18

Еуроаймақтың дамуына байыппен қарасақ

ЛОНДОН – Соңғы төрт жыл халықаралық қаржы және экономикалық болжам жасау ісінен аулақ болыппын, бірақ бұл салада отыз жыл бойы істеген жұмыс тәжірибем менің дүниетанымыма әсер етпей қоймапты. Бір үйренген сабағым – мекеменің әлеуетін және нарықтың ол мекемені бағалау дәрежесін салыстыра отырып, оның экономикалық және қаржылық тиімділігін өлшеу керек. Осы тәсілдемені әлемнің ірі экономикаларына қатысты пайдалана отырып, таңқаларлық жайттарды көріп, мүмкіндіктерді сезінеміз.

Біріншіден, жалпы қалыптасқан пікір дұрыс емес, себебі соңғы он жылдағы әлемнің өсімі соншалық жаман болған жоқ. Халықаралық валюта қорының деректері бойынша, 2010-2016 жылдар аралығында әлемдегі өнім көлемі жылына орта есеппен 3,4 пайызға өсіп отырған. Бұл 2000-2010 жылдар аралығындағы өсімнен төмен болғанымен, соншалық жаман болып саналмайтын 1980, 1990-жылдардағы өсімнен әлдеқайда жоғары.

Кей елдердің жетістіктері бойынша толық мәліметтер бұдан да көп ақпар береді. Саяси травма алғанына қар��мастан, АҚШ пен Ұлыбритания күткен нәтиже көрсетті. Қытай, Үндістан мен Жапония өз әлеуеттерінің деңгейінде жетістікке жетті. Өз әлеуетінен жоғары асып кеткен елдер саусақпен санарлық.

Алайда, Бразилия, Ресей және еуроаймақтың экономикасы өте нашар көрсеткіш көрсетті. Демек, көп сарапшы (солардың ішінде мен де бармын) бұл экономикалардың әлеуетін асыра бағалаған ба? Әлде, олардың кінәсін жеңілдететін шарттар бар ма? Егер екіншісі болса, онда көпшіліктің күткені керісінше болып, бұл экономикалардың барлығында немесе кейбіреуінде жаңа өзгерістер болып, бізді таң қалдыруы мүмкін бе?

Ал еуроаймаққа келер болсақ, мұндағы экономика әне-міне шарықтайды деген идеяға сенетіндерді, не осы кезге дейін сеніп келгендерді психиатр дәрігерге жіберуге болатын еді. Бірақ, өз басым сарапшыларды осы мүмкіндікті көбірек қарастыруға шақырар едім, себебі егер бұл шындыққа айналса, онда бүгінде тым асыра бағаланып отырған нарықтарда жақсы ақша жасауға болатын еді.

Және, шын мәнінде, «еуроаймақта өсім болады» деген болжам жасағандар толық ақымақ емес. Циклдық тұрғыдан қарасақ, еуроаймақ қазір өз стандарттары бойынша да, басқалармен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында еуроаймақ АҚШ пен Ұлыбританиямен салыстырғанда қарқынды дамыды, ал еуроаймақтың ең ірі елдері біраз уақыт жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді.

Соған қарамастан, еуроаймақтың ұзақмерзімді құрылымдық дамуы айтарлықтай керемет емес. Ұзақмерзімді дамудың басты екі қозғаушы күші – еңбекке жарамды жастағы халықтың ауқымы мен оның өсімінің беталысы еуроодақтың ең ірі елдерінде онша жақсы емес, тіпті экономикалық тұрғыда ең жақсы келе жатқан Германияның өзінде жағдай мәз емес. Десе де, «еуроаймақ жақында өсімге қол жеткізеді» деген қиялды әрі қарай шарықтата түсіп, сол өсімді қамтамасыз ете алатын қозғалқыштардың бірі кенеттен өзгерсе ше? Таяу Шығыс пен Африканың қиын аймақтарынан Еуропаға ағылып жатқан (көбі жастардан тұратын) босқындар – аса тартымды көрініс емес.

Әрине, босқындардың әлеуетін пайдалану үшін оларды Еуропа қоғамы мен экономикасына бейімдеу керек, ал бұл - еуропалықтардың көбін қатты толғандыратын мәселе. Бірақ, егер осы қыжалаттың орны толса, онда бұл Еуропаның, әсіресе Германия мен Италияның ең үлкен демографиялық мәселесін шешкен болар еді. 

Оның үстіне жаңа өзгерістер бұрынғыдан конструктивті саясаттың орнауына жол ашуы мүмкін. Еуроаймақ мүшелерінің көпшілігінің ақша-несие ұстанымдары соңғы жылдары біраз оң өзгеріске ұшырады (бірақ бұл туралы көп айтылмады), соның арқасында бүкіл еуроаймақ аумағындағы ақша-несие дефициті ЖІӨ-нің 3 пайызынан төмендеді, бұл АҚШ пен Ұлыбританиядағыдан әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Оның үстіне, еуроаймақтың кейбір бөліктерінде, әсіресе Германияда, салық түсімдерінің артуы фискалдық сальдоның шамадан тыс артуына алып келді. Бәлкім, қазір амбициялық Франко-герман ынталандыру жобасын бастайтын дер сәт туған шығар?

Егер Францияның жаңа президенті Эммануэль Макрон маусымдағы Ұлттық ассамблея сайлауында қажетті қолдауға ие болса, онда ол Францияның құрылымдық үкіметтік шығындарын азайтып, салықтарды төмендетіп, еңбек нарығының икемділігін арттыруда бірдеңеге қол жеткізе алар еді. Әсіресе еңбек нарығы реформасы Францияның өзі үшін ғана емес, Германия канцлері Ангела Меркельді (егер ол қыркүйекте орнына қайта сайланса) ақша-несие интеграциясын арттырып, еуроаймақтың қаржы министрін тағайындауға көндіру үшін де шешуші жайт болмақ.

Мұның көбі тым алыстағы нәрселер көрінуі мүмкін, бірақ бұған бірнеше ай бұрынғыдан әлдеқайда жақынбыз. Нарықтағы бағаларды ескерер болсақ, сарапшылар айналсоқтай беретін басқа жайттарға шүйліккенше, осы мүмкіндіктерді қарап көрген әлдеқайда қызықты болар еді.

Осы сценарийді әрі қарай жалғай түссек, Ұлыбританияның сауда балансына оптимистік болжам жасаймыз: бәсекеге қабілетті айырбас бағамы оның негізгі нарығы – еуроаймақта үлкен сұраныс тудырады. Бұл ортақ нарық аймағынан шығудан туындаған мәселелердің барлығын оп-оңай шешкен болар еді. Онда біз қиял қанатында акуланың үстінен қарғып өтеміз. Кім біледі, бәрі мүмкін.