Әлеуметтік желінің екі қаупі

НЬЮ-ЙОРК – Бізге ескерту жасалған. Венчурлық капиталист, Netscape-тың негізін қалаушы Марк Андриссен 2011 жылы «Компьютерлік бағдарламалар әлемді қалай жұтып жатыр?» деген әйгілі мақаласын жариялаған. Бірақ Андриссеннің сөзіне құлақ түрмедік,  мұны жай метафора деп түсіндік. Қазір біз ғаламды Интернет-платформа монополиясының шеңгелінен шығара алмай әлек болып жатырмыз.

The Year Ahead 2018

The world’s leading thinkers and policymakers examine what’s come apart in the past year, and anticipate what will define the year ahead.

Order now

Мен технология саласындағы оптимист едім. Силикон шатқалындағы ең мықты деген жобаларға инвестиция салған 35 жылда жеке компьютер, мобильдік коммуникация, Интернет және әлеуметтік желі индустрияларының дамуына ат салысып келемін. Әу баста Google мен Amazon-ға инвестиция салғанымды,  2006-2010 жылдар аралығында Facebook-тың негізін қалаушы Марк Цукербергке ұстаз болғанымды карьерамның ең жарқын тұстары ретінде айта аламын.

Технологияның әрбір жаңа толқыны өнімділікті еселеп, білімге қолжетімділікті арттырды. Әрбір жаңа платформа алдыңғыға қарағанда қолдануға жеңілірек және ыңайлырақ болды. Технология жаһандануға және экономикалық өсімге серпін берді. Ондаған жылдар бойы ол бүкіл ғаламға игілік әкеліп жүрді. Әрдайым солай болады деп ойладық.

2016 жыл келгенде Интернеттің екі көлеңкелі тұсы анықталды. Біріншісі жеке қолданушыларға қатысты. LTE мобильдік инфрақұрылымы бар смартфондар әр таңда қалаған ақпаратыңызды беріп тұратын алғашқы контент жеткізу платформасын жасап шығарып, технология индустриясын және екі миллиард адамның өмірін түбегейлі өзгертті. Facebook, Google, Amazon, Alibaba және Tencent сияқты компаниялар әлемнің көп бөлігінде үнемі хабарландыру жіберіп, түрлі сыйақылар ұсыну сияқты үгіт-насихат пен казино ойынында қолданылатын әдістердің көмегімен еш бақылаусыз әрекет етіп, адамдардың психологиялық тәуелділігін арттырып жіберді.

Екінші көлеңке тұсы - геосаясат. АҚШ-та, Батыс Еуропада және Азияда Интернет-платформалар, әсіресе Facebook  саясатта, сыртқы саясатта және коммерцияда күштілердің әлсіздерді жаныштауына мүмкіндік берді. Еуропадағы, АҚШ-тағы сайлаулар автоматтандырылған әлеуметтік желілер демократияның іргесін шайқау үшін пайдаланылатынын сан мәрте көрсетті.

Брекзит референдумы және АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлауы Facebook-тың жағымды ақпаратқа қарағанда жағымсыз жаңалықтың таралуына көбірек мүмкіндік беретінін байқатты. Авторитар үкіметтер Facebook-ты репрессиялық саясатты қолдау мақсатына пайдалана алады. Қазір бұл көріністі Мьянмада, Камбоджа мен Филиппинде және басқа елдерде байқауға болады. Кей жағдайларда Facebook тіпті жалпы клиенттеріне көмектескен сияқты мұндай үкіметтерге жәрдем беріп те отырды.

Facebook, Google және басқа да басты Интернет-платформалар бизнес-модельдерін жасағанда зиянын тигізу мақсатын көздемегеніне сенімдімін. Олар жетістікке жетуді көздеген жас кәсіпкерлер болатын. Олар онлайн әлемді адамдар үшін бұрынғыдан да ыңғайлы, әркімге лайықталған және жеңіл қолданбалар төңірегіне топтастырып, кең аудитория қалыптастыру мақсатында көп жыл уақыттарын сарп етті. Және олар қолданушылар қосылғанға дейін өз жобаларын монетизациялауға асықпады. Олар таңдаған жарнамалық бизнес-модельдер персонализацияға негізделген, ал бұл жарнама берушілердің өз хабарламаларын тұтынушыға бұрын-соңды болмаған дәлдікпен жеткізуіне мүмкіндік берді.

Одан соң смартфондар келіп, бүкіл медианы өзгертті, сөйтіп Facebook, Google және тағы бірнеше компания қолданушыларға ақпарат жеткізуді бақылауға алды. Қолданушылардың «өздері қалаған ақпаратты» алуына мүмкіндік беретін фильтрлер халықты жік-жікке бөліп,  басты демократиялық институттардың (әсіресе еркін баспасөздің) беделін түсірді. Автоматтандырудың арқасында табысы артқан Интернет-платформалар тек демократияға жаны қас автократтардың ғана емес, жалпы арам пиғылды ойыншылардың алдында дәрменсіз болып қалды.

Андриссен ескерткеніндей, ғаламдық амбициялары мен мүмкіндіктері бар бұл компаниялар әлем экономикасын жұтып жатыр. Бұл процесте олар Facebook-тың «жылдам әрекет ет, шаруаларды майда бөліктерге бөл» деген корпоративтік философиясын қоланып, оның адамдарға, институттар мен демократияға ықпалына мән бермей келеді. Дамыған елдердегі жұрттың біразы осы платформалардың фильтрлері сүзіп берген жалған цифрлық шынайылықта өмір сүріп жатыр, мұндай жағдайда олардың көзқарастары қасаңданып, тым біржақты бола бастайды.

АҚШ-та ересектердің шамамен үштен бірі нақты фактілерді көрсетіп тұрса да, жаңа идеяларды қабылдамайтын дәрежеге жеткен. Мұндай адамдарды манипуляциялау оңай, Google-дың бұрынғы дизайнері Тристан Харрис мұны «миға хакерлік шабуыл» деп сипаттаған.

Батыс демократиялары бұл қауіппен күресуге дайын болмады. АҚШ-та Интернет-платформаларды тиімді түрде реттеудің жолдары жоқ, мұнда тіпті оны қалыптастыруға деген саяси ниет те байқалмайды. Ал Еуропа одағында реттеу жолдары да,  саяси ерік-жігер де бар, бірақ бұлардың ешқайысы қауіптің бетін қайтаруға қауқарсыз. Еуроодақтың жақында еркін бәсекеге кедергі келтіргені үшін Google-ге 2,7 миллиард доллар рекордтық айыппұл салу шешімі - дұрыс қадам, бірақ бұл жеткіліксіз. Google қарсылық білдірді,  инвесторлары иықтарын қиқаң еткізді. Бұл - жақсы бастама, бірақ әлі жеткілікті емес.

Біз қазір жауапты кезеңде тұрмыз. Интернет-платформалардың қатері кішкентай мысалдардан белгілі болып келеді, бірақ өнімдері ыңғайлы әрі оған психологиялық тәуелділік жоғары болғандықтан, темекіге қарсы науқан сияқты адамдар бұл қауіпті түсінуі үшін бірнеше ұрпақ алмасуы керек болады. Интернет-платформа үстемдігінің бәсеке мен инновацияға зиянды әсерін Еуропа мен АҚШ-та көбірек түсінеді, бірақ әлі ешкім тиімді реттеу стратегиясын таба алған жоқ. Бұл платформалар демократияның беделін түсіретіні де белгілі болып келеді, бірақ Батыс үкіметтері одан қорғанудың жолдарын тапқан жоқ.

Интернет-платформалардың монополиясынан туындаған қиындықтарға монополияға қарсы тәсілдерді қолдану аздық етеді. Біз бұл қиындықтарды қоғамның саулығына төнген қауіп деп мойындауымыз керек. Бір ұсыныс - әлеуметтік желіні темекі мен акоголь сияқты қарастырып, білім беру мен реттеу тетіктерін қолдану.

Дүниежүзілік экономикалық форумның Давостағы басқосуына қатысушылар Интернет-платформалардың қаупін маңызды тақырып ретінде талқылауы керек. Өмірімізді бір қалыпқа келтіріп, саясатта үміт отын оятамыз десек, дүниенің шырқын бұзғандарды тәртіпке шақыруымыз керек.

http://prosyn.org/fJfXtDx/kk;

Handpicked to read next