20

Еуроаймақтың қаржылық сауат ашу кезеңі

ЛОНДОН – 2017 жылы Еуропаның көшбасшылары популистер бас көтеретін мазасыз сайлаулар, Британияның Еуроодақтан шығуына байланысты күрделі келіссөздер және трансатлантикалық одақты «ескінің қалдығы» деп санайтын Американың жаңа президентімен істес болу сияқты түрлі өткелдерден өткелі тұр.

Осы сын-қатерлерге қарамастан, Еуроодақ басшылары шашыраңқы одақты қайта күшейтіп, оның институттарын нығайтуға да мүмкіндік алмақ. Соның ішінде олар көбірек капитал беріп, бақылауды күшейту арқылы банк секторына сенімді қайтаруы тиіс. Басқа салада еш алға жылжи алмаса да, осы мақсатқа жеткенінің өзі – 2017 жыл жемісті жыл болды дегенді білдірсе керек.

Еуропаның банктері ұзақ жылдардан бері құрлық экономикасының басты өзегі болып келді. Франция мен Германияда банктердің активтері ЖІӨ-нің 350-400 пайызын құрайды, ал Америкада бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 100 пайызы төңірегінде ғана. 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін еуроаймақтың ең әлсіз банктері нашар несиелердің батпанына басылып қалды, олар өз үкіметтерін де құрдымға ала кете ме деген қауіп болды. Көп елдердің несиені қайтару мүмкіндігі күмәнді болғандықтан, тіпті мықты деген банктердің өзі «қақпанға» түсіп қалды, себебі олар өз портфеліндегі егемен қарыздың азайып жатқанынан жапа шекті.

Бір жағынан еуроаймақ банктерінің тәуелсіздігі бәлекеттен құтқарды. Ирландия, Португалия және  Грекия банктері көбіне Германияның, Франция мен Нидерландының банктеріне қарыз болғандықтан, ең осал банктер мен экономикаларға сырттан түскен ауыр салмақты мықты банктер бірлесіп көтерді. Соның арқасында саяси шығыны көп болғанына қарамастан, акционерлер ынтымақтасып, бірлесе жауап беруге үйренді. Еуропаның барлық банктеріне қатер төніп тұрмағанда, Еуропа лидерлерінің 1 триллион долларды қаржы нарығына қайта құю туралы келісімге келе қоюы екіталай еді.