65

Жеңілгендерге өтемақы беруге тым кеш

КЕМБРИДЖ – Әлемнің бизнес және саяси элитасы Дональд Трамп сияқты популистер күшейтіп жіберген жаһандануға қарсы реакциямен күрес әдістері бойынша жаңа консенусқа келген сияқты. «Жаһандану бәріне пайда әкеледі» дейтін сенімді пайымдаулар келмеске кеткен, қазір элита «жаһанданудан жеңетіндер де, жеңілетіндер де бар» дегенді мойындай бастады. Бірақ, дұрысы – жаһандануды тоқтату не кері кетіру емес, жеңілгендердің тиісті өтемақы алатынына көз жеткізу.

Жаңа консенсусты Нуриэль Рубини жеткізді. Оның айтуынша, жаһандануға қарсы реакцияны «жұмысшыларға қосымша шығындарының өтемін беру арқылы тоқтатуға және басқаруға болады». Яғни, «осындай саясатты жүзеге асырғанда ғана жеңілгендер ақыр соңында жеңгендердің санатына қосыламыз деп үміттене алады».

Бұл пікір экономикалық әрі саяси тұрғыдан үлкен мәнге ие. Сауданы либералдандыру елдің жалпы экономикалық табысын арттырғанымен, табысты қайта үлестіруге және кейбір топтардың мүлде жеңілуіне алып келетінін экономистер бұрыннан біледі. Сондықтан сауда шарттары елдің әл-ауқатын тек жеңгендер жеңілгендердің өтемін қайтаратын деңгейде ғана көтереді. Сонымен қоса, өтемақы кеңірек аймақтардың саудаға араласуына және саясаттың жақсаруына әсер етеді.

Бақуатты елдер қалыптасқанға дейін ашықтық пен қайта үлестірудің арасындағы текетірес жұмысшылардың жаппай эмиграцияға кетуі немесе сауда протекционизмі (әсіресе ауыл шаруашылығында) арқылы шешіліп отыратын. Бай елдер көбейген соң міндетті шектеулер азайды, бұл сауданы либералдандыра түсті. Бүгінгі халықаралық экономикаға ең көп кіріккен елдер – қауіпсіздік торлары мен сақтандыру бағдарламалары бар бақуатты елдер. Еуропадағы зерттеулер көрсеткеніндей, елдер арасында көбіне әлеуметтік бағдарламаларды белсенді түрде жүргізіп, еңбек нарығына интервенция жасаушылар - жаһанданудан зардап шеккендер екен.