98

Антиглобалистердің сабағы

НЬЮ-ЙОРК – Франциядағы сайлаудың екінші кезеңінде Эммануэль Макрон жеңеді дегеннен бүкіл әлем жеңілдеп қалды. Әйтеуір Еуропа Дональд Трамп бастаған АҚШ сияқты протекционизм соқпағымен жүрмейтін болды-ау деп терең дем алды.

Бірақ жаһанданудың жақтастары шампандарын тоңазытқышта сақтай тұрса болады, себебі «иллиберал демократияны» қолдаушылар әлі көп елде бас көтеріп келеді. Аттаншыл фанатик пен суайт өтірікшілердің АҚШ-та Трамптікіндей дауыс жинауы мүмкін, оның үстіне 7 мамырда Франциядағы сайлаудың екінші кезеңінде әсіреоңшыл саясаткер Марин Ле Пен додаға түсетінін де естен шығармаған жөн.

Кейбіреулер Трамптың біліксіздігі мен нашар басшылығы популизмге сеніп жүргендердің көңілін қалдырады деп ойлайды. АҚШ-тың Трампқа қолдау білдірген «Өнеркәсіп белдеуінің» тұрғындары төрт жылда кедейлене түсетіні анық, рационалды сайлаушылар мұны жақсы түсінеді.

Бірақ, ғаламдық экономикаға көңілі толмайтындардың саны (әсіресе оның орта таптағыларға не орта тапта болғандарға қатысты ұстанымын қолдамайтындар) саны артып барады деу қателік болар еді. Егер дамыған либерал-демократиялық елдер қазіргі статус-кво саясатын сақтап қалатын болса, мигрант жұмысшылардың бөлектеніп қала беретіні анық. Олардың көбі Трамп, Ле Пен немесе сол сияқтылар бұлардың жан азабын түсінеді деп сенеді. Сайлаушылар протекционизм мен популизмге өз беттерімен қарсы тұрады деген – бос қиял ғана.

Либералдық нарықтық экономиканы қолдаушылар реформалар мен технологиялық даму көп адамның жағдайын нашарлататынын түсінуі керек. Жалпы, бұл өзгерістер экономикалық тиімділікті арттырып, жеңгендердің жеңімпаздарға өтемақы төлеуіне мүмкіндік береді. Бірақ егер жеңілгендер кедей қалпында қала беретін болса, олар жаһандану мен еркін нарықты неге қолдауы керек? Әрине, өз бастарын ойлаған олар бұл өзгерістерге қарсы шыққан саясаткерлерді жақтайды.

Сондықтан, мына жағдайдан сабақ алуымыз керек: жаһанданудың кесірінен артта қалып қойған азаматтар мен қауымдастықтарға көмектесіп, оларды әлеуметтік  тұрғыдан қамсыздандырып, жұмысқа қайта бейімдейтін прогрессивті саясат жүргізбесе, Трамп тәрізді саясаткерлер үйреншікті көрініске айналуы мүмкін.

Мұндай саясаткерлер протекционистік және нативистік амбицияларын толық жүзеге асыра алмағанымен, олардың кесапаты көп болмақ, себебі олар үрей шақырып, фанатизм тудырады әрі ел басқаруда «біз» және «олар» болып бөлінуге сүйенеді. Трамп Twitter арқылы Мексикаға, Қытайға, Германияға, Канадаға және басқа көп елдерге шүйлікті, ол билікте ұзақ отырған сайын бұл тізім ұзара бермек. Ле Пен мұсылмандарға көп тиісті, бірақ оның «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияның еврейлерді өлтіруге қатысы болған жоқ» деген пікірі оның антисемиттік көзқарасын да аңғартты.

Мұның салдарынан ұлттар арасына іріткі түсіп, халықтар бір-бірінен алшақтай бастауы мүмкін. АҚШ-та Трамп қазірдің өзінде президентке деген құрметті азайтып жіберді, ол кеткен соң Америкада алауыздық арта түсетіні анық.

Ғылым мен еркіндік үстемдік құрған Ағару дәуірі келгенге дейін бұқара халық ғасырлар бойы кедейлік пен жоқшылықта өмір сүргенін ұмытпауымыз керек. Трамп, Ле Пен және басқа да популистер Ағарту дәуіріне қарама-қайшы құндылықтарды ұсынады. Трамп ешбір шімірікпестен «балама фактілерді» ұсынып, ғылыми әдістерді жоққа шығарады, сондай-ақ ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражатты азайту ұсынады. Оның айтуынша,  климаттың өзгеруін зерттейтін ғылым – өтірік.

Трамп, Ле Пен және басқалар жақтап отырған протекционизм әлемдік экономикаға да дәл сондай қатер төндіреді. 75 жылға жуық уақыт бойы әлемде тауарлар, қызметтер, адамдар мен идеялар еркін көшіп жүретін ережеге негізделген ғаламдық экономикалық тәртіп қалыптастыруға талпыныс болды. Өзімен идеялас популистердің қолпаштауымен Трамп бұл құрылымның астына қолдан жасалған граната тастады.

Трамп пен оның үзеңгілестерінің «шекараны қымтау маңызды» деп өзеурегеніне қарап, бизнес өкілдері ғаламдық тауар тізбегін жасардың алдында екі шоқып, бір қарайды. Соның кесірінен болатын сенімсіздік инвестицияны, әсіресе мемлекетаралық инвестицияны азайтады, ал бұл ережеге негізделген ғаламдық жүйенің қарқынын баяулатады. Жүйеге инвестиция аз салатындықтан, бұл жүйенің жақтастары оны қолдауға аса құлшына қоймайды.

Бұл бүкіл әлемге проблема тудырады. Қаласақ та, қаламасақ та, адамзат баласы климаттың өзгеруі, террор қаупі сияқты ортақ мәселелермен күресу үшін бірлікте болады. Бұл мәселелерді шешуге деген құлшыныс пен ниет күшеймесе, бәсеңсімеуі керек.

Скандинавия елдері осының бәрінен сабақ алып қойған. Аймақтың кішігірім елдері жылдам экономикалық өсімге қол жеткізіп, гүлдену үшін шекараның ашықтығы қаншалық маңызды екенін түсінді. Бірақ олар ашық әрі демократиялық ел болғанымен бірге, қоғамның ауқымды бөлігінің артта қалып қоймайтынына көз жеткізгісі келеді.

Сондықтан бақуатты елдер Скандинавия мемлекеттерінің гүлденуіне себепкер болды. Олар басқалармен бөліскенде ғана тұрақты дамуға қол жеткізуге болатынын түсінді. Қазір осы ақиқатты АҚШ пен Еуропаның басқа бөлігі түсінуі қажет.