиберал ғана. Социалистердің кандидаты Бенуа Хамонды қолдаған француз экономисі Томас Пикетти Э.Макронды «кешегінің адамы» деп сипаттаған. 

Макронның экономикалық жоспарында неолибералдық реңк бары анық. Ол корпоративтік салықты 33,5 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетіп, мемлекеттік қызметкерлер санын 120 мың адамға азайтуға, үкіметтің дефицитін Еуроодақтағы ЖІӨ-нің 3 пайызы лимитінен төмен ұстауға, еңбек нарығындағы тиімділікті арттыруға (мекемелердің қызметкерлерді оңай жұмыстан шығаруын сипаттайтын эвфемизм) уәде берген. Дегенмен ол зейнетақы үстемесін сол қалпында сақтауға да уәде берді, оның қалауындағы әлеуметтік модель – Скандинавия стиліндегі икемді әлеуметтік саясат, яғни ол экономикалық қауіпсіздікті жоғары деңгейде сақтай тұра, нарықты ынталандырып отыруды көздейді.

Бұл қадамдардың ешқайсысы Макронның президенттік тағдырын шешетін басты мәселе – жұмыс орындарын ашуға еш үлес қоса алмайды (қысқа мерзім ішінде бұлай бола қоймасы анық). Мартин Сандбу айтқандай, француз электоратының басты уайымы – жұмыссыздық, яғни бұл мәселе жаңа әкімшіліктің негізгі басымдылығы болуы керек. Еуроаймақта дағдарыс басталғалы Франциядағы жұмыссыздық өте жоғары 10 пайыз деңгейінде қалып отыр, ал 25 жасқа дейінгілердің арасындағы жұмыссыздық 25 пайызға жақын. Француз экономикасындағы жалпы сұраныс артпайынша, еңбек нарығын либералдандыру жұмыс орындарын көбейтеді дегенге ешқандай дәлел жоқ,

Макронның экономикалық бағдарламасының келесі бөлігі осы тұста кәдеге жарайды. Ол құны 50 миллиард еуро болатын экономиканы ынталандыру жоспарын ұсынды. Бұл жоспар бойынша, инфрақұрылымға инвестиция салуға, жасыл технологияға, жұмыссыздарды қайта оқытуға қомақты қаржы бөлінбек. Бірақ бұл Францияның ЖІӨ-сінің 2 пайыздайын ғана құрайтындықтан, ынталандыру жоспары жалпы жұмыссыздықты төмендетуге бәлендей әсер ете қоймас.

Макронның бұдан анағұрлым амбициялық идеясы еуроаймақта ортақ қазынасы мен ортақ қаржы министрі бар қаржылық одаққа бір қадам жасауға бағыталған. Оның ойынша, бұл күшті елдердің еуроаймақтың ортақ ақша-несие саясатынан жапа шегіп отырған елдерге тұрақты түрде қаржылық трансфер жасап отыруына мүмкіндік береді. Еуроаймақтың бюджеті мүше мемлекеттердегі салықтан құралады. Еуроаймақтың бөлек парламенті саяси бақылау мен ашықтықты қамтамасыз етеді. Бұл Франция сияқты елдердің фискалдық шектеулерді бұзбастан, инфрақұрылым шығындарын арттырып, жұмыс орындарын көбейтуіне мүмкіндік береді.

Тереңірек саяси интеграцияның қолдауына сүйенген фискалдық одақтың мәні зор. Әйтеуір ол еураймақты қазіргі «ешкімге тиесілі емес» аймақтан бірізді қадамдар жасайтын аймаққа айналдырады. Бірақ Макронның принципсіз еуропалық саясаты – тек саясат пен принцип мәселесі емес. Бұлар, сондай-ақ, оның экономикалық бағдарламасын сәтті орындау үшін де маңызды. Қаржы-несие саясатын икемдемесе немесе еуроаймақтың басқа бөлігінен трансфер алмаса, Францияның жұмыссыздық дағдарысынан өздігінен шыға алуы екіталай. Макронның президенттік қызметтегі сәттілігі көбіне-көп оның Еуропамен ынтымақтаса білуіне байланысты болмақ.

Енді Германияға назар аударсақ. Сайлау нәтижелеріне Ангела Меркельдің алғашқы реакциясы сонша жақсы бола қойған жоқ. Ол «миллиондаған француз азаматының үмітін арқалаған» Макронды жеңісімен құттықтай тұрып, еуроаймақтағы ақша-несие ережелеріне өзгеріс енгізуді қарастырмайтынын да нық айтты. Тіпті Меркель (немесе Мартин Шульц басқаратын келесі үкімет) мұны қаласа да, неміс электораты қарсы болады. Үкімет еуроаймақ дағдарысын өзара тәуелділік мәселесі емес, адамгершілік мәселесі деп түсіндіргендіктен, үнемшіл әрі еңбекқор немістер «ұятсыз, екіжүзді борышкерлерге» қарсы шықты. Сондықтан, неміс саясаткерлерінің қандай да бір ортақ ақша-несие жобасын бекітуі өте қиын болмақ.

Немістердің реакциясын болжаған Макрон бұған: «Күшті Еуропа мен жаһандануды қолдаймын, бірақ трансфер одағына тек менің өлігім арқылы барасыңдар деп айта алмайсыз», - деп қарсылық білдірді. Оның айтуынша, бұл – дезинтеграция мен реакциялық саясаттың белгісі. «Трансфер болмаса, шеттегілерді жақындата алмаймыз, сөйтіп, оларды экстремистерге қарай ығыстырып, сыртқа тебеміз», - деді ол.

Франция Еуропаның шетінде болмасы анық, бірақ Макрон Германияға «Не сен маған көмектесіп, біз бірлесіп экономикалық, фискалдық және ақыр соңында саяси одақ құрамыз, немесе біз экстремистердің жемтігі боламыз» дегенді айтқысы келген сияқты.

Макронның сөзінің жаны бар. Франция үшін, Еуропа үшін және бүкіл әлем үшін біз оның жеңісінен соң Германияның жүрегі де жіби түседі деп үміттенуге тиіспіз.