6

Латын Америкасына капитал әлі ағылып жатыр

БОГОТА – Латын Америкасы, соның ішінде әсіресе Оңтүстік Америка жылдар бойы дағдарыста.  Дегенмен шетелдік капитал, соның ішінде тікелей және қаржылық инвестиция аймаққа әлі де ағылып жатыр. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай.

Бұрындары қаржы ағындарының кенет тоқтауы Латын Америкасы мен басқа да дамушы елдердегі дағдарыстың ең басты белгісі болатын. 1980-жылдардағы Латын Америкасындағы қарыз дағдарысы инвестицияны сегіз жылға тоқтатты. 1997 жылдың ортасында Азияда басталған қаржы дағдарысы кейіннен дамушы елдерге жайылып, алты жылдық үзіліс әкелді. 1930-жылдардағы «ұлы депрессиядан» болған үзіліс ондаған жылға созылған.

Бұл динамика өзгеріп жатыр. 2008 жылы АҚШ-тағы Lehman Brothers инвестициялық банкі күйреген соң капитал ағыны шамамен тек бір жылға тоқтады. Алғашқы соққының қатты болғанына қарамастан, капитал ағыны мен тәуекел шегі 2009 жылға қарай қалпына келді, Латын Америкасында облигацияларды қаржыландыру қайта жанданып, артынша 2008 жылдың қарсаңындағы көрсеткіштен үш есе асты.

Одан кейінгі соққылар қаржы ағынына онша көп әсер ете қоймады. 2013 жылы АҚШ Федералдық резерві облигацияларды сатып алу бағдарламасын тоқтата бастады, сөйтіп шикізат бағасы 2014 жылдың ортасында құлдырады. 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басындағы Қытайдағы жағдай қаржы нарықтарын түгел шарпыды. Кейіннен Дональд Трамп АҚШ-тың президенті болып сайланып, АҚШ Федералдық резерві пайыздық мөлшерлермені екі рет өсірді.