People hold pictures of jailed journalists in Turkey OZAN KOSE/AFP/Getty Images

Жалған ақпаратпен күрес цензураға қалай көмектеседі?

ВАШИНГТОН – Медиа сарапшыларының көбі жалған ақпараттың қаупін дұрыс байқайды, бірақ олар бұл құбылыстың журналистер үшін мәні қандай екенін түсінбейді. Бұл термин бүтіндей бір кәсіптің зияндығын қысқаша сипаттайтын сөзге айналып қана қойған жоқ. Автократтар көбіне «терроризмді қолдады» деген ойдан шығарылған айыппен тілшілерді түрмеге қамап, цензура енгізсе де осыны алға тартатын болды.

Дүниежүзінде жалған не ойдан шығарылған ақпаратты жариялады деп айыпталып, түрмеге жабылған адал журналистердің саны кемінде 21 адамға артты. Демократиялық емес елдердің басшылары тәуелсіз БАҚ-қа шабуыл жасау үшін «жалған ақпаратпен күресті» көп желеу етіп жүргендіктен, бұл сан әлі де өсе түсуі мүмкін. 

Бір кездері сөз бостандығын қорғауда көш бастаған АҚШ қазір бұл мәртебесінен айырылды. Президент Дональд Трамптың «Туиттерде» жалған ақпарат туралы көлгірсуі автократиялық режимдердің БАҚ-қа қысым жасауына негіз болды. Желтоқсанда Қытайдың мемлекеттік People’s Daily басылымы Трамптың жалған ақпарат туралы «мантрасын» қолдап, «Туиттер» мен «Фейсбукте» посттар жариялады. Бұл туралы Қытай басылымы: «Батыс БАҚ-тары туралы көп шындықты айтты», - деп жазды. 2017 жылғы ақпанда Египет үкіметі де Трамп әкімшілігіне қолдау білдірді: елдің Сыртқы істер министрлігі Батыс журналистерінің жаһандағы терроризм туралы хабар тарату әдістерін сынға алды.

Ал 2017 жылғы қаңтарда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған тікелей эфирдегі баспасөз мәслихаты кезінде CNN тілшісіне жекіген Трампты мақтады. Телеарнаның 2013 жылғы Түркиядағы демократиялық шеру туралы хабарларын сынай келе Ердоған журналисті «орнына қойған» Трампқа қолдау білдірді. Бірнеше айдан соң болған кездесуде Трамп Ердоғанға өзін мақтағаны үшін алғыс айтты. Террормен күрестегі сенімді серігі ретінде әріптесіне мадақ айтқан Трамп Ердоғанның сөз бостандығы саласындағы нашар көрсеткіштері жайлы тіс жармады.

 Жалған ақпаратқа қатысты Трамптың стилін  осы үш елдің бірден көшіріп алуы кездейсоқ емес. 2017 жылы әлемде түрмеге қамалған журналистердің жартысынан астамы Қытай, Египет және Түркияда тұтқындалған. Алдыңғы жылдары да жағдай шамамен осындай болған еді. Халықаралық қауымдастықтың бұл елдердің тәуелсіз медиаға жасаған қысастығына үн қатпауы олардың осы тәртіппен келіскенін аңғартқандай.

Әсіресе журналистерді ең көп түрмеге жапқан елдердің арасында екі жылдан бері көш бастап келе жатқан Түркияда сөз бостандығы жылдам құрдымға кетіп барады. 2016 жылғы іске аспаған төңкерістен бері Түркия соттарында президентке, ұлтқа немесе оның институттарына тіл тигізді деп айыпталғандарға қатысты 46 мыңға жуық іс қаралып жатыр. Қазір темір торда отырған 73 журналист «мемлекетке қарсы қылмыс» бабы бойыша айыпталып немесе тергеліп жатыр. Тілшілерге көбіне террорлық ұйымға мүше болды, оны қолдады немесе насихаттады деген айып тағылған.

What do you think?

Help us improve On Point by taking this short survey.

Take survey

Терроризмді қолдап хабар таратуға қатысты тым екіұшты заңдар режимнің өзіне жағымсыз ақпаратқа тосқауыл қоюына мүмкіндік береді. Мәселен, Түркияда «Күрдістан жұмысшылар партиясы» (РКК), Египетте «Мұсылман бауырлар», Қытайда ұйғырлар туралы жазған журналист көп ұзамай «терроризмді қолдады» деген сылтаумен қамауға алынары анық. «Журналистерді қорғау комитетінің» жақында жариялаған мәліметтері бойынша, әлемде түрмеде отырған 262 журналистің шамамен төрттен үші «мемлекетке қарсы әрекет етті» деп айыпталған.

Тіпті журналист тұтқындалмаған күннің өзінде автократ басшылар заңды репораж беру құқығын аяққа басып, тілшіге «жалған ақпарат таратты» деген айып тағады. Өкініштісі - кейбір Батыс мемлекеттерінің әлеуметтік медианы жалған ақпарат пен зорлық-зомбылық туралы материалдан тазарту мақсатындағы әрекеттері автократтардың қолайына жағып тұр. Мұндай «тазалаудың» мақсаты – Ресей ерекше машықтанған сайлауға араласу әрекеттерінің алдын алу, және бұл – құптарлық шара. Алайда, мұның салдарынан әлемнің ең қауіпті аймақтарында шынайы репортаж жазуға ұмтылған шыншыл журналистер цензура қамытын киіп отыр.

Өткен жылы Сириядағы азамат соғысы жайлы видео түсірудің соңы не болды? Экстремистік контентті бұғаттау мақсатында YouTube конфликтіге қатысты жүздеген видеоны өшірді, соның ішінде соғыс туралы жан-жақты хабар таратып жүрген тәуелсіз ақпарат көздері - Shaam News Network, Qasioun ақпарат агенттігі, Idlib ақпарат орталығы түсірген видеолар да жойылды.

Сол сияқты, «Фейсбук» БҰҰ-ның өзі «этностық тазалаудың ерекше мысалы» деп сипаттаған дағдарыс – Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарының басындағы қиындықты көрсетуге тырысқан адамдар мен ұйымдардың аккаунттарын жауып тастады. «Фейсбук» «қоғамдық стандарттарды бұзғаны» үшін осылай істегенін айтты.

Аккаунттары жабылған журналистердің айтуынша, «Туиттер» Египет пен Сирияда адам құқықтарының бұзылуы туралы мәлімет таратуға тырысқан азаматтық журналистердің парақшаларын бұғаттаған. «Туиттердің» цензорлары Еуропаның қақ ортасына да жетті. Бундестаг заңсыз контентті уақытында алып тастамаған әлеуметтік медиаға 50 миллион еуро (61 миллион доллар) айыппұл салатын заңды қабылдаған соң, қаңтар айында «Туиттер» Германиядағы сатиралық журналдың аккаунтын бұғаттады. Еуропаның басқа елдері де Интернет-компанияларды жалған ақпарат пен экстремизммен күресуге мәжбүрлеу үшін осы сияқты шараларды қолға алып жатыр. 

Өшпенділік, зорлық-зомбылық пен жалған ақпараттың жолын кесуді көздеген заңдардың ниеті дұрыс, бірақ оларды жүзеге асыру жолдары нақты емес, онда жауаптылық, ашықтық және шешімді қайта өзгерту механизмдері өте аз. Үкімет цензура міндетін жеке сектордың қолына беріп отыр, ал мұнда журналистік еркіндік принциптерінен гөрі акцияның құнын арттыру мақсаты басым болып тұр.

Демократиялық елдер басшылары иллибералдардың тәуелсіз ақпарат құралдарына килігуіне қарсы тұруы керек. Бұл үшін олар асыра пайдалануға мүмкіндік беретін контент туралы тым кеңқолтық заңдарды қайта қарауы керек. Дені сау қоғам қалыптасуы үшін еркін де белсенді БАҚ-тың болуы өте маңызды, ал жалған ақпарат оны жарға жығады. Бірақ, шынайы ақпарат тарататындардың үнін өшіруге алып келетін «емдеу әдістері» ол «дерттің» өзінен де қауіпті. 

http://prosyn.org/P7E037D/kk;

Handpicked to read next

Cookies and Privacy

We use cookies to improve your experience on our website. To find out more, read our updated cookie policy and privacy policy.