9

2017-нің тосын сыйлары

ЛОНДОН – Әдетте қаңтардың басында экономист сарапшылар жаңа жылға болжам жасайды (болжамдары көбіне дұрыс шықпай жатады). Алайда, биылғы әлемдік жағдай бұрынғыдан мүлде өзгеше, сондықтан ғаламдық экономика мен қаржы нарығын шайқауы мүмкін деген ең үлкен тосын сыйларды таразылау үшін АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйге толық орныққанын күту керек болды. Нарықтағы қазіргі өзгерістер мен жағдаяттарды қарайтын болсақ, әлем биыл үш  тұғырлы өзгерісті бастан кешіруі мүмкін.

Біріншіден, Трамптың экономикалық саясаты АҚШ-та нарық күткендегіден жоғары пайыздық мөлшерлеме мен инфляция тудыруы ықтимал. Трамптың сайлануы 1981 жылы басталып, 35 жылға созылған, экономикалық ахуалға, әлемдегі активтердің бағасына үлкен ықпал еткен дефляция мен пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі тенденциясына нүкте қойды десе болады. Алайда, инвесторлар мен саясаткерлер бұған әлі сене қойған жоқ. АҚШ Федералдық резерві комиссиясы жариялаған болжамға қарасақ, биыл мөлшерлеме 0,75 пунктке ғана өседі, ал фьючерс нарығы тек 0,5 пайызға өспек.

Трамп жұмысқа мықтап кіріскен соң Федералдық резерв ақша-несие саясатын инаугурациядан бұрын айтылғаннан да қатаңдататын сияқты. Ең бастысы, Трамптың саясаты шынайы экономикаға серпін беріп, инфляцияны, ұзақ мерзімді пайыздық мөлшерлемені арттырады, ал бұл орталық банктер бір түнде енгізе салатын пайыздық мөлшерлемеге қарағанда әлемдік экономикаға көбірек ықпалын тигізеді.

Мұндай болжам жасауға қарапайым негіздер бар. Трамптың салық және шығындар жоспары Конгресс Барак Обама әкімшілігіне таңған бюджетті шоғырландыру саясатын кері бағытқа бұрады, егер Трамп 2008 жылғы дағдарыстан соң енгізілген банктік реттеулерді бұзу уәдесін орындаса, онда бұдан тұрмыстық қарыздар көлемі еселеп өседі. Бұл онсыз да толық қарқынмен жұмыс істеп тұрған экономиканы одан сайын үстемелеп, инфляцияны жеделдетеді, ал протекционистік сауда тарифтері мен енгізілуі мүмкін «шекара салықтары» импорттық тауарлардың бағасын тіпті аспандатып жібереді.