15

How Healthy is the Global Financial System?

ЛОНДОН – Соңғы апталарда Атлант мұхитының екі тарабындағы саясаткерлер де қаржы жүйесінің мығым әрі тұрақты екенін айтып келеді. АҚШ Федералдық резерві маусым айында Американың барлық банктері жылдық стресс-тестен өткенін хабарлады. Мұнымен қоймай, Федералдық резерв басшысы Джанет Йеллен «енді біздің ғұмырымызда бұдан басқа қаржы дағдарысы болмайды» деп болжам жасады.

Ал, мемлекеттердің әлемдік деңгейде келісілген стандарттарды орындап жатқанын бақылап отыратын Қаржылық тұрақтылық кеңесі (Financial Stability Board - FSB) G20 басшыларына жазған хатында «көлеңкедегі банктің зиянды формалары» жойылып жатқанын мәлімдеді.

Бір сөзбен айтсақ, ғаламдық қаржы жүйесін нығайту шаралары, әсіресе қауіпсіздік капиталын ұлғайту, банк жүйесінің маңызды бөліктерінде баланстарды тазалау салаларындағы әрекеттер жемісін берді. Саясаткерлердің соңғы мәлімдемелері жүйелік қаржы дағдарысының тәуекелін азайтуға, банктер елдің әл-ауқатына қатер төндірмей, керісінше нақты экономикаға қызмет етуіне толық жағдай жасалмады деп уайымдайтындарды сабасына түсіреді.

Қаржы жүйесі толық сауығып кетті деп қорытынды жасауға әлі тым ерте. Еуропаның кей бөліктеріндегі банк жүйесін күшейту жұмыстары әлі кещеуілдеп  жатыр. Және ең бастысы – қаржы тәуекелдері банктен басқа салаларға кесірініп тигізуде.

2007-2008 жылдары жауапсыздықпен тәуекелдерді көп ала бергеннің кесірінен әлем экономикасы бірнеше жылдық тоқырауға ұшырағанда дамыған елдердің реттеушілері мен орталық банктері өз қаржы жүйелерін нығайту үшін ерекше тер төккен. Бұл мәселеде олар ең алдымен банктерге назар аударды. Ал олар содан бері қауіпсіздік капиталын ұлғайтып, бұлыңғыр баланстарын тазалады, өтімділік пен ашықтықты арттырды, тәуекелі жоғары шаралардың ауқымы ме�� санын азайтты, көзсіз әрекеттерге бармас үшін ішкі тәртіпті күшейтті. Оның үстіне, құрдымға кетіп бара жатқан және құрып біткен банктердің мәселесін шешу де ілгеріледі.

Банк секторын күшейтумен қоса, саясаткерлер туынды қаржы құралдар нарығының өнімдерін стандарттауда да біраз жетістікке жетті, олардың сенімділігі мен ашықтығы артты, бұл жауапсыз институттардың әрекеттері кесірінен салық төлеушілердің есебінен ақша шығындау тәуекелін біршама азайтты. Оның үстіне, есеп айырысу және төлем жүйелері бұрынғыдан қауіпсіз бола түсті, бұл 2008 жылдың соңғы тоқсанында болғаны сияқты экономикалық белсенділік кезінде «кенет тоқтап қалу» қаупін азайтты.

Үкіметтердің Қаржылық тұрақтылық кеңесінің аясында өз әрекеттерін қадағалағанына қарап, көңіл сүйсінеді. Жақсы ықпалдастық регуляторлық арбитраж тәуекелін азайтып, Англия банкінің бұрынғы басшысы Мервин Кингтің атақты сөзімен айтқанда, «өмірде – халықаралық, ал өлімде – ұлттық деңгейде қалатын» банктерден төнетін қауіпті сейілтті.

АҚШ пен Ұлыбритания бұл реформада көш бастады, Еуропа солардың соңынан ілесті. «Бұл АҚШ-тағы банк жүйесін бұрынғыдан да нығайтады» деп Йеллен сенімді түрде айтқан соң дамыған елдердегі маңызды банктік юрисдикцияларда да осындай тәртіп орнайды деген үміт болды. Ал Қаржылық тұрақтылық кеңесінің «реформалар ғаламдық қаржы дағдарысынан болған жарықшақтардың орнын жапты» деген сенімді мәлімдемесін басқалар да қолдады.

Дегенмен, «жеңдік» деп жариялауға әлі тым ерте. Қаржылық тұрақтылық кеңесі қаржы жүйесін «қауіпсіз, қарапайым әрі әділ» деп сипаттап отырғанымен, «дер кезінде тексерілмесе, G20-нің мықты, тұрақты әрі теңгермелі өсімге қол жеткізу мақсатын орындауға кедергі келтіретін қатерлер бар» екенін де мойындады.

Ғаламдық капитал нарығының бақылаушысы және қатысушысы ретінде өз басым үш қатерді көріп отырмын.

Біріншіден, аса сақтықпен тексерілетін банктер өз еркімен не басқа себептермен белгілі бір саладағы белсенділігін төмендетіп, олардың орнын банк емес, бақылау және реттеу стандарттарына бағынбайтын басқа мекемелер басты.

Екіншіден, банктік емес жүйенің кей сегменттері «өтімділік иллюзиясымен» өмір сүріп жатыр, яғни кей салалардағы клиенттерге берілетін өнімдердің өтімділігі тым асыра бағалануы мүмкін, мәселен, табысы көп және жаңа дамып келе жатқан нарықтардағы корпоративтік облигациялар нарықтың құбылуынан қатты зардап шегуі мүмкін. Ал биржалық қорлар ұлғайып, қаржылық араағайындар өздерінен ірірек әрі күрделірек соңғы тұтынушылармен салыстырғанда әлдеқайда кішірейіп қалды.

Үшіншіден, қаржы жүйесі «биг датаның», жасанды интеллект пен мобильділіктің кесірінен болған технологиялық ақаулардың әсерін әлі толық сезіне алған жоқ, ал бұлар бұрыннан қалыптасқан салаларға дендеп еніп, күш алып келеді. Оның үстіне, ауқымы кеңейген қаржы мен технология әріптестігі (fintech) тиісті деңгейде реттеліп жатқан жоқ, әрі ол толық нарықтық циклдан соң ғана түгел тексеруден өтеді.

Әрине, әлемдегі өсім мен экономикалық гүлденуге кері әсерін тигізуі мүмкін келесі қаржы дағдарысы банк секторынан басталмайтыны анық. Бірақ біз қаржы жүйесіне төнуі мүмкін қауіп-қатердің барлығын жойдық деп айтсақ, мұнымыз асығыстық болар еді.

Қатерлердің сыртқы пішіні өзгеріп, олар банк жүйесінен тысқары аймаққа ойысып кеткендіктен, реттеушілер мен бақылаушылар банктерден алысты көре алуы үшін көбірек күш жұмсап, әрекет етуі керек. 2015 жылы Wall Street Journal басылымының тілшісі Грег Ип айтқандай, «экономикадағы қатерді ысыру – су төсекті қысқанмен пара-пар, себебі ол бәрібір басқа жерден томпайып шығады. Сондықтан, қаржы дағдарысынан соң қаржы жүйесін қауіпсіз ету үшін көп тер төгу керек».