Facebook CEO Mark Zuckerberg arrives to testify before a House Energy and Commerce Committee Tom Williams/CQ Roll Call

Технология саясатының болашағы

СТЭНФОРД – Технология да, ірі технологиялық компаниялар да қарама-қайшы болып барады. Қазір жұрттың бәрі әлдекімдердің Facebook қолданушыларының мәліметтеріне қол жеткізіп, оны пайдасына жарату ықтималдығын уайымдап жатыр. Мұның алдында “үкімет терроризм не басқа да қылмыс жасады деп айыптаған күдіктінің құрылғысын аша алуы керек пе, жоқ па?” деген мәселе талқыға түскен. Кең ауқымда алсақ, технологияның еңбек нарығына ықпалы жұртты біраздан бері толғантып келеді.

Бұдан бір жыл бұрын болжағанымдай, осы мәселелердің барлығында басты орында технология саясаты тұр. Жақында Конгресте сұрақтарға жауап берген Facebook төрағасы әрі атқарушы директоры Марк Цукерберг (Mark Zuckerberg) өз саласында белгілі бір реттеу болуы керектігін мойындады. Демек, қазір бұл секторда жаңа саясат қалыптастырудың мүмкіндігі туды. Заң арқылы бола ма, ереже не халықаралық келісім-шарт бола ма, әлде салық және сауда сияқты жапсарлас салаларда шара қабылдау бола ма, бастысы – инновацияны бәсеңдетпестен, технологияның олқылықтарын азайту керек. Бұл үшін бір-бірімен байланысты бес нәрсені есте сақтаған жөн.

Біріншісі – жеке өмір құпиясы. Еуропа одағының Жалпыға бірдей мәліметті қорғау ережелері (GDPR) 25 мамырда күшіне енеді, бірақ ол Еуропа тұрғындарынан басқаларды еш қорғамайды. Ал Facebook-қа қатысты айтсақ, бұл – мәтінді мүлде оқымастан “компанияның қызмет көрсету ережелерімен келісемін” деген түймені басқан 1,5 миллиард қолданушының тағдыры деген сөз.

Қазір қолданушылардың мәліметтерін жинардың алдында олардың рұқсатын алуды міндеттеу, қолданушылардың өз мәліметтерін оңай өзгертіп, өшіруіне мүмкіндік беру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Тұтынушылар мен компаниялар, соның ішінде нарыққа енді кіргендер бұл ережеге қалай қарайтыны әлі белгісіз. Көбірек мәлімет жинау үшін компаниялар қолданушыларды тегін қызметтен бөлек қосымша ынталандырып, оларға жаңа қызмет түрлерін ұсынып, оның жылдамығын арттырып не баяулата алады.

Екінші мәселе – нарықтың билігі. Интернет енді шыққан жылдары жас технология индустриясы салық пен ережелерді автоматты түрде енгізуді ұсынды. Ал қазір нарықтағы капитализация жөнінен АҚШ-тағы ең ірі төрт компанияның төртеуі де (Apple, Google, Microsoft, Amazon) – технология компаниялары (жақында Berkshire HathawayFacebook-ты  бесінші орынға ығыстырып шығарды). Бұл майданда ақылға қонымды саясат қолдансақ, алдымен нарықты анықтап, одан соң онда шоғырланудың қандай деңгейі қай уақыт аралығында бәсекеге қауіп төндірерін шешер едік.

Технология секторы Шумпетердің шығармашылық құлдырау жөніндегі классикалық идеясының ізімен жүріп келе жатқан тәрізді. Монополияның қарқынды толқындары технологиялық алмасуға орын босатып жатыр. Сым телефондардың орнын ұялы телефон, жай поштаның орнын электронды пошта, ал телефон қоңырауының орнын әлеуметтік медиа мен хабарлама басты.

What do you think?

Help us improve On Point by taking this short survey.

Take survey

Бүгінде Apple мен Google смартфондардың операциялық жүйесіне дуополияны сақтап отыр. Дегенмен олар қызметін жақсартып, жаңа өнімдер шығаруда белсенді түрде бәсекелесіп жатыр. Ал iOS пен Android жасақтама дүкендері көп шағын бизнес өкілдерінің тынысын ашса, жаңа смартфон шығарушылардың жолын кесті. Сол сияқты цифрлық жарнама нарығында Facebook пен Google үстемдік етіп тұр, бірақ сол табыстың арқасында олар емейл және әлеуметтік медиа қызметтерін тегін ұсынып, тұтынушыларға жағдай жасап отыр.

Бір жағынан АҚШ үкіметі телекоммуникация алыптары – AT&T мен киностудияға, кабельдік телестансаларға және басылымдарға иелік ететін Time Warner-дың бірігуіне тосқауыл қоюға тырысып жатыр. Реттеушілер бұл қосылу бағаның өсуіне алып келеді десе, AT&T онлайн видео қызметі мен өзінің бағдарламасын ұсынып отырған  Netflix and Amazon сияқты технология алпауыттарымен бәсеке қаупі төніп тұр дейді. (Бұған қоса Amazon онлайн-дүкен және мәліметті өңдеу инфрақұрылымы бойынша да көш бастап тұр). Демек, мұндағы мәселе – қазіргі бегемоттар арасындағы бәсеке олардың нарықтағы үстемдіктерін теңгеруден де ықпалды ма дегенге келіп саяды.

Үшінші мәселе – ақпаратты бақылау. Ыңғайлы болғандықтан әрі халық смартфон мен әлеуметтік медиаға тәуелді болып қалғандықтан, қазір жұрттың көбі жаңалықты Facebook сияқты онлайн платформалардан оқиды. Google мен Facebook қолданып жатқан микротаргеттелген жарнама моделі баспа журналистиканың дәстүрлі табыс көзін ортайтып, мемлекеттік және жергілікті үкіметтердің қамту мүмкіндігін шектеді.

Бұдан да жаманы – әлеуметтік медианың алгоритмдері сенімді көздерді кері ысырып, ең байбаламшыл материалдарды алға шығара бастады. Ал біреулердің “байбаламшыл” деп тапқан материалдарды алып тастау әрекеті цензураны күшейтеді. Әсіресе, консерваторлар лайықты пікірталастың аясын “Силикон алқабындағы” солшыл компаниялар шеше ме деп қорқады.

Төртінші мәселе – байлықтың шоғырлануы. Қазіргі технология алыптарының негізін қалаушылар – әлемдегі ең ауқатты адамдардың қатарында. Олардың ішінде Amazon-ның басшысы Джефф Безос (Jeff Bezos) көш бастап тұр. Олардың байлығы еселеніп жатқанда, жалпы жалақы көлемі ондаған жылдар бойы шамамен бір қалыпта тұр. Ал бұл саяси наразылықты күшейтеді.

Десе де, цифрлық дәуірдің шығармашылық құлдырауы көп техника маманы мен инвесторды байытты, ал бұрынғы қызметкерлердің жағдайын нашарлатты. Жалақысы жоғары жұмыс орындарын жойып, қайта қалыптастырды. Және ең бастысы – олар бәріміздің өмірімізді жақсартқан өнімдер мен қызмет түрлерін ойлап тапты.

Байлықтың үлестірілуін реттеу саясаты кәсіпкерлікті ауыздықтап, әсіресе нарыққа жаңа келгендердің еңбек етіп, қор жинауына, инвестиция салуына кедергі келтірмеуі керек. Мәселен, байлықты үлестірудегі мақсаты қандай болса да, капитал өсімі салығы байлыққа салынатын салық болып есептеледі. Сонда да, адамдардың өз жағдайын жақсартуын қолдау – жалпы гүлденуге бастайтын жол екені шүбәсіз.

Соңғы мәселе – ұлттық қауіпсіздік пен ұлттық экономикалық мүдде. Осы айда Microsoft пен Facebook бастап бірнеше технология компаниясы киберсоғыс бастаған ешбір үкіметке қол ұшын бермейтіндерін, ал кибершабуылға ұшыраған кез келген елді не азаматты ешбір шарт қоймастан қорғайтынын мәлімдеді. Ядролық шабуылдың алдын алу үшін Солтүстік Кореяға не Иранға кибершабуыл жасаса да солай бола ма?

Экономикалық мүдде мәселесіне келсек, барлық үкіметтер реттеу, субсидия бөлу не сауда кедергілерін қою жолымен өз индустрияларын дамыту жолдарын іздейді. Ал зияткерлік меншікті ұрлады және технологияны күштеп көшірді деп айыпталған Қытай ғана басқаша ойын ойнап жатыр.

Қытай киберсоғыс әлеуетін арттырып, аса маңызды телекоммуникация инфрақұрылымына инвестиция құйып жатқандықтан, АҚШ үкіметі жақында америкалық компаниялардың Қытайдағы телекоммуникация алыбы – ZTE-ге жабдықтар сатуына тыйым салу керек деп шешті. Бұған жауап ретінде Қытай АҚШ-тың чип жасаушы компаниясы – Qualcomm-ның голландиялық NXP компаниясын сатып алуына кедергі келтіріп отыр.

Осы мәселелердің барлығы технология саясатының болашағына, сол арқылы болашақ инновациялар мен олардың қоғамға келтірер пайдасына әсерін тигізеді.

http://prosyn.org/3sgOsry/kk;

Handpicked to read next

Cookies and Privacy

We use cookies to improve your experience on our website. To find out more, read our updated cookie policy and privacy policy.