18

Еуроаймақтың дамуына байыппен қарасақ

ЛОНДОН – Соңғы төрт жыл халықаралық қаржы және экономикалық болжам жасау ісінен аулақ болыппын, бірақ бұл салада отыз жыл бойы істеген жұмыс тәжірибем менің дүниетанымыма әсер етпей қоймапты. Бір үйренген сабағым – мекеменің әлеуетін және нарықтың ол мекемені бағалау дәрежесін салыстыра отырып, оның экономикалық және қаржылық тиімділігін өлшеу керек. Осы тәсілдемені әлемнің ірі экономикаларына қатысты пайдалана отырып, таңқаларлық жайттарды көріп, мүмкіндіктерді сезінеміз.

Біріншіден, жалпы қалыптасқан пікір дұрыс емес, себебі соңғы он жылдағы әлемнің өсімі соншалық жаман болған жоқ. Халықаралық валюта қорының деректері бойынша, 2010-2016 жылдар аралығында әлемдегі өнім көлемі жылына орта есеппен 3,4 пайызға өсіп отырған. Бұл 2000-2010 жылдар аралығындағы өсімнен төмен болғанымен, соншалық жаман болып саналмайтын 1980, 1990-жылдардағы өсімнен әлдеқайда жоғары.

Кей елдердің жетістіктері бойынша толық мәліметтер бұдан да көп ақпар береді. Саяси травма алғанына қарамастан, АҚШ пен Ұлыбритания күткен нәтиже көрсетті. Қытай, Үндістан мен Жапония өз әлеуеттерінің деңгейінде жетістікке жетті. Өз әлеуетінен жоғары асып кеткен елдер саусақпен санарлық.

Алайда, Бразилия, Ресей және еуроаймақтың экономикасы өте нашар көрсеткіш көрсетті. Демек, көп сарапшы (солардың ішінде мен де бармын) бұл экономикалардың әлеуетін асыра бағалаған ба? Әлде, олардың кінәсін жеңілдететін шарттар бар ма? Егер екіншісі болса, онда көпшіліктің күткені керісінше болып, бұл экономикалардың барлығында немесе кейбіреуінде жаңа өзгерістер болып, бізді таң қалдыруы мүмкін бе?