14

Еуроаймаққа әлі де қауіп бар

БРЮССЕЛЬ – Соңғы кездегі жалпы экономикалық өсімге қарамастан, еуроаймақ әлі де әлсіз, оған тағы бір дағдарыс қаупі бар. Мұның басты себебі –  ассиметриялық өсім және құлдырау кезеңдері қайталануы мүмкін.

Қарапайым тілмен айтсақ, жаймашуақ кезеңде еуроаймақ мүшелерінің барлығы табысқа кенелсе, құлдырау кезеңінде біреулері басқалардан әлдеқайда көп зардап шегеді. Демек, келесі дағдарыс басталғанда өз қауіпсіздігін ойлаған инвесторлар қаржылық тұрғыдан әлсіз елдерден қашып, экономикалық өсім тәжірибесі бар қаржылық жағынан күшті елдерге кетеді.

Экономикалық санақ кері бағытта жүргенде біз дежавю сезімін бастан кешеміз. Бір елдің жетістігі өзге бір елдің жеңілісін тудырады, бұл еуроаймақтың ішіндегі әріптестікке кесірін тигізіп, саяси қақтығыстарды көбейтеді. Бұл әр елдің ішкі саясатына кері әсерін тигізіп, бөлшектенуді қалайтын күштерді нығайта береді.

Соңғы дағдарысқа жауап ретінде жүргізілген реформалар жалпы деңгейдегі жағдайды жақсартқаны анық, бірақ ол еуроаймақтағы негізгі ассиметрия мәселесін шешкен жоқ. Бюджеттерді жоғарыдан төмен түсірілетін ереже көмегімен жақындастыру әрекеттеріне қарамастан, әр елдің негізгі ақша-несие ұстанымдары әлі де әркелкі.